Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты 26 наурыз күні Қатарда өтуі тиіс болған Испания мен Аргентина құрамалары арасындағы Финалиссима матчы кейінге қалдырылды. Бұл туралы УЕФА ресми түрде хабарлады.
Ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, қазіргі саяси және қауіпсіздік жағдайына байланысты Қатарда матч өткізу мүмкін болмай отыр.
Еуропа чемпионы Испания құрамасы Америка кубогының жеңімпазы Аргентинамен кездесуі керек еді. Дегенмен Дохада жоспарланған ойын тоқтатылғаннан кейін УЕФА балама нұсқаларды қарастырды.
Атап айтқанда, матчты Мадридтегі "Сантьяго Бернабеу" стадионында өткізу немесе екі ойыннан тұратын формат ұйымдастыру (бірі Мадридте, екіншісі Буэнос-Айресте) ұсынылған. Алайда Аргентина футбол қауымдастығы бұл ұсыныстарды қабылдамаған.
УЕФА мәліметінше, Аргентина тарапы матчты әлем чемпионатынан кейінгі кезеңге ауыстыруды ұсынған. Бірақ Испания құрамасының ойын кестесінде бос күндер болмаған.
Испания футбол федерациясы матчты кез келген форматта өткізуге дайын болғанын мәлімдеді.
"Испания ойынды өткізуге дайын болды. Біз ешқандай шарт қойған жоқпыз және УЕФА-мен бірге барлық мүмкін нұсқаларды қарастырдық", – делінген федерация хабарламасында.
Айта кетейік, Финалиссима 4 жылда бір рет Еуропа чемпионаты мен Америка кубогының жеңімпаздары арасында өтеді. Соңғы рет бұл матч 2022 жылы Лондондағы "Уэмбли" стадионында ұйымдастырылып, онда Аргентина құрамасы Италияны 3:0 есебімен жеңген еді.
Бұған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан аймақта бірқатар ірі спорттық іс-шаралар кейінге шегеріліп немесе мүлде тоқтатылған болатын. Мысалы, Азия футбол конфедерациясы (AFC) Батыс аймақта өтетін Азия чемпиондар лигасының матчтарын кейінге қалдырды.
Сонымен қатар, "Формула-1" жарысының күнтізбесінен Бахрейн мен Сауд Арабиясында өтуі тиіс Гран-при кезеңдері де алынып тасталды.