Таяу Шығыстағы соғыста Хамас жалғыз қалды. Араб елдері аяқ тартты

3768

Израильдің Палестина аумағына шапқыншылығы жалғасуда.

Таяу Шығыстағы соғыста Хамас жалғыз қалды. Араб елдері аяқ тартты Фото: newsweek.com

29-шы күнге кеткен бұл қарулы қақтығысты Хамас "Әл-Ақса дауылы", Израиль болса, "Темір қылыштар" деп атады. Бірақ әрине, екі жақтың күші тең емес. Израиль әскерінің саны хамастықтардан он есе көп. Оның үстіне соңғыларда бірде бір әскери ұшағы жоқ, ал оның қарсыласы Израиль ең қуатты, ең озық авиациямен, артиллериямен, әскери кемелермен, бронды техникалармен мұздай қаруланған.

Бірақ бұл жағдай өзгеріп кетуі мүмкін еді. Себебі, израильдік билік пен сарапшылар соғысқа Хезболла араласады деп қауіптенді. Себебі Иран қолдайтын бұл радикалды топтың қашыққа ұратын заманауи зымырандары да, сауытты техникалары да, соққылаушы дрондары да бар.

Сондықтан Израиль жұртшылығы кеше радикалды топтың бас хатшысы Хасан Насралланың бағдарламалық сөзін іштен тына, тіксіне күтті. Израильдік басылымдардың жазуынша, ол еврейлерге қарсы соғыс жариялауы мүмкін. Онда шекаралас кибуцтар ғана емес, Тель-Авивтің өзі үстемелеткен зымырандық соққының астында қалу қаупі болды. Израиль әскері ең жоғарғы жауынгерлік даярлыққа келтірілді.

Алайда сарапшылардың байламынша, кешегі күн Израильге толыққанды түрде екі майданда қатар соғыс салуға тура келмейтініне деген үмітін нығайтты. Өйткені Израиль жағы үрейлене күткен үндеуден Хезболланың Хамас үшін басын бәске тігетіні байқалмады. Бұл қырғынға ресми Тегеран да араласпайтынға ұқсайды. Насралла 7 қазандағы Израильге шапқыншылыққа Иранның еш қатысы жоқтығын бір емес, бірнеше рет қайталады.

Әскери сарапшылар бұдан радикалды топтың эскалация жасап, Израильмен тайталасты жаңа деңгейге шығармай, оны қазіргі қалпында қалдыру талабын байқады. Ақпарат құралдары Хасан Насралланың қынадай қырылып жатқан палестиналықтарға "сабыр сақтаңыздар" деген сөзін цитатаға таратып әкетті. Хезболла соғысқа белсене араласқысы келсе, шыдам танытуға, демек басқа түскенге көнуге үндемес еді.

Хезболланың бас хатшысы Хасан Насралланың Газа секторындағы және Таяу Шығыстағы ахуал туралы бағдарламалық мәлімдемесі көрші Ливан астанасы Бейрутта, Ирак астанасы Бағдадта және Иран астанасы Тегеранда үлкен экрандардан трансляцияланды. Оны көруге қарақұрым халықтың қалың нөпірі жиналды.

Сөз басында бас хатшы Насралла қарсыласуды қолдаған Латын Америкасынан бастап, Йеменге дейінгі барлық елдерге алғысын жеткізді. Содан соң "7 қазандағы Израильге шабуыл Иранның тапсырысымен жасалды" деген көп таралған қауесетті жоққа шығаруға кірісті.

"7 қазандағы шапқыншылық 100 пайыз палестиналық шешім болды және оған басқа ешкімнің қатысы жоқ. Хамастың оперативті қолбасшылығы оны "қарсыласу белдеуі" бойынша барлық одақтастарынан, тіпті палестиналық өзге топтардан жасырып қалды. Бірақ бұл жасырын іс үшін біздің ешқайсымыз өкпелеген, ашуға булыққан жоқпыз. Тұтқиылдан тап беру операцияның үлкен табысқа жетуіне жол салды", – деген пікір білдірді Хасан Насралла.

rus.delfi.ee

Оның байламынша, палестиналықтардың барлық проблемасы, соның ішінде Палестина аумағында израильдік қоныстардың қаптап кетуі, Әл-Ақса мешітінде сыйынып, ғибадат жасағысы келген жамағаттың соған жіберілмеуі, ондаған мың палестиналықтардың израильдік түрмелердің қапасында қайғы шегуі, Палестинаның бір бөлігі болып табылатын Газа аумағының бұғатталуы және басқасы – "бүгінде Израильдегі билікке төтенше қатыгез үкіметтің келуінің кесірі".

Насралла 7 қазандағы қырғынға "ақылсыз қадамдардан айнымай отырған Израильдің қазіргі билігін" кінәлады. Оның мәлімдеуінше, "Әл-Ақса тасқыны" операциясының басты мақсаты – оккупацияланған Палестинаның мәселесін көтеріп, оны халықаралық күн тәртібіндегі №1 проблемаға айналдыру" болған. Оның ойынша, Таяу Шығыс енді ешқашан бұрынғыдай болмайды.

Хезболланың жетекшісі Израильді "орнықсыз бірлестік" деп атады және оның Америкадан қару сұратуын бетіне басты. Бұл "израильдік режимнің әлсіздігін білдіреді".

Атап өтетін жайт, Хезболланың бас хатшысы Хасан Насралланың мәлімдемесін израильдік басылымдар да жариялап, толыққанды таратты. Насралланың әрбір сөзін салмақтап, абайлап сөйлегені аңғарылды. Ол өзге радикалдар сияқты мұсылман жамағатын Израиль мемлекетін жоюға, жаһандық жаугершілікке шақырған жоқ. Тек Хамастың талаптарын қабылдамай, Израильдің өз кепілдерін босата алмайтынын жеткізді. Израильдің бомбалауы салдарынан Газа секторында мыңдаған баланың қаза тапқанына қайғырды. Оның мәліметінше, Газа секторының жеңісін Иран, Мысыр, Иордания, Ливан және Сирия тілеп отыр. 

Осы елдердің және Израильдің жұртшылығы Хасан Насралланың мәлімдемесінен басты сұраққа жауап күткен. Хезболла немесе Ливан кең ауқымды соғысқа кірісуге дайын ба?

"Жұрт айтады: Насралла бүгін Хезболла соғыс бастағанын жариялайды деп. Бірақ біз бұл шайқасқа 17 мехрда (Иран күнтізбесінің жетінші айы, 7 қазанға сәйкес келеді) кірдік. Біз тек шекаралық операциялармен шектелмейміз. Израиль мен Ливан арасында шекара бойында болып жатқан оқиғалар зор маңызға ие. Израильдік армияның үштен бірі Ливан шекарасына жұмылдырылуда. Израильдің әскери теңіз күштерінің жартысы Ливан жанына шоғырланды. Израильдің әскери әуе күштерінің төрттен бірі Ливанға бағдарланып тұр. Хезболла Ливанмен шекарадағы израильдік әскери базаларға күн сайын қашықтан шабуылдауда. Дұшпан абай болсын: соғыстың ауқымы кеңеюі мүмкін. Егер сендер Ливанға басып кірсеңдер, өз тарихтарыңдағы ең ұлы ақымақтық, қате жасаған боласыңдар", – деумен шектелді Насралла.

Мұны естіп, Израиль тарапы жеңіл бір күрсінді. Бұл "Хезболланың" әзірге шекарадан танкке қарсы снарядтарды ұшырумен шектелетінін білдірсе керек. 

Айтпақшы, ливандық радикалды топтың бас хатшысы араб елдерінен "Израильге қарсы ешқандай іс-қимылдар бастамауды қиыла сұраған" хабарламалар алып жатқандарын жеткізді. Хезболла Израильге шапқыншылықтан аяқ тартады, бірақ кең ауқымды соғысқа әзір отырады.  

Хасан Насралла Америкаға жұдырық түйіп қойды.

Дегенмен, нашар қаруланған палестиналықтарға сабырлылық туралы кеңестің қаншалықты орынды екені белгісіз. Газа секторында хамастықтардың әскери нысандарының, бекіністерінің бірінен соң бірін жермен-жексен етіп жатқан Израиль оның орталығы Газа қаласын қоршауға алғанын жариялады.

АҚШ Газаға қатысты Хезболланың ұстанымы алғаш рет жарияланған бағдарламалық үндеуге үн қатты.

АҚШ Президенті жанындағы Ұлттық қауіпсіздік кеңесі өз мәлімдемесінде Хезболланың да Израиль мен Хамас арасындағы қақтығысқа араласпауы керектігін ескертті.

"АҚШ қақтығыстың Ливанға таралғанын қаламайды", – делінген Ақ үй мәлімдемесінде.

Премьер-министр Биньямин Нетанияху да Хезболланы ағат, қате қадам жасаудан "сақтандырды".

"Өздерің де қателеспеңдер. Қате сендерге де, Ливанға да тым қымбатқа түседі. Оның салдары қандай болатынын тіпті көзге елестете алмайсыңдар. Бұл соғыстағы Израильдің жеңісі айқын, әрі даусыз болады. Бұл жеңіс кейінгі ұрпақтарымыздың жүрегінің төрінен орын алады. Израильді күйреткісі келетіндердің бәрі жеңіліс табады", – деді Нетаньяху.

gazetametro.ru

Осылайша, тараптар бір біріне қоқан-лоққы жасап, доқ көрсетумен шектелді.

"Насралланың бағдарламалық сөзіне қатысты көптеген сарапшылар ортақ тоқтамға келді. Хезболла да, Иран да Хамас үшін тәуекелге барғысы келмейді. Қорыта айтқанда, Хезболла бас хатшысының ұзақ сөзінен: "Соғысты бізсіз бастаған екенсіңдер, оны бізсіз аяқтаңдар" деген жалпы жолдауды ұғынуға болады", – деп жазады израильдік Detaly басылымы.

Дегенмен, Газадағы соғыс ұзаған сайын Израиль Батыстағы одақтастарынан айрыла бастауы ғажап емес. Американың 58 сенаторы мен конгрессмені АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенге хат жолдап, одан Израильге қысым жасауды және оны атысты тоқтатып, "гуманитарлық үзіліс" жасауға көндіруді сұрады. Бұл хат туралы 4 қараша түнінде белгілі болды. Үндеуге қосылған сенаторлар мен конгрессмендердің барлығы – Демократиялық партия өкілдері. Олардың айтуынша, Газа секторындағы бейбіт халықты аман сақтау, гумкөмек көрсету, күйреген тұрғын үйлер үйінділерінің астында жатқандарды құтқаруға тырысу үшін Израиль атысын доғаруға тиіс.

Әзірге Израиль қырғынға тосқауыл қою туралы үндерге құлақ аспады. Себебі, гуманитарлық үзілістер жауына қайта топтасуға, күшін қалпына келтіруге мүмкіндік береді деп санайды. Бүгінде Газа секторының солтүстік бөлігін өзге аумағынан қиып тастаған Израиль енді жолындағысын жойып, оңтүстікке ентелей еніп барады. Жердегі операция барысында израилдік армия хамастықтардың жерасты тоннелдерін, желдету шахталарын, құдықтарын істен шығаруға күш салуда. Бұл туралы 4 қарашада Израиль баспасөз қызметі хабарлады.

Израиль Газа секторының солтүстігінің бүкіл территориясында жан-жақты бақылау орнату шараларын жүзеге асыруда. Кешегі күннің кешінде және бүгінгі түнде хамастықтардың тоннелдерден, шахталардан, арнайы жабдықталған атыс позицияларынан израильдік әскерилерге тұтқиылдан тап беруінің көптеген талаптары тіркелген. Олардың бәрін израилдік армия аясыз басып, жаншыды, қарсыласының қару қоймаларын қолына көшіріп, тоннельдердің кіреберісін бақылауға алды.  

Израильдік ақпарат құралдары Израильдің әскери шығындары туралы егжей-тегжейлі айтпайтынына назар аудартады. Кеше мерт болған 13 жауынгерінің тізімін жариялауға рұқсат еткен.

АҚШ Президенті Джо Байден әкімшілігіндегі биік лауазымды дереккөзіне жүгініп, CNN хабарлауынша, таяу күндері Израиль Газа секторын әуеден соққылау қарқынын төмендетеді. Америка соған иліктіруге тырысып жатыр. Себебі, әуе соққылары кесірінен тұрғындар көп қырылуда.

news.myseldon.com

Мысалы, кеше Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі ауруханадан шығып, Мысыр шекарасына бет алған "Қызыл жарты ай" ұйымының жедел жәрдемдер көліктерінің колоннасына Израильдің әуеден соққы беріп, жарып жібергенін хабарлады. Салдарынан ондаған адам жан тапсырды. Бұдан бөлек израильдік әскер "Әл-Қудс" ауруханасына кіреберісте тағы бір жедел жәрдем көлігін әуеден соққылап, жарған.

Байден әкімшілігі Израильден тактикасын өзгертуді, авиасоққыларды азайтуды, оның орнына жердегі операцияға және тоннельдерде тығылған содырларды іздеуге күш шоғырландыруды сұрап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу