Таяу Шығыста тағы жанжал: Бұған не түрткі?

3367

Израильдің әуе соққысынан кемінде 24 палестиналық қаза тапты. Еврей мемлекетінің Қорғаныс министрлігі қажет болған жағдайда 25 мың адамды әскерге шақыруға бұйрық берген.

Таяу Шығыста тағы жанжал: Бұған не түрткі?

Газа секторында Израиль мен палестиналық "Ислам жиһадының" содырлары сенбі күні бір-біріне оқ жаудыра бастады. Бұл – Израиль мен "Хамас" арасында өткен жылы болған 11 күндік соғыстан бергі ең сорақы трансшекаралық қақтығыс.

Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль әуе күштерінің шабуылынан 24 адам қаза тауып, 200-ден астамы жараланды. Құрбандардың алтауы – балалар. Сонымен қатар Иран қолдайтын палестиналық "Ислам жиһады" қозғалысының жоғары шенді қолбасшысы да опат болды. Израиль болса, 15 содыр ғана жан тәсілім етті дейді.

Бұл қантөгіс шабуылдар үшін күдікке іліккен палестиналықтарды ұстау операциясы барысында Батыс жағалауда "Ислам жиһадының" қолбасшыларының бірі – Тайсир Джабари ("Әбу Махмұд") өлтірілгеннен кейін басталып отыр.

Қазір палестиналық содырлар да Израильдің қалалары мен елді мекендеріне жүздеген зымыран жіберіп, ондаған мың адамның үрейін ұшырып отыр.

Аймақта қайта басталған зорлық-зомбылыққа шолу жасасақ, оның қысқаша сипаты төмендегідей:

"Хамастың" көлеңкесінде

"Ислам жиһады" – Газа секторындағы екі негізгі палестиналық содырлар тобының кішісі және оның мүшелерінің саны биліктегі ​​​​"Хамас" тобынан әлдеқайда аз. Бірақ бұл ұйым Иранның тікелей қаржылық және әскери қолдауына ие және де ол Израильге зымырандық шабуылдар жасауда және басқа да қақтығыстарда қозғаушы күшке айналып отыр.

2007 жылы Газа секторын Палестинаның халықаралық тұрғыдан мойындалған әкімшілігінен тартып алған "Хамастың" әрекет ету мүмкіндігі жиі шектеледі, өйткені ол кедейленген аумақтың күнделікті шаруаларын жүргізуге жауапты. "Ислам жиһадында" мұндай міндеттер жоқ және ол "Хамастың" беделіне нұқсан келтіретін неғұрлым жауынгер фракцияға айнала бастаған.

"Ислам жиһады" 1981 жылы Батыс жағалауда, Газада және қазіргі Израильдің барлық аумағында ислами Палестина мемлекетін орнату мақсатымен құрылды. Оны АҚШ Мемлекеттік департаменті, Еуропа одағы және басқа да үкіметтер террористік ұйым деп таныды. "Хамас" сияқты "Ислам жиһады" да Израильді жоюға ант берген.

Иранмен байланыс

Израильдің қас дұшпаны Иран "Ислам жиһадын" дайындықпен, тәжірибемен және ақшамен қамтамасыз етіп келеді. Бірақ бұл топтың қару-жарақтарының көпшілігі жергілікті шеберханаларда жасалады. Соңғы жылдары "Ислам жиһады" "Хамаспен" тең көлемде арсенал әзірлеп, Израильдің орталық Тель-Авив мегаполисіне соққы бере алатын ұзақ қашықтыққа арналған зымыранға да қол жеткізді. Жұма күні Тель-Авивтің оңтүстігінде сиреналар іске қосылды. Дегенмен ол ауданға снаряд тимеген сияқты.

Базасы Газада орналасқанымен, "Ислам жиһадының" басшылығы – Бейрут пен Дамаскіде. Ол жетекшілер Иран үкіметімен тығыз байланыста.

Израиль жұма күні Газада әскери операция бастаған кезде топ лидерлерінің бірі Зиад әл-Нахала Тегеранда ирандық шенеуніктермен кездесу өткізіп жатты.

Командирлерді көздеу

Израиль Газада "Ислам жиһады" жетекшілерін бірінші рет өлтіріп отырған жоқ. Жұма күні қастандықтан қаза тапқан қолбасшы Тайсир Джабари 2019 жылы Израиль мерт қылған Бахаа Әбу әл-Аттаның орнын басқан еді. Израиль 2014 жылы Газа секторындағы соғыс кезінде "Ислам жиһадының" беделді лидерлерінің бірін жойды. Джабаридің өлімі – содан бергі ең үлкен қастандық.

50 жастағы Джабари "Ислам жиһады" ұйымының Газадағы шешім қабылдайтын органы – "әскери кеңесінің" мүшесі болған. Ол 2021 жылғы әскери жанжал барысында Газа қаласы мен Газа секторының солтүстігінде "Ислам жиһады" содырларының әрекеттеріне жауапты болды. Марқұм Израильге танкіге қарсы зымыранмен шабуыл жасауға әзірленіп жүрді деген мәлімет бар.

Джабари осы аптаның басында Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауында "Ислам жиһадының" жоғары лауазымды қолбасшысын тұтқындағаннан кейін өлтіріліп отыр. 62 жастағы Бассам әл-Саади – "Ислам жиһадының" Батыс жағалаудың солтүстігіндегі жоғары лауазымды қызметкері. Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, әл-Саади "Ислам жиһадының" Батыс жағалаудағы ықпалын күшейту және мүмкіндіктерін кеңейту үшін жұмыс істеген.

әл-Саади топтың белсенді мүшесі болғаны үшін Израиль түрмелеріне бірнеше рет қамалып, жалпы алғанда 15 жыл отырған. Израиль 2002 жылы оның "Ислам жиһадына" өткен екі ұлын өлтіріп, кескілескен шайқаста Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Дженин қаласындағы үйін қиратты.

"Командирлерге соққы берсеңіз, барлық ұйымға бірден әсер етіп, "Жиһадты" үлкен бей-берекетсіздікке душар етесіз", – дейді Израиль әскери әуе қорғаныс күштерінің бұрынғы басшысы Звика Хаймович.

Нәзік тепе-теңдік

2007 жылы билікті басып алғаннан бері "Хамас" Израильмен төрт рет соғысты. Сол қақтығыстарда оны көбінесе "Ислам жиһадының" жауынгерлері қолдады. Аймақтағы жағдай өткен жылғы 11 күндік соғыстан бері тыныш болды және "Хамас" қазіргі жанжалдың шеттеп қалған сияқты. Демек Таяу Шығыстағы жаңа шиеленіс үлкен соғысқа ұласпайды деген үміт бар.

"Ислам жиһадының" мүшелері "Хамас" еврей мемлекетімен ымыраны сақтап тұрса да, палестиналықтар арасында беделін арттыру мақсатында зымыран атып, сол үшін мойнына жауапкершілік алмай отыр. Ал Израиль Газадан жасалған ракеталық шабуылдар үшін "Хамас" жауапты деп санайды.

"Хамас" қозғалысы бір жағынан "Ислам жиһадының" Израильге шабуылдарын ауыздықтауы керек, ал екіншіден ол палестиналықтарды ызаландырмау үшін "жиһадшыларға" тойтарыс беруден бас тартуға міндетті. Қысқасы "хамастықтар" осындай нәзік тепе-теңдікті ұстап тұруға мәжбүр. Бұрынғы қақтығыстардағыдай, "Хамас" осы жолы да шайқастардың қаншаға созылатыны және олардың қаншалықты қатал болатыны жайлы соңғы сөзді айтады деген болжам бар.

Уақытша жетекші

Қазіргі шайқас Израиль ұзақ саяси дағдарысқа ұшырап, сайлаушылар биыл күзде соңғы төрт жылдағы бесінші сайлауға барайын деп отырғанда басталды.

Уақытша жетекші Яир Лапид жаздың басында өзі құруға көмектескен, бірақ идеологиялық тұрғыдан біркелкі емес үкімет құлап, жаңа сайлауға жол ашылғаннан кейін билікке келді.

Лапид – бұрынғы тележүргізуші және автор, центрист. Алайда оған көптеген израильдіктер басшыға өте керек қауіпсіздік саласында тәжірибе жетіспейді деп есептейді. Лапидтің саяси тағдыры қазіргі шайқастарға тәуелді. Бұл жанжалда ол қабілетін байқатса, үлкен қолдауға ие болады. Ал әскери операция ұзаққа созылып кетсе, Лапидтің рейтингі зардап шегуі мүмкін.

Лапид алдағы сайлауда жемқорлық үшін айыпталып, сотталып жатқан әрі қауіпсіздік саласының сұңқары атанған бұрынғы премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды ұтудан үмітті.

 

 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу