"Таза Қазақстан" акциясы жалпыұлттық идеологияға айналып келеді – Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент "ел азаматтары табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті" деп есептейді.

"Таза Қазақстан" акциясы жалпыұлттық идеологияға айналып келеді – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы жер көлемі бойынша әлемде 9-орын алатын Қазақстан бірегей биоалуантүрлілігімен ерекшеленетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев тақырып аясында басқа да маңызды мәселелерге тоқталды.

– Табиғаттың осы сыйын сақтау – жұрт алдындағы борышымыз, сондай-ақ халықаралық қоғамдастық алдындағы жауапкершілігіміз. Бұл құндылықтар Қазақстанның жаңа Конституциясында айқын көрініс тапты. Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді. Енді азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті.

Бұдан бөлек, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленді. Табиғат байлығын сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екеніне сенімдіміз. "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткен. Бұл қозғалыс қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады, – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу