Таяу Шығыстағы соғыс қайта басталды

3333

Бірақ Израильдің өз жауынгерлерін үйлеріне қайтара бастауы біраз жайттан хабар береді.

Таяу Шығыстағы соғыс қайта басталды Фото: www.nytimes.com

Израиль бүкіл Газа секторына оқ пен бомба жаудырып жатыр. Oл бұған Хамасты айыптады.

"Хамас оперативті үзілісті бұзды. Бұған қоса ол Израиль территориясын атқылады. Сондықтан Газа секторында әскери іс-қимылдарды қайта бастадық", – деп хабарлады Израиль.

Соның қарсаңында Газа аумағынан Израильге атылған зымырандар жойылған. Шекарада орналасқан Сдерот қаласында, іргелес аудандарда дабылдатқыштар іске қосылды.

Бірақ ол зымыранды кім атқаны белгісіз. Газа аумағын қазіргі кезде Израильдің өз әскері ен жайлаған.

Қалай болғанда, 1 желтоқсанның таңынан бастап, яғни алты күнге созылған үзілістен соң, Израиль Газа өңірін үстемелете соққылауын жалғастырды. Оның үстіне атысты тоқтатуды израильдік қоғам теріс қабылдады, қатаң сынға алды.

Мысалы, саясаткерлер, сарапшылар израильдік армияның лаңкестердің тоннелдерін жаруды доғарғанына наразылық білдірді. Олар Хамаспен арадағы кепіл алмасу келісімі мұны тоқтатуды қарастырмағанына, мәміле тек тұрғын аудандарын авиациялық, артиллериялық соққыларды тоқтату туралы болғанына назар аудартты.

Енді израильдік артиллерия мен әскери ұшақтар Газа аумағын да, орталық қаласын да аяусыз соққылап жатыр. Халықаралық ақпарат құралдары ондаған бейбіт тұрғынның қаза тапқанын жазуда.

Атыста үзіліс жасалғанда, тіпті мектептер де шәкірттеріне есігін ашыпты. Өлкеге бейбіт өмір оралатындай көрінген. 1 желтоқсаннан бастап, Газа аумағында оқу қызметіне қайта тыйым салынды.

Адамдардың бір жерде жиналуына да шектеу қойылды. Ашық жерде 10 адамнан көп жиналуға рұқсат етілмейді. Ғимаратта 50 адамнан аспауы шарт. Артық болса, Израиль оларды жау санап, дереу соққы береді. Жағажайлар да тегіс жабылды. Жуынуға, шомылуға қатаң тыйым салынды.

Хамас лидерінің орынбасары Халил әл-Хия "Әл-Жазира" телеарнасына сұхбатында өзінің ұйымы кепілдерді босату туралы келіссөздерді атқылау астында жалғастырмайтынын мәлімдеді.

"Біз ізгілік ниеттен бейбіт тұрғындарды, әйелдерді, балаларды босатуға келіскен едік. Бірақ әскери іс-қимылдар қайта жалғасқанда, дұшпанның тұтқынға түскен солдаттарын босату туралы ымыраға келе алмаймыз. Біз Шалит мәмілесі аясында босатылып, артынша қайта тұтқындалғандардың барлығы бостандыққа жіберілгенін талап етеміз", – деді ол.

Хамас Израильге тұтқын алмасуға қатысты бірнеше ұсыныс беріпті. Халил әл-Хияның айтуынша, Израильдің түрмесінде отырып қартайған палестиналық тұтқындарды Хамас қолындағы егде жастағы кепілдерге айырбастау ұсынылыпты. Израильдік тарап одан бас тартқан.  

Өз кезегінде жауласушы тараптар арасында араағайын болып жүрген Қатардың Сыртқы істер министрлігі атысты тоқтатуды ұзарту жөнінде Израиль мен Хамас арасындағы келіссөздер әлі де болса жалғасып жатқанын хабарлады.

Қатар бейбіт халықты қыруды айыптады және Израиль Газа секторын бомбалау арқылы бітім туралы келіссөздерге залал келтіріп жатқанына назар аудартты. Бұл ретте Доха атысты доғаруға, Газаға гуманитарлық жүктерді жіберуге шақырды.

BBC арнасына сұхбатында оның Хамастағы дереккөзі тіпті бомбалаудың қайта жанданғанына қарамастан, қарсыластар арасындағы келіссөздер одан ары жалғасып жатқанын растады.

Тағы бір тосын жайт назар аудартады: ұрысты қайта бастағанына қарамастан, Израиль соғысқа шұғыл алынған резервистерді біртіндеп үйлеріне таратуда. Израиль қолбасшылығы тиісті шешім қабылдапты.

Өйткені ер-азаматтардың, әсіресе, білікті мамандардың жаппай әскерге алынуы экономикаға соққы болды. Түрлі салаларда кадр тапшылығы ушықты.

Inbusiness.kz бұдан бұрын соғыстың, азаматтардың армияға алынуының израильдік экономикаға соққы жасағанын сараптап жазды.

Израиль баспасөз қызметінің түсіндіруінше, ұрыс қимылдары ұзаққа созылатын болғандықтан, бірақ бүгінде оның қарқыны төмендегендіктен резервистерді бірте-бірте үйлеріне қайтару қажеттігі жөнінде шешім қабылданған.

Бұл да атыстың алда тоқтайтынынан үміт береді.

Майдан даласында, ұрыс қимылдарына тікелей қатысып жатпаған резервистер ішінара демобилизацияланады. Резервистерді тағы бір бөлігі – күту режимінде отырғандары үйлерінде қалады. Оларға жұмысына оралуға рұқсат етіледі.

Израиль осы аптада жалпы саны 81 кепілін кері оралта алды. Хамас қолында тағы 137 кепіл қалды. Оның 17-сі – әйелдер мен балалар.

Әзірге түні бойы жүрген келіссөздер нәтижесінде, азаттыққа жіберілетін кепілдердің бірде-бір тізімі бекітілмеді. Израиль тарапы кепілдерді босатудың тоқтатылғанын да атыстың қайта басталуының бір себебі ретінде атады.

Ендеше қалған кепілдерге қатысты тараптар ымыраға келсе, соғыста қайтадан үзіліс болуы мүмкін.

Алайда Израиль кепілдердің барлығы немесе ең құрығанда басым көпшілігі азат етілсе, онда Хамасты түбірімен, түбегейлі жоюға белсене кірісетінін жариялады.

Олай болса, палестиналық радикалды қозғалысты жер бетінен мүлдем жойылып кетуден тек кепілдер құтқарып тұрғанға ұқсайды. Хамасты кепілдерді босатуды доғарып, "құнды ресурсын" уысынан тез шығарғысы келмей отыруының бір себебі де сонда жатса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу