Техникалық байқау орталықтары заңсыз ақша айналдырады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
21769

Былтыр техникалық байқау операторларына 3 млн 849 мың теңге айыппұл салынды. 

Техникалық байқау орталықтары заңсыз ақша айналдырады

Осыдан 8 жыл бұрын үкімет автокөліктерді техникалық тексерістен өткізу ісін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың құзырына берді. Сол-ақ екен елімізде техникалық байқау орталықтары қаптап кетті.

Бүгінгі таңда 645 кәсіпкер 1 500 техникалық байқау орталығында автокөліктерді міндетті техникалық тексерістен өткізеді.

Жасыратыны жоқ, техникалық байқау орталықтарында "бармақ басты, көз қыстыға" жол беріледі. Автокөліктерді техникалық байқаудан өткізушілердің арасында заңды белден басып отырғандар бар. Бұған былтыр 160 техникалық байқау орталығының "Техникалық байқау" бірегей ақпараттық жүйесінен шығарылуы дәлел. Бұл туралы "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Бекманов:

"Біз техникалық байқау орталықтарының жұмысын қамтамасыз ететін бағдарламаның талаптарын бекіттік. Техникалық байқау орталықтары бекітілген талаппен жұмыс істемеген. Автокөлік байқау орталығына кірген кезде арнайы бағдарлама мемлекеттік тіркеу нөмірін автоматты түрде анықтауы керек. Жүйеге қолмен ақпарат енгізуге болмайды. Осы талапты орындамаған 160 техникалық байқау орталығын "Техникалық байқау" бірегей ақпараттық жүйесінен шығардық", – деді.

Белгілі болғандай, техникалық байқау орталықтары автокөліктерді міндетті техникалық тексерістен өткізбей, техникалық тексеріс бланкісін берген. Салық органдарының назарынан тыс ақша айналдырған техникалық байқау операторларына 193 әкімшілік хаттама толтырылып, 3 млн 849 мың теңге айыппұл салынған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлімдеуінше, ел аумағында жүргізілетін техникалық байқаудың автокөлік жүргізушілерінің қалтасын қаққаннан басқа пайдасы жоқ.

"Техникалық байқау тиісінше атқарылмайды. Ол жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа түрткі болады. Техникалық байқауды жетілдіріп, оған қойылатын талапты күшейту және қайта қарау қажет. Бүгінгі техникалық тексеріс автожүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған жоқ", – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаев.

Айта кетейік, таяуда мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, міндетті техникалық байқаудың тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударды.

"Кейбір техникалық байқау орталықтары автокөліктерді тексермей, техникалық байқаудан өткені туралы белгіні қойып береді. Осылайша заңсыз ақша айналымын жасайды. Оларды автокөлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі қызықтырмайды. Автокөлік жүргізушілері де мәселені ақшамен шеше салуға дайын тұрады. Бұған тосқауыл қою керек", – деді халық қалаулысы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу