Елбасы: Тәуелсіздіктен қымбат құндылық, егемендіктен асқан байлық жоқ

1649

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөз сөйледі.  

Елбасы: Тәуелсіздіктен қымбат құндылық, егемендіктен асқан байлық жоқ

Қымбатты отандастар!

Ардақты ағайын!

Қадірлі халқым!

Ең асыл құндылығымыз – қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдық торқалы тойымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізге мазмұнды баяндамаңыз бен менің ел басқарған кездегі еңбегіме берген аса жоғары бағаңыз үшін зор ризашылық білдіремін.

* * *

Тұңғыш Президент ретінде күн-түн демей елдің тағдыр-талайын ойлап, туған халқыммен бірге тынымсыз тер төккен, толассыз уайым кешкен кездердің әр сәті менің жадымда өшпестей жазулы.

"Ақ түйенің қарны жарылған" ақжолтай күн, азаттық алған шағымыз дәл кешегідей көз алдымда.

Егемен еліміздің дербес дәуірі, салтанатты сапары сол тарихи оқиғадан басталған еді.

Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған арман ақиқатқа айналды.

Тәңірге тәубе, көздегеніміз бен көксегенімізге жеттік!

Көктен тілегеніміз бен көптен күткеніміз болды.

Кеткен есеміздің, шеккен зардабымыз бен кемшін-кемісіміздің орны толды.

Әруақ қолдады, әділет орнады: 

"Мың өліп, мың тірілген" қасиетті халқымыз қайта түледі.

Мыңжылдықтар тоғысар тұста байырғы мемлекеттігіміз қайта жаңғырды.

* * *

Отыз жылда еліміз тұтас ғасырға татитын ұлы жолдан өтті.

Осы тарихи кезеңде біз бағындырған белестер – Тәуелсіздік дәуірінің бір-бір бедерлі биігі деуге лайық.

Барлығын түйіндей келгенде, ең басты жетістігіміз – біз Қазақстанды әлем мойындаған мемлекет ретінде қалыптастырып, еңселі елге айналдырдық.

Бүгінде жаһан жұртшылығы Қазақ жерін – бейбіт мекен, Қазақ елін – мәртебелі мемлекет, сенімді серіктес ретінде таниды.

Мұндай беделге тек рухы күшті, жұдырықтай жұмылған бірлігі бекем халық қана ие бола алады.

Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымағы жарасқан жұртымыздың үлкен-кішісіне сол үшін шынайы алғысымды арнағым келеді.

Осы орайлы сәтте, азаттық алудың ауыр жүгін бірге көтеріскен алдыңғы-кейінгі серіктеріме де арнайы рахмет айтамын.

* * *

Таяуда "Тәуелсіздік тағылымы" атты мақалам жарық көргенін білесіздер.

Ондағы елім деп еміренуден, Тәуелсіздік деп тебіренуден туған өзекжарды ойларым мен тарихи оқиғаларды қайталаудың қажеті жоқ шығар. 

Тек алмағайып заманда азулы мен тістінің, күшті менен сұстының олжасы болып кетуден оңай нәрсе жоқ екенін ғана еске салып өткім келеді.

Сондықтан жаһандану жалынына жұтылып кетпей, ұлттық жаңғырудың негізін бірлесе нықтауымыз қажет.

* * *

Осыдан отыз жыл бұрын Тұңғыш Президент ретінде қызметіме кірісер алдындағы салтанатта маған халқымыздың абыз ақсақалы Шәкір Әбенов дана бабалар дәстүрімен:

Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте,

Ел тізгінін нық ұстар сен емес пе?!

Халқың сүйген перзенті бол дейтұғын,

Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?! – деп ақ батасын берген болатын.

Батаға қоса халықтың келешекке деген үміті мен арман-тілегін жеткізіп, аманат жүктегені әлі есімде.

Өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойы мен халқымның сенімінен шығуға бар күш-жігерімді жұмсап, саналы ғұмырымды ел игілігі үшін аянбай қызмет етуге арнадым.

Еңбегім ақталды деп ойлаймын.

Отанымыз Қазақстан Республикасы Орталық Азияның көшін бастап, ТМД елдерінің төріне жайғасты.

Алпауыт елдермен үзеңгі қағыстырып, озық мемлекеттермен тең дәрежеде ынтымақтастық орнатты.

* * *

Жыр алыбы атанған бабамыз Жамбыл Жабаев кезінде: "Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым", – депті ғой.

Бүгінде еңбегімді елеген ел-жұртым мені өзінің атына ортақтастырып, "Елбасы" деген мәртебе берді.

Өз басым "Ел маған емес, керісінше мен еліме не беремін?" деумен келе жатқан адаммын.

Бұдан да кейін, ақырғы деміме дейін туған елімнің тыныс-тіршілігіне алаңдаумен өтерім анық.

* * *

Ең қиын да күрделі шешімдер қабылдар сәттерде мен әрдайым қалың еліме, қара орман халқыма арқа сүйедім.

Маған әрдайым сенім артып, барлық бастамаларыма қолдау көрсеттіңіздер.

Сол үшін баршаңызға тағы да рахмет!

* * *

Біз – текті халықтың ұрпағымыз.

Ғасырлар бойы батыр бабалар ұлан байтақ жерді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге мирас етті.

Мен сол ата-бабалар аманатына әрдайым адал болдым.

 "Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер" дегендей, жұртымның жарқын болашағы үшін жанымды аямадым.

Бүгін, арада 30 жыл өткен соң, сол асқақ армандарымның орындалғанын көру – мен үшін зор бақыт.

Жеткен барлық биіктер – біздікі және бәріміздікі.

Оны ешкім де жоққа шығара алмайды.

Мен орда бұзар жасқа енді толған Қазақстанның болашақта қазіргіден де қуатты, әлемге әйгілі  мемлекеттің бірі және бірегейіне айналғанын қалаймын әрі соған сенемін.

* * *

Қазіргі күні біз алдымызға  озық 30 ел қатарына қосылу жөнінде өршіл мақсат қойып отырмыз.

"Армансыз адам – қанатсыз құс" дегендей, елімізді өркендету жолында бізге ешқашан тоқмейілсуге, тоқтап қалуға болмайды.

Жер көлемі жөнінен әлемде 9-шы орын алатын еліміз басқа да барлық бағыт бойынша болашақта озық 10  мемлекет қатарына қосылса деп армандаймын.

Ұлы мұрат жолына белін байлаған ұлтымыз, мақсаткер де жасампаз жұртымыз барда сол арманымның орындаларына сенгім келеді.

Ардақты әлеумет!

Барды бағалаған – озады, жоқты қуалаған – тозады.

Тәуелсіздіктен қымбат құндылық, егемендіктен асқан байлық жоқ.

Біз басымызға бақ болып қонған азаттықты аялай білуіміз керек.

"Тірлік басқа болса да – тілек бір, Бармақ басқа болса да – білек бір" деген атадан қалған ұлағатты сөз бар.

Тәуелсіздікті жариялап, тұрлаулы ету  біздің буынға бұйырған бақыт әрі киелі борыш болды.

Ал сол Тәуелсіздікті қорғау мен ел ырысын еселеу – келер ұрпаққа, жастарымызға асыл парыз әрі аманат.

Заманауи біліммен қаруланған бүгінгі жас толқын Тәуелсіздіктің жаңа жылнамасын жазып жатыр.

Қазіргідей аумалы-төкпелі уақытта бәрін тек білім, ғылым, таудай талап пен табанды ізденіс арқылы ғана толық игеріп, бекем бағындыруға болады.

Осы орайда, мен тәуелсіздік ұрпақтарына – жастарға зор үміт артамын және ақ батамды беремін.

Құрметті қазақстандықтар!

Бізге алдағы уақытта бейбітшілікті жақтайтын саясатымыз бен халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы игі әрекеттерімізді жалғастыра беру керек.

Көпшілік халықтың қолдауымен ресми жоғары билік тізгінін қолына алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінде стратегиялық бағдарымызды лайықты жалғастырып, елді тиімді басқарып келеді.   

Елі еріне сенген, ері еліне сүйенген жоралы жұртымыздың ертеңі бұдан да жарқын боларына күмәнім жоқ.

* * *

Ынтымақ пен бірлікті ту еткен ел кез келген тар жол, тайғақ кешуден сүрінбей өтетіні анық.

Оны отыз жылда өзгеге де, өзімізге де даусыз дәлелдедік.

Ендеше, елдіктің алтын арқауындай ұлттық ауызбірлігімізді ардақтап, Тәуелсіздікті  көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Сондықтан әрдайым тұғырымыз – тыныштық, тілегіміз татулық болуға тиіс.

Қымбатты отандастар!

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – жасампаз Қазақстан тарихының жаңа бір белесі.

Еліміз мәңгілікке бағыт ұстаған ұзақ жолдың әлі де басында деп санаймын.

Ұлт болып аттанған сол ұлы жолдағы алысты көздеген сапарымыз сәтті болсын!

Баршамызды бабалар аруағы қолдап, халқымызды бейбітшілік пен берекеден айырмасын.

ХХІ ғасыр Қазақстанның "алтын ғасырына" айналсын.

Тәу етер киеміз – Тәуелсіздік жасасын!

Егемендігіміз баянды, елдігіміз мәңгі болсын!

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу