Ресейде жүрген тәжіктер "Ислам мемлекеті" ұйымына араласып, Мәскеудің түбінде террорлық акция жасады деген жаманатқа қалып еді. Сол терактінің бел ортасында болды деген күдікпен оншақты тәжік ұсталған болатын. Содан бері Ресейдегі тәжіктерден тыныштық кетті. Оларды көшеде жүргізбей қойған. Қаншама тәжік жылы орнынан қозғалды, істеп жүрген жұмысын тастап еліне қашты.
Енді міне, Тәжіктерге мұхиттың арғы жағындағы Америкада да тықыр таяп жатыр. Ол жақта да кірген-шыққан тәжік атаулыны мұқият тексеретін үрдіс пайда болды.
Осы бірер күн бұрын Америкада сегіз тәжікті ұстап алып қамап қойыпты. Олар "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымымен байланысы бар деп күдікке іліккен екен. Тәжіктерді АҚШ-тың иммиграция және кеден бақылауы қызметі мен Тергеп-тексеру федералдық бюросының терроризмге қарсы біріккен жедел тобы бірлесе аңдып жүріп ұстаған. Бұл жөнінде 11-маусымда Американың бұқаралық ақпарат құралдары өздерінің құқық қорғау органдарындағы дереккөзіне сүйеніп хабарлады. Айтуларына қарағанда, ұсталғандардың бәрі АҚШ-қа оңтүстіктегі шекарадан Мексика арқылы кірген екен. Алғашында олардан ешқандай қауіп сезбеген соң АҚШ-та қалуға рұқсат бергені айтылады.
Ұсталған тәжіктердің террорлық ұйымдарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Ал негізінен бұл адамдарды ресми түрде иммиграция заңын бұзды деген себеппен ұстаған. Бірақ "Ислам мемлекеті" ұйымына қатысы бар деген күдік әу басында болған. Әзірге қандай да бір терактіге байланысты айып таққан жоқ. Егер ондай айып тақпаса, сегіз тәжікті шекарадан шығарып жібереді деп жатыр. Ұсталған сегіз тәжіктің алтауының Ресей азаматтығы бар екен.
Иммиграция және кеден бақылауы қызметіндегілердің айтуынша, олардың екеуі шекарадан 2023 жылы көктемде өткен. Сегіз тәжіктің ішінде мигранттарға баспана алуға өтініш беруге арналған CBP One қосымшасын пайдаланғандар да бар. Мұндай оңтайлы электрондық қосымшаны таяуда қазіргі президент Джо Байденнің әкімшілігі ендірген болатын.
Соңғы уақытта Америкада террордың алдын алу шаралары күшейтілген деп жатыр. Сырттан кірген адамдарды мұқият тексеру жаппай сипат алған. Мексикамен арадағы шекараны бекемдеуге және ондағы өткізу-тексеру бекеттерін заманауи үлгіге көшіруге қыруар қаржы бөлініп жатқаны да сондықтан. АҚШ-тың оңтүстігіндегі Мексикамен шекаралас тұсы неше жылдардан бері мигранттар үшін даңғыл жол болып келген еді. АҚШ-қа заңсыз енуге әрекет еткендер дүниежүзінің әр қиырынан алдымен Мексикаға жиналатын. Содан кейін емін-еркін Америкаға өтіп кететін. Мексика арқылы террорлық ұйымдардың мүшелері де еніп жатпағанына ешкім кепілдік бере алмайды. Заңсыз енген адам көп ұзамай ондағы жүріс-тұрысын заңдастырып алуының да заңмен рұқсат етілген қалыптасқан тәртібі бар болатын. Дегенмен әлемде терактінің заманы туып, асығы алшысынан туған қазіргі сәтте Америка өз амандығының қамына кіріскен. Мексикамен арадағы шекараны мықтау үшін жүздеген миллиард доллар қаражаттың бөлінуі жақында Конгрес арқылы бірталай айқай-шумен жүзеге асырылғаны есте. Сөйтіп, Америка билігі иммигранттардың кіру шартын ауырлатып жатыр. Соңғы екі жылда АҚШ-қа Тәжікстаннан жүздеген мигрант Мексика арқылы заңсыз барғаны туралы жазылды. Олардың ішінде АҚШ-тан пана сұрағандар да аз емес. 4-маусымда АҚШ президенті Джо Байден заңсыз келген мигранттарға баспана сұрауға өтініш беруге тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Бұл жарлық адамдарды елден шығарып жіберу ісін жеңілдетеді. Яғни Орталық Азия елдерінен барған заңсыз мигранттардың бәрі елден дереу шығарылады. Оның алдында иммиграция және кеден бақылауы қызметінің мигранттарды өз бетінше шекарадан шығаруға құқығы жоқ еді, мұндай шешімді тек сот шығара алатын. АҚШ билігінің заңсыз жүрген мигранттарды елден шығарып жіберу процесін жылдамдататын және оңайландыратын жарлық шығаруына әлемде терроризм тәуекелінің ұлғайғаны себеп болды. АҚШ-та заңсыз жүрген шет ел адамдары қаптап кеткен болса керек.
Қазір террорлық әрекет қаупі Еуропа елдерінде асқынған. Америка да өзіне террорлық қауіпті Еуропа жатқан күтеді. Себебі Еуропа бүгінде ит егесін танымас дейтіндей халге жеткен. Миграциялық саясаттың жұмсақтығынан Еуропа елдерін нәсілі бөтен халықтар жайлап кеткен. Соның ішінде террорлық ұйымдардың мүшелері де аз болмаса керек.
Міне, сондықтан Америка бүгінде қырағы. Ал тәжіктерге екі есе қырағы. Тергеп-тексерудің федералдық бюросының қызметкерлері жалпы қауіп-қатерді тергеу аясында әлгі сегіз тәжікке бірнеше ай бақылау жүргізген екен. Олардың телефондағы сөздерін тыңдаған. Сөйлескендерінде бірнеше рет "бомба", "жарылыс" деген сөздер қолданғаны айтылып жатыр.
Қысқасы, тәжіктерге жер-жаһанда күн жоқ. Қайда барса да Қорқыттың көрі болып тұр.