Тек алдыңғы есіктен кіргізетін автобус парктері жазаланады

7544

Бүгін қала маңы және экспресс бағыттар қайта ашылды. 

Тек алдыңғы есіктен кіргізетін автобус парктері жазаланады

City Transportation Systems (бұрынғы "Астана LRT") Нұр-Сұлтан қаласында 1 маусымнан бастап қала маңы және экспресс бағыттар жанданғанын хабарлады.

"2020 жылғы 1 маусымнан бастап Нұр-Сұлтанның барлық қала маңы және экспресс-бағыттары қайтадан қатынай бастайды. Қала ішіндегі бағыттар бұдан бұрын, 12 мамырдан бастап жолға қойылған болатын. Қоғамдық көлік енді таңғы сағат 06:00-ден түнгі 22:00 аралығында жүреді. Автобустар әдеттегідей дезинфекцияланады. Жүргізушілер қауіпсіздік шараларын сақтайды: бетперде тағады, қолғап киеді және антисептик пайдаланады", – делінген компанияның хабарламасында.

CTS жолаушылардан бетперде тағып кіруді сұрады.

"Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің 10 мамырдағы қаулысына сәйкес, жолаушыларға қоғамдық көлікке бетпердесіз кіруге болмайды. Қаулының орындалуын көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері бақылайды. Олар жолаушылар арасында қоғамдық көліктегі санитарлық нормаларды түсіндіру жүмыстарын күнделікті түрде жүргізеді. Жолаушы бетперде тағудан бас тартса, автобустан шығу сұралады. Жүргізушілер автобустағы жүктеме 50%-дан аспауы керек деген талапты сақтауы тиіс. Жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлеу қажет. Ол үшін көліктік карта, балама төлем түрлері қарастырылған – SMS, QR-код және мобильді қосымшалар. Көліктік картасы бар 18 жасқа дейінгі балалар автобуста тегін жүреді", – деді City Transportation Systems баспасөз қызметі.

Блок-бекеттердің алып тасталуы барлық автобустың қайтадан лық толуына соқтырмақ. Демек, мемлекеттік бас санитар Айжан Есмағамбетованың "автобустар тек жартылай ғана толсын" деген талабының енді орындалуы неғайбыл. Жұмысына, басқа ісіне асыққан адамдар бір-бірін итеріп, автобусқа сығымдала кірсе, оларға жүргізуші еш қауқар көрсете алмасы сөзсіз. "Шықпасаңдар, орнымнан қозғалмаймын!" деп доқ көрсете алмайды: бағытынан кешікпеуі шарт.

Азаматтар елордалық автопарктердің Есмағамбетованың тағы бір талабын аяқасты етіп отырғанына шағымданады.

"Қоғамдық көлік жүргізушілері жолаушыларды отырғызу кезінде талапты бұзып жатыр. Олар сол бұрынғыдай алдыңғы есігін ғана ашады да кірушілердің тегіс ішке еніп болуын күтіп тұрады. Бұл кезде басқа барлық есіктер жабық. Жолаушылар өте тар алдыңғы есіктен сығылыса кіруге, жолда тұрған адамдарды кимелей өтіп, ортаға қарай жылжуға мәжбүр. Адамдар арасы 1 метр болсын деген талап жайына қалады. Құлап қалмау үшін өтіп бара жатқан адам тұрған адамды әр жерінен шап бере ұстайды, жанасады. Осыдан кейін автобустар індет ошағына айналып кетпегенде несі қалды?! Бас санитарлық дәрігердің шешімі бүкіл жерде өрескел бұзылуда. Автопарктердің бұл саясаты COVID-19 вирусына шалдыққандар санын азайтуға бағытталған мемлекет саясатына дөрекі түрде қайшы келеді", – дейді қалалық қоғам белсендісі Дүйсен Оспанов. 

Ол жүргізушілерден барлық есікті қатар ашуды талап етіпті. Олар: "Әкімдіктің осындай қаулысы күшінде, оны ешкім жойған жоқ, біз жолаушыларды алдыңғы есіктен кіргізіп, артқы есіктерден шығаруға тиіспіз" деп жауап беріпті.

Мұндай шағымға Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті жауап берді. Ол автобус жүргізушілерінің әрекеті дұрыс емес дейді.

"Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 10 мамырдағы "Қазақстан халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы" қаулысына сәйкес, автобустар да, микроавтобустар да жолаушылар кіруі және шығуы үшін барлық есіктерін бір мезгілде ашуға міндетті. Ішке тек маска киген жолаушылар ғана кіре алады. Жолаушылар арасындағы қашықтық 1 метрден кем болмауға тиіс. Қоғамдық көліктерде санитарлық-карантиндік шаралардың сақталуын бақылау жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын ұйымның, яғни автопарктің құзырына кіреді. Елде төтенше жағдай режимі жойылғанымен, карантиндік шаралар белгісіз мерзімге ары қарай қала береді", – деп жауап берді ДСМ комитеті.

Осылайша, коронавирус індетінің одан әрі өршуіне қарамастан ТЖ режимін жойып, блок-бекеттерді алып тастап жатқан мемлекет енді барлық жауапкершілікті бизнестің мойнына артқанға ұқсайды.

Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов бұған алаңдаушылық білдіріп, Бас прокуратураға, Жоғарғы сотқа, сондай-ақ Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктеріне жүгінгенін айтады. Өйткені қадағалаушы органдар бас санитардың талаптарын бұзған ұйымдарға 4 миллион теңгеге дейін айыппұл салмақ болып жатыр. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 462-бабы осыны қарастырады екен. Бизнес-омбудсмен әлгі органдардан карантин кезеңінде аталған баптың ауыр санкциясын кәсіпкерлерге мейлінше аз қолдануды өтінді.

"Жалпы алғанда, осы санкция-жаза кодексте қарастырылғаны рас. Ол халықтың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қорғайтын заңнама талаптарын бұзғандарға қатысты болып келеді. Бірақ қазіргі кезде бұл бапты қолдануға болмайды. Санитарлық дәрігерлердің талаптарын баршаның орындауы міндетті. Бірақ оның талабы заңнама емес, қаулы ғана. Сондықтан оны бұзу да 462-баптың 3-тармағына сай жазаланады. Яғни, шағын кәсіпкерлік нысандарына – 100 АЕК (277,8 мың теңге), орта кәсіпкерлікке – 200 АЕК (555,6 мың теңге), ал ірі кәсіпкерлікке – 500 АЕК (шамамен 1,4 млн теңге) айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ қызметі де уақытша тоқтатылуы мүмкін", – дейді Рустам Жүрсінов.

Ол мұны да тым қатал жаза санайды.

"Шамалы бұзушылық үшін сайма-сай емес қатал жаза қолданылуы бизнесмендердің қаупін туғызып отыр. Әрине, бас мемлекеттік санитар Айжан Есмағамбетованың қаулылары және індетке қарсы басқа да шаралар мүлтіксіз сақталғаны жөн. Алайда талаптардың көптігі алаңдатады. Олар қаржы шығынына соқтырады. Пандемия мен карантин экономиканың барлық секторына теріс әсер етті. Күрделі кезеңде кәсіпорындар мен жұмыс орындарын сақтап қалу үшін бизнеске мемлекеттің қолдауы қажет. Мысалы, ол қолдау – әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесіне байыппен келуден көріне алады", – дейді бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов.

Ол 1 маусымда жұмысын жандандырған барлық кәсіпкерлік нысандарынан санитарлық және індетке қарсы шараларды мүлтіксіз сақтауға, жұмыскерлер арасында түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп тұруға шақырды.

Өз кезегінде Бас прокуратура карантин режимін бұзғандарды әшкерелеу және жауапқа тарту бағытындағы "іс-қимыл алгоритмін" әзірлеп, барлық меморгандарға жолдады. Оны сондай-ақ көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері де басшылыққа алып, жазалауға кіріспек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу