Техникаларын жалға берген кәсіпкерлер мердігерлерден қаржысын ала алмай жүр

3821

Төрт ай бойы ақшасыз отырған олар шығынға әбден батқан. 

Техникаларын жалға берген кәсіпкерлер мердігерлерден қаржысын ала алмай жүр

Павлодар облысындағы жолдарды жөндеуге жұмылдырылған арнайы техникалардың иелері атқарылған жұмыс үшін мердігерлерден ақша ала алмай әлек. Алданып қалған кәсіпкерлердің бірі – Дина Оразалинова. Оның айтуынша, Чернорецк - Ольгино - Успен – Шарбақты бағытындағы 12 шақырым жолды қалпына келтіру үшін бас мердігер – "АБК-Автодор НС" ЖШС семейлік "АВЕ-Сервис" компаниясының көмегіне жүгінген. Өз кезегінде "АВЕ-Сервис" кәсіпорнының жолды жөндейтін техникасы болмағандықтан, Дина Оразалинова басшылық ететін шағын фирма мен тағы оннан астам жергілікті компанияны қосалқы мердігер ретінде жұмысқа қабылдаған.

"Бас мердігер мен семейлік компания арасында жасалған келісімшартта "АВЕ-Сервис" серіктестігінің иелегінде көп техника бары көрсетілген. Бірақ іс жүзінде бұл кәсіпорынның бірде-бір арнайы құралы болған жоқ. Сондықтан біздің техникаларды жалға алды. Біздің жүк тиегіш көлік жол жөндеу алаңында мамырдан қыркүйек айына дейін жұмыс істеді. Шілдеде келісімшартта көрсетілген қаржының 30%-ын алдық. Одан кейін семейлік компания бізге бір тиын да төлеген жоқ", – дейді павлодарлық кәсіпкер.

Жалпы, "АВЕ-Сервис" ЖШС қосалқы мердігерлерге 53 млн теңге қарыз болып шықты. Енді кәсіпкерлермен тілдесуден қашып, қоңыраулар мен хаттарға жауап бермейтін көрінеді. Бас мердігер – "АБК-Автодор НС" ЖШС басшылығымен кездесуден де түк шықпады. Тапсырыс беруші облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері  мердігерлер арасындағы "текетіреске" араласпайтындарын мәлімдеді. Себебі жол жөнделді, мердігерге қаржы аударылды. Қалғаны – мемлекеттік мекеменің құзырындағы іс емес.

"АВЕ-Сервис" компаниясын сотқа берейік десек, олардан өндіріп алар не техника, не база – ештеңе жоқ. Тығырыққа әбден тіреліп, шығынға батып, не істерімізді білмейтін халге жеттік. Бұл істе тапсырыс беруші де, бас мердігер де қол ұшын созуға құлықсыз",  – дейді Дина Оразалинова.

Мұндай қитұрқы әрекеттер жол жөндеу саласында бұрыннан қалыптасқанға ұқсайды. "Дәстүр" бойынша ірі компания тендерді ұтып алып, басқа компания арқылы шағын фирмаларды жалдайды. Жұмыс аяқталған соң, екі кәсіпорынның арасын байланыстырғандар ізім-ғайым жоқ болады. Ал қосалқы мердігер бас мердігерді сотқа бере алмайды. Себебі екеуінің арасында келісімшарт жасалмаған.

Павлодарлық 10-нан астам кәсіпкер "бұл құрыққа іліндік" деп қауіптенеді.  Мәселе таяу арада оң шешімін таппаса, семейлік компанияның үстінен арыз беріп, сотқа жүгінуге тура келеді. Одан басқа амал қалмай отыр.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу