Таяу Шығыстағы текетірес: Иран мен Израиль шиеленісі қашан тоқтайды?

288

Иран мен Израильдің арасындағы қақтығыс әлі басылар емес.  

Таяу Шығыстағы текетірес: Иран мен Израиль шиеленісі қашан тоқтайды? Фото: Tv Musavat

Ахуал күннен күнге ушығып, қос тарап бір-біріне сес көрсетуін тоқтатпай тұр. Төрткүл дүниенің назары осы мәселеге ауды десек артық айтпағанымыз. Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа қалай әсер етуі мүмкін? Бұл қақтығыстың халықаралық деңгейге ұласу қаупі бар ма? Осы тақырып төңірегінде Таяу Шығыс мәселелері жөніндегі сарапшы Ақмарал Баталованың пікірін білдік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа қалай әсер етуі мүмкін?

Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері Таяу Шығыстағы қандай да бір тұрақтылық туралы айту қиын. 1926 жылы Ұлыбританияның Палестинада "еврей халқы үшін ұлттық үй" құруға уәде еткен Балфур декларациясы жарияланды. Сионистік қозғалыстың дербес ел құру туралы идеясы тек Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, яғни 1948 жылы жүзеге асты. Содан бері, 1947 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған № 181 (II) қарарына сәйкес, араб және еврей мемлекеттерін құру туралы айтылғанымен, Палестина мемлекеті әлі күнге дейін құрылмады.

Израиль мемлекеті БҰҰ шешіміне қарамастан, осы жылдар ішінде еврей қоныстарын салу арқылы өз аумағын кеңейтіп келеді. Израильдің тоқсаусыз заңсыз оккупациясы Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың ғана емес, басқа да қарулы шиеленістің негізгі себебі болып отыр.

Меніңше, палестиналықтарға қатысты әділеттілік қалпына келмейінше, аймақта ғана емес, бүкіл әлемде де тұрақтылық болады деп күту қиын. Бейбітшілікке бастар жол Иерусалимнен басталады. Бұл Израильдің астанасы емес. БҰҰ-ның № 181 қарарына сәйкес, бұл қала үш авраамдық діннің рухани орталығы болып саналатын, ерекше халықаралық мәртебеге ие қарусыздандырылған жеке аумақ ретінде танылған.

Бұл қақтығыстың халықаралық деңгейге ұласу қаупі бар ма? АҚШ-тың араласуы жағдайды одан әрі ушықтыра ма?

Барлық сарапшылар Израиль мен Иран арасындағы аймақтық шиеленістің әлемдік ядролық соғысқа ұласу қаупі бар екенін ескертіп жатыр. Ал ядролық қаруды бірінші болып кім қолдануы мүмкін? Нақты деректерге жүгінсек. Израильдің Негев шөліндегі Димона қаласында ядролық орталық бар, әрі ядролық қаруға ие. Дегенмен, Израиль ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойған жоқ әрі МАГАТЭ комиссиясын өз нысандарына жолатпайды.

Иранның ядролық қаруы жоқ, ол бұл шартқа қатысушы мемлекет болып саналады және соңғы кезге дейін Атом агенттігінің комиссиясы Ирандағы ядролық нысандарда уранның байыту деңгейін тұрақты тексерді.

2025 жылдың наурыз айының соңында АҚШ Ұлттық барлау қызметінің директоры Тулси Габбард Вашингтондағы Сенаттың барлау комитетінің тыңдауларында сөз сөйлеп, Иран ядролық қару жасап жатқан жоқ деп мәлімдеді.

Сондықтан да, мәселе Иранда ядролық қарудың болу не болмауында емес. Ол болмаса да, басқа нәрсе ойлап табар еді. Мәселен, Ирактағыдай "жаппай қырып-жою қаруы" немесе Сириядағыдай "өз халқына қарсы химиялық шабуылдар" дегендей.

Израильдің шабуылдары саяси әрі психологиялық сипатқа да ие. Өйткені  Тегеранның орталығындағы үкіметтік резиденциялар орналасқан аудан зардап шекті. Трамп пен Нетаньяху аятолла Әли Хаменеи бастаған Иранның жоғарғы басшылығын физикалық түрде жою туралы қауіп-қатерлер туралы айтып жатыр. Демек, қазіргі билікті құлатып, орнына Израильге қауіп төндірмейтін, Батысқа неғұрлым жақын зайырлы режим орнату Израиль мен АҚШ-тың шынайы мақсаты екенін байқауға болады.

Ресей, Түркия, АҚШ сияқты елдер сыртқы саясатта бейтарап ұстанымды сақтай ала ма, әлде бір тарапты қолдауға мәжбүр бола ма?

Аталған елдердің бәрі де осы қақтығысқа байланысты бейтарап ұстанымда екенін жариялап, халықаралық құқық нормаларын бұзуға болмайтыны туралы жалпылама мәлімдемелер жасауы мүмкін. Бірақ та, әрқайсысының ұлттық мүдделері оларды нақты әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Израиль – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы саясатының құралы. Еврей сарапшылары айтқандай, "Израиль – аймақ үшін Американың шоқпары".

Иран – Ресейдің стратегиялық серіктесі, ол Еуразиялық экономикалық одаққа кіруге ниетті. Ресей үшін бұл мемлекет "Солтүстік – Оңтүстік" көлік дәлізінің маңызды бөлігі. Сондай-ақ, Тегеран Кремльді НАТО-ға қарсы Украинадағы соғыста қолдап отыр.

Иран Қытайдың да стратегиялық серіктес елі. Бұл мемлекет Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше. Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасы үшін Иран – Парсы шығанағы бағытындағы маңызды энергетикалық әрі логистикалық торап. Ал Израиль – бұған балама бағыттың (IMEC) негізгі бөлігі. Иран – Қытайға ең ірі мұнай жеткізуші елдердің бірі. Сәйкесінше, Израильдің Иранға жасаған шабуылы өңірлік қана емес, геосаяси мақсатты да көздеп отыр. Яғни, Қытайды энергия көздерінен айыру арқылы оның экономикасы мен ықпалын әлсірету.

Түркия күрделі жағдайда тұр. Бір жағынан, ол Израильдің ең ірі экономикалық серіктесінің бірі, НАТО мүшесі, әскери базасы Инджирлик қаласында орналасқан. Екіншіден, Анкара өзін түркі және ислам әлемінің көшбасшысы ретінде көрсеткісі келеді.

Күні кеше АҚШ Иранға бірнеше бомба тастады. Фордо, Натанзе мен Исфахандағы ядролық нысандар соққы астында қалды. АҚШ Конгресінде де қазір бұл мәселе жіті талқыланып жатыр. Себебі бірнеше конгрессмен Трамп жеке өзі қарарды бергенін дұрыс емес екенін айтып жатыр. Мұндай ауқымды шешімді АҚШ президенті жеке өзі қабылдай алмайды, бұл мәселе Конгресстің талқылауынан өтуі тиіс болатын. Трамптың Иранның ядролық нысандарын бомбымен атқылап бастауы АҚШ-тың Иранға қарсы соғысқа қатысуын білдіреді. Осыған дейін олар әскери әрекеттерде осылай ашық қатысқан жоқ. Ал енді олар соғысқа тікелей араласып отыр. Бұл әлемдік ядролық соғыс қаупіне әкелуі мүмкін. Бұл бүкіл өңірдегі жағдайдың толықтай тұрақсыздануына әкелуі мүмкін.

  • Таяу Шығыстағы жағдай Орталық Азия елдеріне қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылық тұрғысынан қандай әсер етуі мүмкін? Иранмен шекаралас Түрікменстан, сондай-ақ Каспий аймағындағы ынтымақтастық жобаларына қандай қауіп төніп тұр?

Таяу Шығыстағы үлкен соғыс көршілес аймақтардың барлығына теріс әсерін тигізеді. Бұл Ирандағы ядролық нысандардан радиация тарауынан бастап, Ормұз бұғазының жабылуына, әлемдік теңіз тасымалының бұғатталуына және әлемдік экономикалық дағдарысқа дейін әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда Түркия, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азияға миллиондаған босқынның бас сауғалауы да мүмкін. Олардың барлығы бейбіт тұрғындар болмауы да ықтимал.

Айта кету керек, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Таяу Шығыстағы ахуал ел экономикасына қалай әсер ететінін айтқанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу