Таулы Қарабақтағы шиеленіс үлкен соғысқа ұласып кетуі мүмкін бе?

5463

Сәрсенбі күні Таулы Қарабақ төңірегінде үш сарбаз қаза тауып, Әзірбайжан мазасыз аймақтағы бірнеше стратегиялық биіктікті бақылауға алғанын хабарлады. Ал Ресей Бакуді нәзік ымыраны бұзды деп айыптаса, Еуропа одағы тараптарды "дұшпандықты дереу тоқтатуға" шақырып отыр.

Таулы Қарабақтағы шиеленіс үлкен соғысқа ұласып кетуі мүмкін бе?

Қас дұшпандар – Армения мен Әзірбайжан армяндар көп қоныстанған, алайда халықаралық заңдар бойынша Әзірбайжанға тиесілі Таулы Қарабақ аймағы үшін екі мәрте 2020-да және 1990-шы жылдары соғысты.

Екі жылға жуық уақыт бұрын Армения ондаған жылдар бойы бақылап келген аймақтың біраз бөлігінен айрылды. Ресей 2020 жылғы соғысты тоқтатқан нәзік бітімнің сақталуын бақылау үшін Таулы Қарабаққа 2 мыңға жуық бітімгер жауынгерін орналастырды. Алайда атысты доғару туралы келісімге қарамастан, мұнда шиеленіс әлі сақталып тұр.

Сәрсенбі күні Әзірбайжан бір сарбазынан айырылды. Ал армян әскері екі адамының қаза тауып, оннан астамы жараланғанын мәлімдеген соң, Қарабақта жаңа тайталас басталды.

Әзірбайжан қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, мойындалмаған Қарабақ Республикасының әскері (армяндар) Ресей бітімгершілік күштерінің бақылауындағы Лачин ауданында Әзірбайжан позицияларын нысанаға алып, армия қатарына енді шақырылған бір азаматты өлтірген.

Кейін Әзірбайжан әскері бұған жауап ретінде "Кек" атты арнайы операция жүргізіп, Қарабақтағы бірнеше стратегиялық биіктікті (төбені) бақылауға алғанын жариялады.

Өз кезегінде армяндар Әзірбайжанды атысты тоқтату келісімін бұзып, екі сарбазды өлтіріп, тағы 14-ін жаралады деп айыптап отыр, сондай-ақ мойындалмаған Қарабақ республикасында "ішінара мобилизация" жарияланған.

Армения халықаралық қауымдастықты Әзірбайжанның "агрессивтік әрекеттерін" тоқтатуға көмектесуге шақырып отыр.

"Әзірбайжан Таулы Қарабақ тұрғындарына қарсы лаңкестік саясатын жалғастырып жатыр", – деп хабарлайды Армения сыртқы істер министрлігі.

Сонымен қатар Армения Әзірбайжанды Армения мен Қарабақты байланыстыратын Лачин дәлізіне қатысты біржақты өзгерістер жасауға ұмтылды деп кінәлады.

Баку болса, 2020 жылғы келісімді алға тартып, Лачинді қайтаруды талап етіп отыр. Ал бұл қала арқылы Қарабаққа Армениядан жалғыз ғана жол өтеді. Ресей болса, Әзірбайжанды ымыраны бұзды деп айыптап, жағдайды тұрақтандыруға уәде берді.

"Атысты тоқтату режимін Әзірбайжан қарулы күштері Сарибаба биігінің айналасында орындамады. Ресей бітімгершілік күштерінің қолбасшылығы Әзірбайжан мен Армения өкілдерімен бірге жағдайды тұрақтандыру үшін шаралар қабылдап жатыр", – деп жазылған Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде.

Жаңа соғысқа бітімгер әскер кедергі

Қарабақтағы жағдай Ресей Президенті Владимир Путин сейсенбі күні Армения Премьер-Министрі Никол Пашинянмен сөйлескеннен кейін, орын алды.

Еуропа одағы болса, Қарабақтағы Әзірбайжан мен Армения күштері арасындағы "дұшпандықты дереу тоқтатуға" шақырып отыр.

"Шиеленісті тоқтатуға қол жеткізу, атысты доғару режимін толығымен құрметтеу және келіссөздер арқылы ортақ шешімдер іздеу өте маңызды. Еуропа одағы бұл дағдарысты еңсеруге көмектесуге және Оңтүстік Кавказдағы тұрақты бейбітшілік пен тұрақтылыққа бағытталған әрекеттерді жалғастыруға дайын", – деп жазылған Еуроодақтың сыртқы саясат комиссары Жозеп Боррельдің мәлімдемесінде.

Ақпаннның 24-інде Мәскеу Украинаға әскер кіргізгеннен бері оқшаулана түскен Ресей Қарабақ жанжалындағы негізгі араағайын мәртебесін жоғалта бастады.

Eurasianet басылымының Кавказ мәселелері бөлімінің редакторы "Би-би-си-ге" берген сұқбатында айтқандай, "Ресей қазір Украинамен алданып отырған шақта, Әзірбайжан бітімгер күштер алдында агрессивті әрекетке батыл барып отыр. Бірақ Әзірбайжанның бұл істе шектен шыға қоймайды".

2020 жылдың күзіндегі алты апталық шайқас 6500-ден астам адамның өмірін қиып, Ресейдің арағайындығымен атысты доғару туралы келісіммен аяқталды.

Шілде айында Әзірбайжан өз халқын армян сепаратистерінен қайтарылған жерлерге қоныстандыру процесін бастап, бұл шараны "Ұлы оралу" деп атады.

Президент Ильхам Әлиев талай рет 1990 жылдары айрылған жерлерді қайтаруға уәде берді және сол территорияларға әзербайжандардың орала бастауы – Әзірбайжан үшін символдық сәт.

Дегенмен кейбір бақылаушылардың ойынша, Таулы Қарабақта тағы да ушыққан жағдай үлкен соғысқа ұласпайды.

"Бұл соғыс болдырмайтын бірден-бір фактор – аймақта бітімгер күштердің шоғылануы. Өйткені үлкен қарулы жанжал басталса, Әзірбайжан әскерлері орыстарды өлтіруге мәжбүр болады. Ал Ресей бұған жауап бермей тұра алмайды", – дейді армениялық сарапшы Александр Искандарян.

Әзірбайжандық сарапшылардың ойынша, бұндай соғысқа армян жағының мүмкіндігі де, адами ресурстары да жоқ екен.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу