Тауықтан табыс таппақшы

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
2444

Ақмола облысында жылына 60 мың тонна бройлер өндіретін құс фабрикасы салынады.

Тауықтан табыс таппақшы

Құны 33,5 млрд теңгені құрайтын жобаны Қазақстанның Даму Банкі қаржыландырайын деп отыр.  

Ақмола облысының  Бұланды ауданында жүзеге асырылатын жобаның алғашқы кезеңі үшін жоғарыдағы қаржы институты 16,1 млрд теңгенің несие желісін ашып, 10 жыл мерзімге қарыз берді.

Айта кетейік, Макинск құс фабрикасы ЖШС-да құс өндірісіне қатысты барлық экологиялық  талап сақталады. Бұл жерде  биоқауіпсіздікке,  инкубациялық өндіріске және сүйек ұны өндірісін ілгерілетуге басымдық беріледі.

ҚДБ клиенттермен жұмыс істеу дирекциясының аға банкирі Әсел Шитенованың айтуынша, Астананың азық-түлік белдеуі аймағында орналасқан құс фабрикасы елордаға құс етін тұрақты жеткізіп тұрады.

"Заман талабына сай өндірілген құс еті бәсекеге қабілетті болады және еліміздің құс өсіру саласындағы экспорттың әлеуетін арттырады , – деді аға банкир.

Құс фабрикасы алғашқы кезде жылына тірі салмақта 30 мың тонна бройлер шығарады. Екінші кезеңде бұл көрсеткіш бірнеше еселеніп, Макинск құс фабрикасы Орта Азия аймағындағы ірі кәсіпорынға айналады.

Құс фабрикасы 2018 жылдың үшінші тоқсанында іске қосылады.  Бұл кезде бройлер өсіретін төрт алаң, он екі қора, сойылған құсты қайта өңдейтін зауыт қолданысқа беріледі.

Құс фабрикасы 2020 жылдан бастап толық қуатымен жұмыс істейтін болады. Бұл уақытта кәсіпорын жылына тірідей салмақта 60 мын тонна құс өндіреді.

Бастапқы кезде құс фабрикасының өнімі Астана, Қарағанды қалаларын қамтиды. Тауық етінің 40%-ы Астанаға, 20%-ы Қарағандыға жөнелтіледі. "Макинск құс фабрикасы өңірді салқындатылған бройлер етімен қамтитын заманауи фабрика. Қазақстан үшін бұл жаңа өнім, бірақ салқындатылған ет дүниежүзінде кеңінен тұтынылады.

Біз Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарына құс етін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл аймақтар жылына 82 мың тонна құс етін пайдаланады екен. Еліміздегі құс фабрикалары осы сұраныстың 22 мың тоннасын ғана өтеп отырған көрінеді. Біз осы олқылықтың орнын толтырып, сырттан келетін құс етінің орнын өзімізде өндірілетін құс етімен толтырғымыз келеді", – деді Макинск құс фабрикасы компаниялар тобына кіретін "Aitas" компаниялар тобының құрылтайшысы Серік Толықпаев.

Оның сөзінше, ел бойынша отандық тауық етін өндірушілер ішкі нарықтағы сұраныстың 48%-ын ғана жауып отыр.

"Біз азық-түлік нарығындағы импортты отандық өніммен алмастыруға бар күшімізді саламыз. Осы арқылы табыс табамыз және ұлттық экономиканың  дамуына үлес қосамыз. Біз шет мемлекеттен келетін құс етінің тасқынына тосқауыл қойсақ, құс етінің саудасынан түсетін табыс Қазақстанда қалады", – деп қорытты сөзін Серік Толықпаев.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу