Тәуелсіздіктің 32 жылында өңдеу өнеркәсібі дамуға ден қойды

1406

Ғасыр ортасына қарай ел экономикасы құрылымдық өзгеріске ұшырауы мүмкін.    

Тәуелсіздіктің 32 жылында өңдеу өнеркәсібі дамуға ден қойды Фото: inbusiness.kz

Тәуелсіздіктің 32 жылында өңдеу өнеркәсібі дамуға ден қойды. Келесі 32 жылда, яғни ғасыр ортасына қарай ел экономикасы құрылымдық өзгеріске ұшырауы мүмкін.  

Биылғы қаңтар-қараша айларында ел экономикасы 4,9% ғана өсті. Дегенмен, ел Үкіметі болашаққа үлкен оптимизммен қарап, алдағы жылдары экономикалық өсу қарқын алады деп болжауда. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, 2024 жылы ЖІӨ нақты өсуі 5,3% құрайды деп жорамалданып отыр. Одан кейін 2026-2028 жылдары 6% дейін өседі.

Номиналды ЖІӨ көлемі 2024 жылғы 135 триллион теңгеден 2028 жылы 218 триллион теңгеге дейін өседі. Бұған өңдеу саласының екпінді дамуы сүбелі үлес қосуға тиіс.

"Экономиканың барлық базалық салаларында оң динамика күтілуде. Шикізаттық емес сектор болжамды өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналады. Өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 2024–2028 жылдары 4 % құрайды. Ал өңдеу өнеркәсібі орта есеппен 4,9 % деңгейінде өседі. Яғни, өңдеу секторы өзге салалардан, соның ішінде тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан озып кетеді", – деп жарқын болжамын бөлісті еліміздің бас экономисі.

Бұл экспортқа да серпін бермек. Қазақстанның жаһандық нарықтарға өткізетін өнімдерінен валюталық түсім 2024 жылғы 83,1 млрд доллардан 2028 жылы 94,8 миллиард долларға дейін ұлғаяды деп тұспалдануда.

Жалпы, алдағы үш жылда мемлекет экономиканың нақты секторын дамытуға 2,9 триллион теңге бағыттамақ. Өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобаларды қаржыландыруға 120 миллиард теңге жұмсалады.

Қазақстан 2010 жылдардан бері Индустрияландырудың 2 бесжылдығын өткізді. Ел басшылығы 2019 жылы "Екінші бесжылдықтың" мерзімінен бұрын аяқталғанын мәлімдеп, Үкіметке Индустрияландырудың 6 жылдан тұратын үшінші кезеңін іске қосуды тапсырды. Бірақ биліктің бұл жоспары іске аспай қалды: алдымен араға пандемия және "коронакризис" килікті, одан кейін елде Қанды қаңтар оқиғасы болды.

Үкіметтің ресми дерегінше, Индустрияландыру жылдарында Қазақстанда 500-ден астам жаңа өнеркәсіптік жоба іске қосылып, оларға шамамен 5 триллион теңге инвестиция құйылыпты. Жаңа кәсіпорындар 70 миллиард доллардың өнімін шетелге экспорттаған. Әрине, бірінші Президент тікелей эфирдегі "Телекөпір" арқылы ашқан зауыт-кәсіпорындардың біразы кейін өнімін өткізуге нарық таппай, тауарына ел ішінде сұраныс болмай, жұмысын жалғастыруға арзан кредит ала алмай, ақыры жабылып тынды.

Әйтсе де, аман қалғандарының өзі экономиканың орнықтылануына ықпал етті. FinReview сарапшыларының мәліметінше, Индустрияландыру жылдарында өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 3,5 есе өсіпті. Мысалы, осы арқылы металлургиядағы өңдеу өнімдерінің өндірісі 2,2 есе артты. Сала бұрынғыдай шикізат өндірісімен шектелмей, дайын бұйымдар шығаруға қайта бағдарланды. Енді Қазақстанда құбырлар, алюминий профилдері, дискілер, басқасы шығарылады.

Республика бұрын елде болмаған 500-ден астам жаңа өнімнің өндірісін игерді. Оның арасында жеңіл және жүк көліктерін құрастыру, автобустар жасау (тікұшақтар жасау кәсіпорны жабылып қалды), сондай-ақ жолаушылар вагондары, электровоздар, рельстер, рентген аппаратурасы, трансформаторлар, түрлі дәрілік препараттар бар. Сыртқы нарықтарда да бәсекеге қабілетті отандық тауарларды – ет, сүт өнімдерін, сусындарды, кондитерлік тағамдарды, балмұздақты және басқасын жасау көлемі артты.

Әсіресе, 2015–2019  жылдар арасын қамтыған екінші бесжылдықты билік өңдеу өнеркәсібіне бағдарлауға тырысты. Бұл кезде әлемді және Қазақстанды 2014–2016 жылдардағы дағдарыс толқыны жапқан еді. Мемлекет өңдеу секторының басымдықты 14 саласын таңдап алып, мемқолдаудың негізгі құралдарын соларға арнады.

Нәтижесінде, ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,8%-ға жетті. Қарқынды дамушы елдерде бұл үлес 20%-дан 35%-ға дейін барады. Яғни, Қазақстан үшін әзірге тіпті дамушы елдердің биігі де алыс.  

Дамыған елдерде жалпы өндіріс көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің еншісі 90%-ға дейін барады. Ал республикамызда қырық пайыздың ар жақ-бер жағында құбылуда.  

Алда жағдай жақсы жаққа қарай өзгереді деген үміт бар.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев өңдеу өнеркәсібін дамыту бұдан былай мүлдем басқаша жүргізілетінін мәлімдеді. Осы мақсатта биыл Үкімет салаға талдау жүргізіп, еліміздің әр саладағы бәсекелі артықшылықтарын және халықаралық нарықтан алуға болатын ықтимал орындарын анықтаған.

Нәтижесінде, "Қазақстан қандай өңдеу өнеркәсібі өнімдерін шетелден көп импорттаса, сол бағыттарды дамытуға баса көңіл бөлген жөн" деген ұйғарымға келіпті. Импорталмастыру бағдарламалары да соған бағытталады.

Атап айтқанда, 2022 жылдың қорытындысында еліміз шетелден 47,2 миллиард доллардың өнімін импорттады. Биылғы жыл қорытындысында бұл сома 60 миллиардтан асуы мүмкін. Сонда республикамыз шетелден нені тасиды?

Былтырғы импорттың жартысына жуығы, яғни 20 миллиард доллары – машина жасау саласына тиесілі. Химиялық өнеркәсіптің еншісінде – 4,5 миллиард доллар, тамақ өнеркәсібі – 3,8 миллиард доллар, қара металлургия – 2,8 миллиард доллар және сол сияқты кете береді.

Олардың бәрін болмағанымен, көбін қазақстандық балама өніммен алмастыруға болады екен. Міне, бұл – отандық өңдеу өнеркәсібінің дамуына қажетті әлеует болып табылады.

"Өңдеу өнеркәсібі бірінші кезекте ішкі нарықтың шетелдік тауарларға деген қажеттіліктерін өтеуге бағытталуға тиіс. Сонымен бір мезгілде экспорттық әлеуетін де өрістете алады. Талдау нәтижелеріне сүйеніп, біз инвестициялық жобалардың пулын қалыптастырдық. Олардың бір бөлігін жүзеге асыруға инвесторлар белсене кірісіп кетті. Тағы бір бөлігі – дайындық сатысында тұр", – деді министр Қанат Бисимбайұлы.

Биылғы жолдауында "Жаңа экономикалық бағдарды" жариялаған ел Президенті Үкіметке "ел тағдыры үшін айрықша мәні бар жобаларды жүзеге асыруды" жүктеді. Қ.Тоқаевтың пайымдауынша, "қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету". Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға мемлекет баса мән бермек.

Мемлекет басшысы Үкіметке қандай бағыттарға назар аудару керектігін де түсіндіріп берді: металды терең өңдеу, мұнай-газ химиясы, көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер, тыңайтқыш шығару сияқты бағыттар басымдық болады.

Басқаша айтқанда, Қазақстан "жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құруды" қолға алады.

"Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет. Біз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз!", – деп нықтады Қ.Тоқаев.

Ел мен Президент сенімін ақтау үшін Смайыловтың биыл жаңарған Үкіметі бұл жоспарды асыра орындауға ниетті.

"Біз күш-жігерімізді Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға, соның ішінде ірі инвестжобалардың тізімін түзуге жұмылдырамыз. Бұл жобалар жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құруға мүмкіндік береді және таяу уақытта елдің негізгі өнеркәсіптік каркасына, ұстынына айналады. Ірі жобалар пулына іріктеу үшін біздің министрлік алдын ала шамамен 20 жобаны ұсынды. Олар металдарды терең өңдеуді, ауыр машина жасау саласын өркендетуді, автокомпоненттерді өз елімізде шығаруды, тыңайтқыштар өндіруді және басқасын қамтиды", – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.

Мысалы, қара металлургияда бір жобаға – ыстық брикеттелген темір өндірісіне 920 миллиард теңге инвестиция құйылады деп жоспарланған. Ыстық брикеттелген темір – соңғы 25 жылда ойлап табылған жаңа өнім: ол болат құюшы зауыттардың электр және домна пештерінде шойын мен метал сынықтарын ауыстыратын қосымша шикізат. Бұл материалды болатқа не темірге қосса, метал жоғары температураларға барынша төзімді болады, деформациялар мен зақымданулардан сақтайды. Яғни, "болашақтың материалы" десе келеді.

Кәсіпорын қолданысқа берілсе, онда республика темір рудасын шетелге шикізат түрінде арзанға сата бермей, оны өңделген өнім түрінде қымбатырақ өткізе алады. Оның үстіне отандық болат құюшы кәсіпорындарды да осы өніммен қамти алады.

Тағы бір ірі жоба – "арнайы мақсаттағы болаттар өндірісі бойынша электрометаллургиялық кәсіпорын". Оған инвестор 260 миллион доллар инвестиция салуы мүмкін. Дайын өнімнің 80% еліміздің өз ішінде тұтынылады. Мәселен, теміржол машина жасау және теміржол құрауыштары өндірісі соған зәру. Бұл зауыттың шикізаты – әлгінде айтылған ыстық брикеттелген темір болмақ. Яғни, қос жоба бір-біріне тәуелді.  

Түсті металлургияда Үкімет мыс балқытушы жаңа зауытты салудың қамына кірісіпті. Жобаны іске асыру құны 600 миллиард теңгеге түспек. Оның арқасында елімізде белгілі корпорация өндіріп, шетелге қалпымен шикізат түрінде жолдап жатқан мысымыздың жылына 300 мың тоннасы "катодты мысқа" дейін толық өңделетін болады. Өнімнің басым бөлігі экспортқа шығарылмақ.

Айтпақшы, министрдің түсіндіруінше, аталған кәсіпорын мыс кенін өңдеу барысында оның құрамынан шетелге тегіннен тегін кетіп жатқан алтын мен күкірт қышқылын бөліп алады. Осылайша, зауыт ішкі нарыққа алтын құймаларын сата алады.

"Дәл осы жобаны жүзеге асырса, Қазақстан әлемдегі ірі мыс өндірушілерінің жаһандық бестігіне кіреді. Алдымызда қазіргі сала алпауыттары Қытай, Жапония, Чили мен Ресей болуы мүмкін. Теміржол машина жасау секторында швейцариялық "Stadler Rail AG" компаниясымен бірге заманауи жолаушылар вагондарын жасай бастаймыз. Бұл жерде әңгіме 100% импорталмастыру туралы болып отыр. Елімізде жылына шамамен 540 вагон шығарылады. Тізім бұл жобалармен бітпейді. Елдің қажеттіліктеріне қарай өзгеріп, толығып отырады. Қазақстан көмір химиясына, металды, алюминийді өңдеуге, басқасына көңіл бөледі", – деді Қанат Шарлапаев.

Бұл іске Сыртқы істер министрлігі де тартылуда: дипломаттар отандық өнім жаулай алатын жаһандық нарықтарды, тұтынушылар мен тапсырыс берушілерді іздеуге атсалысады. Ең бастысы, жаңа жобаларды Қазақстанда жүзеге асыруға ақшасын салатын инвесторларды табуға жәрдемдесуге тиіс.

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің мойындауынша, бұған дейін Үкімет пен әкімдер инвестор тартуда "күту позициясынан" қимылдады, енді "таргеттелген агрессивті жұмысқа кірісуі" керек.

Президент Үкіметтен ең алдымен, көп инвестиция құйылатын және жоғары технологиялы 15 жобаны жүзеге асыруды талап етіп отыр. Смайылов Үкіметі бұл мақсаттың үдесінен шыға ала ма, жоқ па, ол келесі жылы белгілі болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу