Таяу Шығыстағы қақтығыстың Қазақстанға пайдасы бар болып шықты

198

Таяу Шығыстан тағы тыныштық кеткенін жаһан жұрты жақсы біледі. 

Таяу Шығыстағы қақтығыстың Қазақстанға пайдасы бар болып шықты Фото: canva

Бұл қақтығыстардың әлемдік экономикаға әсер етіп бастағаны рас. Қазір көптеген халықтар жанармай бағасына алаңдай бастады. Ал осы оқиғалар Қазақстанға қай жағынан әсер етуі мүмкін?  

18 наурыз түнде АҚШ Израильмен келісіп, Иран мен Катар арасындағы "Оңтүстік Парс" газ орнына соққы жасады. Бірнеше өндіріс нысандары зақымдалды. Негізі аталған кен орны әлемдегі ең ірі газ конденсаты саналады.

Сайып келгенде, осы секілді шабуылдар әлемдік энергетикалық нарық үшін күрделі болып тұр. Әсіресе, Ормуз бұғазы маңындағы жағдай ерекше алаңдайтын хәлде. Жаһандық мұнайдың 20 пайызы тасымалданатын бұл араны Иран бөгеп тастады.

Соның әсерінен міне, кейінгі екі аптада мұнай бағасы өсіп жатыр. Сарапшылар баррелі 150 долларға жететінін болжауда. Әзірге 100 доллардан асты. Ендігі мәселе – бензин мен дизель құны өспек.

Бұл алаңдаушылыққа бірінші болып АҚШ жұртының өзі ұрынды. Қазір елде жанармай бағасы 2 есеге жуық өсті. Нарық заңдылығына сай, жанармай қымбаттаған жерде азық-түлік пен қызмет түрлерінің де бағасы құбылады. Түбінде кәсіпорындарға қысым түседі. Америкалықтар Трампқа артқан үміті осылайша желге ұшуы мүмкін.

Көп өтпей кәрі құрлықтағы жағдай да құбыла бастады. Бұл елдерде де жанармай бағасы 15-20 пайызға қымбаттаған. Тіпті, шетелдерге арзан жанармай іздеп барып, сабылып жатқандар бар. Басқа елдер керісінше бағаны көтермеу үшін шектеу енгізуге әзірленіп отыр.

Енді осы тұста сұрақ туындайды: "Қазақстан не істеуі мүмкін?". Елімізде биыл 1 сәуірге дейін жанармай құнын көтермеуге мораторий енгізілген. Одан кейінгі кезеңдерде баға өсуі мүмкін екенін болжаған сарапшылар болды. Алайда Энергетика министрлігі бағаның лезде өсуіне мүмкіндік бермейтін позициясын әр кез жеткізіп отыр.

Айтпақшы, осы тұста Қазақстандағы жанармай әлем елдерімен салыстырғанда біршама арзан саналатынын айта кеткен жөн. Бізде орта есеппен бір литр сұйық отын 0,509 доллар шамасында тұр.

Дегенмен Таяу Шығыстағы жағдайдың әсері Қазақстанға жағымды тұсынан да көрініс табуы мүмкін. Экономист Сапарбай Жобаев бұны екі тұстан бағалады.

– Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал әлемдегі мұнай нарығына тікелей әсер етіп отыр. Мұнайдың бір баррелі 100 доллардан асып тұр. Бірақ қазір біз бұған дейін жасалған форвардтық және фьючерстік келісімшарт негізінде 70-80 доллардан сатып жатырмыз. Ендігі келісімшарттарда баға жоғарылайды. Ол кезде қазақстандық мұнай компанияларының, Ұлттық қордың табысы көбейеді. Яғни, бюджетке қосымша қаражат түсуіне оңай жол ашпақ. Бірақ негізгі мақсат – Ұлттық қор табысын 100 млрд долларға жеткізу. Бұл – бір, – дейді сарапшы.

Сапарбай Жобаевтың пікірінше, екінші тиімділік инвесторлардан болмақ. Өйткені инвесторлардың көбі осындай кезеңде шулы аймақтардан шығып, тыныш аймақтарға инвестиция құяды. Яғни, екінші тұстан Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жақсаруы мүмкін.

– Біз оны да пайдаланып қалуымыз керек. Бірақ Қазақстан мұнайдан түсетін табысты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен инфрақұрылымдық жобаларға жұмсауы тиіс. Бюджеттің қаржысын тиімді пайдалану үшін, үлкен экономикалық кәсіпкерлік жобаларды бюджет емес, бизнесмендер қаржыландырғаны абзал, – дейді С.Жобаев.

Бірақ мәселелер де жоқ емес. Сарапшы елімізге Араб мемлекеттері де инвестиция құйып жүргенін, шиеленіске байланысты солардың біразы тоқтап тұруы ықтимал екенін еске салды. Оның үстіне, Иран – Каспийдің арғы бетіндегі көршіміз. Екіжақты сауда жақсы өсіп келе жатты. Тауар айналымын 1 млрд долларға жеткіземіз деп әрекеттендік.

– Мұнай нарығын сөз еткенде Ресейдің рөлін де айтуымыз керек. Еуропалық елдердің санкциясынан кейін олар мұнай бағасын қолдан арзандатты. Енді олар осы кезеңді пайдаланып, сәл жоғары бағамен сатуы мүмкін. Соның өзі Ресей бюджетінің табысын көбейтеді. Яғни, Ресейдің Украинамен қақтығысына бөлетін қаржысы да еселенеді, – деп түйіндеді Сапарбай Жобаев.

Сонымен, әлем дүрліккен тұста Қазақстан мәселенің "артын бағып" отырған секілді. Мұнай құнының өскені жақсы-ақ, дегенмен қақтығыстар басқа қырынан зиянын тигізуі мүмкін. Ал жанармай жақын арада Қазақстанда да қымбаттайды деп топшылауға әзірге негіз жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу