Тегін жолдың тауқыметін тағы бір жыл тартамыз

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3102

Келесі жылы қолданысқа берілетін Астана-Павлодар ақылы тасжолының әр шақырымы 1 теңге болады. 

Тегін жолдың тауқыметін тағы бір жыл тартамыз

Ел ішінде халықаралық стандартқа сай жол желісін құру жоспарлы һәм нәтижелі жүріп жатыр.

Ішкі автожол қатынасын дамыту ісі шұрық-тесік жолдарды жамап-жасқау шеңберінен шығып, екі жолақты қарапайым тасжолдарды бірнеше жолақты автобанға айналдыру дәрежесіне жетті. Біздің жолдар шет мемлекеттердегі сияқты ақылы, ақысыз деп жіктелетін болды. Бұған қарапайым халық қуанбаса, ренжіген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, жыл соңына дейін елімізде Астана-Бурабай автожолынан бөлек тағы 3 автожол ақылы жолдардың қатарына қосылады. Бұл жолмен жүру ақысы жоғарыда аты аталған автобандағы секілді әр шақырымға 1 теңгеден болады.

Бұдан былай Астана-Теміртау тас жолында жүйткіген темір тұлпар иелері қазынаға 130, Алматы-Қапшағай арасының шаңын шығарғандар 42 теңге төлеуге міндеттеледі. Ал Астана-Қорғас қашықтығын еңсергісі келетін жүргізушілер жан қалталарынан 300 теңгелерін суырып беруі тиіс.

2018 жылдың орта тұсынан бастап Астана-Павлодар бағытындағы төрт жолақты автобан да ақылы болады. Дәл осы уақытта қолданысқа берілетін тасжол 2014 жылдан бері "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатыр.

Негізі Астана-Павлодар автожолының құрылысы 2016 жылдың соңында аяқталуы керек еді. Ирандық "Дена Рахсаз"  компаниясының міндетін мінсіз атқара алмауының салдарынан үш учаскеден кілтипан шығып, әу бастағы жоспар жүзеге аспай қалды.

2014 жылы тендерді ұтып алған шетелдік компания қаржылық қиындыққа тап болған. Келісімшартты теңгемен жасап, ол құнсызданған кезде шығынға ұшыраған.

"Дена Рахсаз" жұмыс істеген алғашқы учаскеде қазір байқау рәсімі жүріп жатыр. Өкінішке қарай, бірінші байқау болмай қалды. Тағы да байқау жарияладық, ол шамамен шілде айында өтуі керек. Ал "Дена Рахсаздың" қалған екі лоты бойынша 2014 жылғы байқаудың екі жеңімпазын шақырдық. Бұл "Автожолсервис" және "К-Жолқұрылыс" компаниялары. Олар жұмысты бұрынғы бағамен бітіріп беруге келісіп отыр, тіпті жазбаша келісім де берді. Қазір келісімшартты талқылау мен қол қоюға дайындау рәсімі атқарылуда", – деген еді сол кезде abctv.kz-ке "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатов.

Қалай болғанда да дәл қазір жұмыс жалғасып жатыр. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Темірхан Меңдіғалиев: "Жолдың мәселе туғызған тұсы 15 бөлікке бөлінген.

Бүгінгі таңда оның үшеуі, яғни 59 шақырымы қолданысқа берілді. Құрылыс жұмыстары басталғаннан бері Астана-Павлодар бағытында тынымсыз жұмыс жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 172 шақырым жол пайдаланылуға берілуі тиіс. Нәтижесінде барлығын қосқанда 320 шақырым жол ел игілігіне асады.

Ал 2018 жылдың ортасында тасжол толық пайдаланылатын болады", – деді.

Сөз арасында басқарма төрағасының орынбасары "Дена Рахсаз" компаниясына қатысты пікір білдірді.

"Бұл компания өз міндетін абыроймен атқара алмады. Біз келісімшартты бұзып, жұмысқа отандық компанияларды тарттық. Ирандық компанияның үстінен  банк кепілдіктеріне, алдын ала төлемдерге, келісімшарт талаптарын орындауға қатысты арыз құзырлы органдарға жолданды",– деді ол.

Астана-Павлодар автожолы да ақылы болатыны белгілі. Бұған қатысты ИДМ автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сайранбек Бармақов: "Астана мен Павлодардың арасы 470 шақырым. Жолдың әр шақырымы 1 теңге. Яғни осы қашықтықты артқа тастаған кезде 470 теңге төлеу керек", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу