Technodom тілге неге теріс қарады?

3102

Мемлекеттік тілді дамыту жаңа серпін алуы мүмкін. 

Technodom тілге неге теріс қарады?

Қазақ елі мен жеріне көз алартқан Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Вячеслав Никоновтың сандырағы қазақстандық қоғамда қызу пікірталас толқынын көтерді. Осының аясында әлеуметтік желідегі бастамашыл топ "көшеде орысша сұрақ қойғандарға тек мемлекеттік тілде жауап береміз" деген челлендж бастады.

Сонымен бір мезгілде Үкімет мүшелеріне мемлекеттік тілді менсінбеген және қазақ тілділердің құқығын аяққа таптаған ұйымдарға қарсы шағымдар жауа бастады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласын қазақыландыруға күш салып жүрген қоғам белсендісі, елордалық тұрғын Қуаныш Әділханұлы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне арызында негізінен тұрмыстық техника сатуға маманданған белгілі дүкендер желісінің бір тірлігіне назар аудартты.

"Бос жұмыс орындарын жариялайтын headhanter сайтында "Technodom Operator" АҚ ұйымы "Ведущий YouTube канала" іздейтінін жариялап, хабарландыру берді. Онда үміткерге қойылатын басты талаптардың ішінде тіл біліміне қатысты: "Грамотная русская речь" деп көрсетілген. Мемлекеттік тіл туралы ешқандай талап та, сұрау да жоқ. Демек, "Технодом Оператор" тұтынушыларға арналған төл YouTube арнасын тек орыс тілінде ғана жүргізетін болғаны ма? Неге "Грамотная казахская и русская речь" демейді онда?" – дейді тіл жанашыры.

Ол Технодом сауда орындарындағы кеңесші-сатушылардың тұтынушыларға мемлекеттік тілде сауатты қызмет көрсете алмайтынына қатысты бірнеше видеороликтің ғаламторды кезіп жүргеніне назар аудартты. Расында, мысалы, YouTube-те орналастырылған бейнежазбалардың бірінде  сауда орнының қызметкері мемлекеттік тілде қызмет көрсете алмағанына ғафу өтіну орнына клиенттің өзіне ұрысып: "Қазақстанда мемлекеттік тіл екеу: қазақ және орыс тілі" деп, өзі ойдан шығарған әлдебір бапты оның "бетіне" басып жатқаны бейнеленген. Онымен қоймай, дүкен өкілі қазақша қызмет көрсетуге табандаған клиенттен өзінен кешірім сұрауды талап етті. Пікір білдірушілер қызметкердің қазақ тілін білетініні, бірақ қырсығып, әдейі сөйлемей тұрғаны туралы болжам айтты.

"Одан қалды, "Технодомның" ресми сайттарында да мемлекеттік тілдегі бөлімі қарастырылмаған. Яғни, мемлекеттік тілді ғана білетін азаматтарға ақпарат алуға мүмкіндік жоқ. Өзім де бірнеше рет дүкендеріне барғанымда онда мемлекеттік тілде қызмет көрсету деңгейі өте төмен деңгейде екеніне куә болдым. Сізді осы мәселеге көңіл аударып, өз тараптарыңыздан тексеру жасап, тиісті шара қолдануды сұраймын. Бұл ұйым қазақ тілді тұтынушыларға ұлттық заңнама талаптарына, яғни Конституцияға, "Тіл туралы" және "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңдарына сай ешқандай дискриминациясыз-кемсітусіз, толыққанды қызмет көрсетуге тиісті және міндетті. Осыны оған ұғындырып, бұл талаптардың орындалуын қадағалауыңызды өтінемін", – деп жазды Қуаныш Әділханұлы комитет төрағасына.

Алайда Бақыт Сұлтанов басқаратын министрліктің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті кезекті рет бар жауапкершілікті өзгеге сырғыта салды. Комитет байламынша, бұл тұтынушы құқығын бұзу емес, тіл талаптарын бұзу. Демек, "оған Тіл комитеті жауап берсін".

"Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің ережесіне сәйкес, сол комитеттің мақсаттарының бірі – Қазақстандағы тілдерді дамыту және қолдану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады. Осыған байланысты өтініш Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетіне қарастыру үшін жолданды", – деп құтылды Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әсел Әбубәкірова.

Яғни, шенеуніктерден еш қайыр жоқ. Ал соттасып жүруге тұтынушылардың қаржысы да, уақыты да жоқ.

Демек, әрдайым өз клиенттерінің көңілін табуға дайын тұратын "Технодомның" өзі бұл сыннан тиісті қорытынды шығарып, өз сатушыларының мемлекеттік тілді үйренуіне мән береді деген үміт бар.

Қалай болғанда, мемлекеттік тілді ілгерілетуді қоғам өз қолына алғанға ұқсайды. Бұл қазақ тілінің екінші тынысын ашып, оның қолданыс аясын барған сайын кеңейте түсуі әбден мүмкін. 

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу