Таяу Шығыста жаңа майдан басталды

Мұндай ақпаратты хуситтер қозғалысының қарулы күштерінің ресми өкілі Яхья Сари хабарлады. 

Таяу Шығыста жаңа майдан басталды Фото: AP Photo

Осылайша, Йемендегі "Ансар Алла" (хуситтер) қозғалысы Сауд Арабиясына қарсы теңіз блокадасын енгізетінін мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Оның сөзінше, шешім бірден күшіне еніп отыр. Хуситтер мұны "Сауд Арабиясы Йеменге қарсы теңіз, әуе және экономикалық блокаданы жалғастырып отыр" деген уәжбен түсіндірген. 

– Йемен Қарулы күштері "көзге – көз" қағидаты негізінде Сауд Арабиясына қарсы теңіз блодкаданы жариялайды. Бұл шешім мәлімдеме жарияланған сәттен бастап күшіне енеді, – деді Яхья Сари.

Мәлімдемеде қозғалыс блокадаға – блокадамен, кез келген шиеленіске – шиеленіспен жауап беретіні атап өтілген.

Сонымен қатар, хуситтер кез келген жағдайдан тайынбайтынын ескертіп, өз жақтастарын жалпы жұмылдыруды жалғастыруға шақырған. 

Кейіннен қозғалыс өкілі Абдул Салам Салах жарияланған блокаданың мақсаты Сауд Арабиясын Йеменнің әуежайлары мен теңіз порттарына қойылған барлық шектеуді толық алып тастауға, елге өзінің табиғи ресурстарын еркін пайдалануға мүмкіндік беруге және қозғалыстың ұсталған жақтастарын босатуға мәжбүрлеу екенін айтты.

Әзірше Сауд Арабиясы хуситтердің мәлімдемесіне ресми жауап бермеді.

Сарапшылардың сөзінше, егер Баб әл-Мандеб бұғазы жабылса, Сауд Арабиясының Азия елдеріне мұнай жеткізуі тоқтайды, әлемдік мұнай ұсынысы шамамен 7 пайызға қысқаруы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу