Таяу Шығыстағы уақытша бітім: геосаяси шиеленіс пен Қазақстанның бітімгерлік рөлі

90

Таяу Шығыстағы күрделі геосаяси жағдай халықаралық қауымдастықтың басты назарында қалып отыр. 

Таяу Шығыстағы уақытша бітім: геосаяси шиеленіс пен Қазақстанның бітімгерлік рөлі Фото: Жеке мұрағаттан

Соңғы уақытта қол жеткізілген уақытша атысты тоқтату келісімі аймақтағы шиеленісті бәсеңдетуге белгілі бір үміт сыйлағанымен, сарапшылар бұл қадамды ұзақ мерзімді бейбіт шешім емес, тек уақытша кідіріс ретінде бағалайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әсіресе, ірі державалар арасындағы қарама-қайшылықтар, Иран факторы және стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазының айналасындағы ахуал әлемдік қауіпсіздік пен экономикаға тікелей әсер етуде.

Осы тұрғыда Қазақстанның ұстанымы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бітімгерлік бастамаларды қолдауы және елдің халықаралық келіссөз алаңы ретіндегі рөлі ерекше назар аудартады. Саяси сарапшы Расул Қоспанов қазіргі жағдайға баға беріп, оның аймақтық және жаһандық салдарын, сондай-ақ Қазақстан үшін маңызын талдап берді.

– Таяу Шығыста қол жеткізілген атысты тоқтату келісімін және оның маңызын қалай бағалайсыз?

– Менің ойымша, бұл келісім уақытша әрі жүйелі сипатқа ие емес. Тек екі аптаға ғана бітімге келу туралы уағдаластық бар. Дегенмен, бұл келіссөздер жүргізуге қосымша мүмкіндік береді. Белгілі болғандай, бұл үдерісте Пәкістан белсенді рөл атқарып отыр. Исламабад Вашингтон мен Тегеран арасындағы қайшылықтарды жұмсартуға тырысуда. Алайда тараптардың ұстанымдары көп жағдайда бір-біріне мүлдем сәйкес келмейді. Осыған байланысты Иранның елеулі ымыраға келуі екіталай. Сондықтан бұл жағдайды толыққанды реттеу емес, уақытша тыныштық кезеңі деп қарастырған жөн. Оның үстіне, Иранның Ормуз бұғазын жабуы – мұнай мен минералды тыңайтқыштарды жеткізудегі аса маңызды көлік дәлізіне қауіп төндіріп, жаһандық тәуекелдерді күшейтуде. Жалпы, Иран режимі айтарлықтай төзімділік танытып отыр. Жоғары басшылық құрамындағы шығындарға қарамастан, ел қорғанысын сақтап, аймақтағы АҚШ базаларына жауап соққылар жасауға қауқарлы екенін көрсетуде. Бұл ретте шиеленіс деңгейі өте жоғары күйінде қалып отыр.

Бүгінде АҚШ-тың саяси бағыты да тұрақсыз сипатта, бұл өз кезегінде жаһандық саясатқа әсер етеді. Мұндай жағдайда ең радикалды сценарийлерді, соның ішінде ядролық қару қолдану қаупін де толық жоққа шығаруға болмайды. Әрине, әлем мұндай апаттан аман қалса, бұл үлкен жетістік болар еді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бітімді құптап, оның жаһандық тұрақтылық үшін маңызын атап өтті. Бұл ұстанымды қалай бағалайсыз?

– Қазақстан әрдайым көпвекторлы және бейбіт саясат ұстанатын мемлекет ретінде кез келген қақтығыстың дипломатиялық жолмен шешілуін қолдайды. Бұл – табиғи әрі дұрыс ұстаным. Айта кету керек, қақтығыстың алғашқы күндерінде Президент Тоқаев Иранның бейтарап елдерге жасаған шабуылдарын айыптады. Бұл да Қазақстанның халықаралық құқық пен тұрақтылықты қолдайтын позициясын көрсетеді.

– Тұрақтандырудың жаһандық экономикаға әсері қандай?

– Парсы шығанағындағы араб елдері Қазақстан экономикасының маңызды инвесторлары болып табылады. Мәселен, Катар Қазақстандағы ірі инвесторлардың алғашқы ондығына кіреді. Катарлық компаниялар газ өңдеу зауыты жобасына, Ақтөбе–Қостанай газ құбырының құрылысына қатысып, телекоммуникация саласында да белсенділік танытуда. Сонымен қатар, Сауд Арабиясының "ACWA Power" және Біріккен Араб Әмірліктерінің "Masdar" компаниялары еліміздің оңтүстігінде энергетикалық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл – Қазақстан үшін аса маңызды әріптестік. Сонымен бірге, Иран да Қазақстан үшін маңызды серіктес әрі Каспий теңізі арқылы көршілес мемлекет. Қазақстан бейбіт әрі тұрақты Иранға мүдделі. Өйткені Иран арқылы біз Үнді мұхитына, Оңтүстік Азия мен Африкаға шығамыз. Иранның Бендер-Аббас портына қатысты да үлкен жоспарлар бар. Сондықтан Президент Тоқаевтың уақытша бітімді қолдауы – толықтай түсінікті әрі логикалық қадам.

– Қазақстан сияқты тікелей қатыспайтын, бірақ бейбіт бастамаларды қолдайтын елдердің рөлі қалай бағаланады?

– Қазақстан Сыртқы істер министрі мен Иран СІМ басшысы Аракчи арасындағы келіссөздер барысында еліміз Түркістан қаласын келіссөз алаңы ретінде ұсынды. Бұл – қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге бағытталған маңызды бастама.

Қазіргі таңда келіссөздерді Пәкістанда өткізу жоспарланып отыр. Дегенмен, Қазақстан әрқашан балама келіссөз алаңы ретінде ұсыныла алады. Біздің елдің бұл бағытта тәжірибесі мол: Сирия бойынша Астана процесі, Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер, Қарабақ мәселесі бойынша кездесулер. Сондықтан Қазақстанның осындай келіссөздерге алаң болу мүмкіндігі жоғары деп есептеймін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу