Таулы Қарабақ: ымыра жарияланғаннан кейін Әзербайжан мен армяндар келіссөз жүргізді

1141

Онда екі жақтың ортақ болашағы мен даулы анклавтағы этникалық армяндарды Әзербайжанға "реинтеграциялау" мәселесі қарастырылса керек.

Таулы Қарабақ: ымыра жарияланғаннан кейін Әзербайжан мен армяндар келіссөз жүргізді Фото: АР агенттігі

Әзербайжан бейсенбі күні Таулы Қарабақтағы этникалық армяндармен келіссөздер жүргізді. Бұл кездесу осы анклавтағы сепаратистік топтар тізе бүккеннен кейін мүмкін болып отыр.

Жүздесу Әзербайжанның Евлах қаласында ұйымдастырылған. Әзербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігі келіссөздердің аяқталғанын хабарлап отыр. Бірақ онда қандайда бір келісімнің жасалғаны немесе жасалмағаны әзірге белгісіз. Болжамдарға қарағанда, тараптар ортақ болашақ пен даулы анклавтағы этникалық армяндарды Әзербайжанға "реинтеграциялау" мәселесін қарастырса керек.

Сәрсенбі күні Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев "темірдей жұдырықтың" этникалық армян Қарабағы идеясын тарих қойнауына аттандырғанын ескертті.

Әлиевтің әскері  сепаратистердің шебін 24 сағаттық шабуылда бұзып өтті. Содан кейін Қарабақ армяндарында Бакудың шарттарын қабылдаудан басқа амал қалмады.

Армяндар Степанакерт, ал әзербайжандар Ханкенди деп атайтын Қарабақтың басты қаласында бүгін тағы атыс болғаны  туралы хабар тарап жатыр. Ал жергілікті билік Әзербайжан күштерін атысты тоқтату туралы келісімді бұзды деп айыптап, тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берген.

Әзербайжан  қорғаныс министрлігі болса, өз күштерінің Ханкендиге шабуыл жасағаны туралы хабардың "толығымен жалған" екенін мәлімдеді.

Әзербайжан ұсынған ымыра бойынша, сепаратистік армян күштері таратылып, қарусыздануы керек және де 120 мың халқы бар аймақ толығымен Әзербайжанмен біріктіріледі.

Баку атынан Евлахтағы келіссөздерде парламент депутаты Рамин Мамедов өкілдік еткен. Ал армяндар тарапынан Евлахқа танылмаған Таулы Қарабақ парламентінің депутаттары Давид Мелькумян мен Арег Авагян барды.

Әзербайжанның жылдам жеңісі – Кеңес Одағының ыдырағаннан кейін ондаған жылдарға созылған күрестің шарықтау шегі.

"Қылмыстық хунта тізе бүккеннен кейін бұл шиеленіс ошағы келмеске кетті.  Қарабақтағы армян халқы ақыры жеңіл тыныс алады. Мен мұны бұрын да айтқанмын, қазір де қайталаймын: Қарабахтағы армян халқы - біздің азаматтар", – дейді Әлиев сәрсенбінің кешіндегі телевизиялық үндеуінде Қарабақ басшылығына ызалана сөйлеп.

Әлиев "әскери қылмыскерлердің" Қарабах тұрғындарының санасын улауға әрекеттенгенін, енді бұл аймақтағы қарапайым армяндардың діни және мәдени құқықтары сақталатынын уәде берді.

Бірақ, осыған қарамастан, мыңдаған армян Степанакерт әуежайына жиналса, тағы бірталайы ресейлік бітімгер күштердің лагерлеріне қашқан.

Аймақтың тұрақсыз тарихы

Әзербайжанның бұл жеңісі – ғасырлар бойы парсылардың, түріктердің, орыстардың, османдықтар мен кеңестердің қол астында болған және армяндар мен әзербайжандар 100 жылдан астам уақыт тайталасқан Таулы Қарабақтың аласапыран тарихының жаңа бір парағы.

Армяндар Арцах деп атаған Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде негізінен мұсылмандар тұратын Әзербайжанның бөлігі ретінде танылған. Бірақ онда тұратын этникалық армян-христиандар.

Атысты тоқтату туралы келісім Арменияның Әзербайжан құрамында жеке мемлекет құру жолындағы күресінің сәтсіз аяқталғанын білдіреді.

Әзербайжан мен Армения 1917 жылы Ресей империясы құлағаннан бері Қарабаққа таласып келеді. Ал Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін осы анклав үшін тараптар екі рет соғысты.

2020 жылы Әзербайжан мұнай мен газ экспортынан түскен кірістерін пайдаланып және Түркияның қолдауына сүйеніп, Екінші Қарабақ соғысын бастады.

Сол соғыс 44 күнге созылып, Әзербайжан Қарабақ пен оның айналасындағы аудандарды қайтарып алып, жарқын жеңіске жетті.

Армения астанасы Ереванда сәрсенбі күні мыңдаған адам шеруге шығып, ел үкіметінің Қарабақты қорғай алмағанын айыптады. Сонымен қатар, олар Пашиняннан отставкаға кетуді талап етіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу