Тауарды таңбалау тұтынушыға да тиімді

8857

Сатылымдағы тауарды таңбалау – Қазақстандағы цифрлық экономиканы дамытудың маңызды бағыттардың бірі.  

Тауарды таңбалау тұтынушыға да тиімді

Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың артықшылығы көп. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бірқатар бұйым мен өнімді міндетті таңбалауды енгізгені белгілі. Сарапшылардың айтуынша, тауарларды таңбалау көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, нарықтағы заңсыз өнімнің айналымын қысқартады.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры Бақытгүл Қазақпаева ОКҚ алаңында өткен брифингте таңбалау жүйесі мемлекетке ғана емес, бизнес пен тұтынушыға да тиімді екенін жеткізді. Айталық, тауар таңбаланса, оның елімізге жеткізілу тізбегін бақылап, қайдан шыққаны, кім өндіргені, қандай жолмен сақталғаны туралы барлық ақпаратты білуге мүмкіндік туады.

"Тауар айналымы кезінде цифрлық код ілеспе құжаттардың бәрінде көрсетіледі, соның арқасында өндіруші кез келген уақытта тауардың қолдануға рұқсат құжатын, жарамдылық мерзімін, басқа да мәліметтерді көре алады", – дейді Бақытгүл Қазақбаева.

Бизнес өкілдері таңбалау коды арқылы Just in time (дәл мерзімінде) жұмыс қағидатын енгізу есебінен шығындарды қысқартып, нарықтағы заңсыз өнімді алмастыру арқылы пайданы арттыра алады. Сондай-ақ, контрафактілік тауар айналымының жолы кесіліп, адал бәсекелестік ауқымы кеңейеді. Ал тұтынушы сапалы әрі заңды тауарларды сатып алуға қол жеткізеді. Тиісті органдарға ресми тіркелмеген, тексеруден өтпеген тауарлар адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті екенін ескерсек, осы тұрғыдан тұтынушының ұтары көп болмақ.

"Тауарды таңбалау өнімдердің заңсыз айналымын қысқартады және көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, халықты қауіпсіз әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуге жол ашады", – дейді Бақытгүл Қазақпаева.

Тауарларды цифрлы таңбалау – әлем елдерінде бұрыннан қолға алынған жүйе. АҚШ, ЕО елдері, Бразилия, Қытай сияқты мемлекеттердің тәжірибесі таңбалауды енгізудің тиімді жағы көп екенін көрсеткен. Айталық, Еуропалық одақ елдерінде цифрлық қадағалау жүйесі 5 жыл ішінде контрабандалық өнім айналымын 30%-ға төмендеткен. Америка Құрама Штаттарында дәрі-дәрмектерді таңбалау өнімді қайтарып алу процесін 3 күннен 10 секундқа дейін жылдамдатуға мүмкіндік берген.

Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2016 жылдан қазіргі уақытқа дейін бақылау және қадағалау арқылы ішкі айналымнан 30 млрд теңгеден астам сомаға контрафактілік тауар анықталған. Ал өнім таңбаланса, тауарлардың заңсыз айналымы едәуір төмендетіледі деген болжам бар. Өйткені тауар таңбаланған кезде қойылатын цифрлық код – қолдан жасау мүмкін емес тауар паспорты. Ол тауардың барлық жолын –  өндірген зауыттан бастап, тұтынушыға жеткізілгенге дейінгі кезеңді бақылауға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 3 наурыздағы №95 қаулысына сәйкес, "Қазақтелеком" АҚ тауарларды таңбалау бойынша бірыңғай оператор болып айқындалған. Бірыңғай оператор уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, төрт тауар тобы бойынша пилоттық жоба жүргізуді қолға алған. Оның біріншісі –алкоголь өнімін таңбалау. Осыған байланысты қанатқақты жоба 2019 жылдың 1 маусымында басталған. Алкоголь өнімі бойынша міндетті таңбалауды енгізудің жоспарланған күні – 2021 жылдың 1 сәуірі.

Ал аяқ киім тауарларына кодты енгізудің жоспарланған күні - 2021 жылдың 1 шілдесі болса, дәрілік заттарды таңбалау 2022 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Бұған қоса, сүт өнімдері де таңбалау жүйесіне енгізіліп, міндетті таңбалау  2022 жылдың 1 қаңтарына жоспарланып отыр.

ОКК өткен брифингте темекі өнімдерін таңбалаудың қанатқақты жобасына тоқталған "Қазақтелеком" АҚ Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева бұл жоба бизнес өкілдермен келісе отырып жасалғанын және 2018 жылдың 1 қазанынан 2020 жылдың 31 наурызына дейін екі жыл бойы жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, пилоттық жоба шеңберінде тауарларды таңбалаудың ақпараттық жүйесі және темекі өнімдерін таңбалауда қолданылатын тәсілдердің дұрыстығы тексерілген. Сондай-ақ, қолданыстағы қағаз акциздік маркасын электрондық кодқа ауыстыру жүйесі де тәжірибеден мүдіріссіз өткен.

Қымбат Нұрғали


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу