Елтаңба, Ту және Әнұран мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі болып саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жалпы, біздің мемлекеттік нышандарымыз Қазақстанды күллі әлемге бейбітшіктің, татулықтың символы ретінде дәріптеп жатыр десек, еш қателеспейміз. Көк туымыз халықаралық ареналарда, спорт жарыстарында, әлемдегі алпауыт ұйымдардың төрінде Тәуелсіз Қазақстанның атын таныта түсті. Әлбетте, айбынымызды асырған Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, келер ұрпаққа аманат ету жолында еш аянбаған жөн.
Көк байрақ – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңба – азаттықтың айшықты көрінісі. Әнұран – еркіндік пен елдіктің үні. Міне, осы Тәуелсіздіктің үш символы халқымызға ерекше рух беретіндей. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатып келеді.
– Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Бабаларымыз "Туыңды тік ұста!" деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш, – деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жас ұрпақтың Мемлекеттік рәміздер туралы білімін тереңдету, олардың тарихи маңызы мен құндылығын түсіндіру, елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыру өте маңызды саналады. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектептерде оқушылардың ұлттық құндылықтарға құрметін арттырып, азаматтық жауапкершілік пен елжандылық қасиеттерін нығайту жұмыстары жалғасуда. Иә, патриоттық сезім осылай қалыптасады. Бүгінде балабақша тәрбиеленушілері Әнұранымызды жатқа соғады. Мұның өзі – түсіне білгенге үлкен олжа.