Таяу Шығыста жаңа соғыс басталуға жақын

792

Ливан-Израиль шекарасындағы ахуал ушығып барады. "Хезболла" мен Израильге не жетпей жатыр?

Таяу Шығыста жаңа соғыс басталуға жақын Фото: AP

Өткен аптада Израиль мен Ливандағы "Хезболла" арасындағы бір жылға жуық қақтығыстың тіпті шиеленіскені байқалды. Алдымен, екі күн бойы пейджерлер мен рациялар жарылды. Одан Ливанда бейбіт тұрғындар да жарақаттанды.

"Хезболла" жетекшісі жауап қайтаруға уәде берді және жұма күні оның содырлары Израильдің солтүстігіне зымыран жаудырды.

Жексенбінің таңында трансшекаралық шабуылдар күшейді. "Хезболла" Израильдің солтүстігіне 100-ден астам ракета жіберді. Олардың біразы Хайфа қаласының маңына түскен. Көп кешікпей Израиль Ливанға аспаннан жүздеген соққы берді.

Кейбір сарапшылардың ойынша, бұл оқиғалардың барлығы Израиль мен ираншыл "Хезболла" арасындағы ауқымды соғыстың алғышарттары болуы мүмкін. Бұл жағдай Газадағы соғыстан онсыз да теңселген аймақтағы ахуалды одан әрі тұрақсыздандыруы ғажап емес.

Соңғы соққылар қалай жасалды?

Жұма күні Израиль әуе күштері Бейруттың оңтүстігіндегі биік ғимаратты құлатты. Бұл ауданда "Хезболла" жасақтары көп шоғырланған. Авиациялық соққыдан 45 адам қаза тауып, 60-тан астамы жараланды. Израильге сенсек, құрбандардың ішінде "Хезболланың" элиталық бөлімшесі "Радванның" қолбасшысы Ибрахим Акил да бар. Ол Израильдің солтүстігіне дрондық, зымырандық шабуылдарға жетекшілік еткен.

Сейсенбі-сәрсенбі күндері Ливанда негізінен "Хезболла" мүшелері қолданатын пейджерлер мен рациялар жарылып, 37 адам қаза тауып, 3 мыңдайы жараланды. Ал жексенбінің түнінде "Хезболла" Израильге ракета жаудырса, Израиль Ливанға әуеден соққы берді. Бас-аяғы алты адам қаза тапқан.

Шекарадағы жағдай қандай?

Жұма күні "Хезболла" кек алу үшін Израильдің солтүстігіне 140 ракета жіберді. Ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл – былтыр қазанның 7-де Газа секторында соғыс басталғаннан кейін "Хезболла" мен Израиль арасында үдей түскен өзара қақтығыстың жалғасы еді.

Күзден бері екі жақтың бір-біріне шабуылдарынан Ливанда 600 адам, Израильде 50 жауынгер мен бейбіт тұрғын жан тәсілім етіпті. Екі елде шекара маңынан жүздеген мың адам көшірілген.

"Хезболла" лидері Хасан Насыралла мәлімдегендей, Израильге шабуылдар "Хамасты" қолдау мақсатында жасалып жатыр. Ал Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант ескерткендей, ЦАХАЛ армиясы "соғыстың жаңа фазасына" кірісті. Демек, Израиль басты назарды енді Газадан солтүстіктегі "Хезболламен" күреске аударып отыр.

Израильдің жоспары не?

Израильдің ресми өкілдері "Хезболлаға" қарсы кең ауқымды әскери операция басталғанын ресми түрде жариялаған жоқ. Дегенмен, өткен аптада жергілікті ақпарат құралдары "Солтүстік" қолбасшылығының Ливанда құрлықтық операция жүргізуге жақтас екенін хабарлады.

Болжамдарға қарағанда, Израиль осы жолы Ливанның оңтүстігін басып алып, онда буферлік зона құруды көздеп отырса керек. Сондағы мақсаты – "Хезболланы" өз шекарасынан алшақтатып, Израильдің солтүстігінде "Хезболланың" зымырандық шабуылдарын тоқтату. Бірақ Израильдің ливандық территорияны ұстап тұру әрекеті екі жақты ұзақ әрі жойқын соғысқа киліктіруі мүмкін.

Кең ауқымды соғыстың зардабы қандай болуы мүмкін?

Бұл шайқастың зардабы 2006 жылғы соғыстан да ауыр болуы мүмкін. Сол кезде Ливанның оңтүстігі мен Бейруттың бір бөлігі жермен-жексен болып, "Хезболланың" жүздеген мүшесі мен 1100-дей бейбіт ливандық мерт болды. Ал Израиль 120-дан астам сарбаз жоғалтып, жүздегені жараланды. Сонымен қатар, "Хезболла" Израильдің қалаларын ракеталармен атқылап, талай тұрғын ауруханаға түсті.

Израильдің есебінше, қазір "Хезболланың" қолында 150 мыңдай ракета бар. Олардың кейбірі көздеген жеріне дәлдеп тиеді. Сол үшін Израиль әуе қорғанысын күшейтіп жатыр. Бірақ зымыран көптеп жаудырылса, жаңа соғыста еврей мемлекеті толық қорғана ала ма? Бұл жағы әзірге белгісіз.

Не десек те, жаңа майдан ашылса, Израиль Ливанның оңтүстігін шайқас алаңына айналдырып, араб елін тура Газаны қиратқандай күйретуге уәде беріп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу