Халық арасында банктік мобильді қосымшаларының танымалдығы артты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінгі күні кәсіпкерлер оларды төлем қабылдау кезінде жиі пайдаланады.
Мәселен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жалпы елдің қаржы айналымында қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86%-ға жеткен.
"2022 жылдың сәйкес кезеңінде көрсеткіш 82% болатын", – деп хабарлады Қауымдастық.
Қолма-қол ақшасыз төлем жас талғамайтын нарықтық құралға айналды. Елімізде 6 жастан асқан балалардан, зейнет жасындағы қариялар да аталған төлем түрін белсенді пайдаланады. Статистикаға сүйенсек, осы уақытқа дейін ата-аналардың 41,4%-ы кәмелеттік жасқа толмаған балаларына төлем картасын рәсімдеп үлгерген.
Алайда, "2024 жылы үш ай қатарынан карталарына 100-ден аса аударым жасалған азаматтар туралы мәліметтер Мемлекеттік кірістер органдарына жолданады" деген ақпараттан соң жеке кәсіпкерлер төлемді тек қолма-қол ақшамен төлеуді талап етіп, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарта бастады.
Алматыдағы Жетісу базарында жеміс-жидек сататын Ақбота Талқанбаева сатып алушылардан қолма қол ақшамен есеп айырысуды талап етуінің себебін түсіндірді.
"Көпшілік ақша аударымына үйреніп алған. Олар "ақшаны қай нөмірге аударамыз?" деп сұрайды. Бірақ біз "аударым" қабылдамаймыз. Ұялы телефон арқылы QR-мен төлем жасай аласыз немесе қолма-қол төлем жасауға болатынын айтамыз. Бірақ қазір көпшілік ақшаны картадан картаға аудара салуға үйреніп алған ғой. Банкоматтан шешіп, қолында ұстап жүрмейді. Енді осы соңғы өзгерістерге үйрене алмай жатыр. Карта қабылдау жағы мен сияқты микро-шағын бизнес иелеріне сәл қиындау. Пост-терминал орнату керек, ал ол қосымша шығын. Енді амал жоқ оны да орнататын шығармыз", – дейді кәсіпкер.
Бұл тұста Мемлекеттік кірістер комитеті, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз екенін ескертеді.
"Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады, себебі "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған (25-бап)", – деп жазылған Комитеттің мәлімдемесінде.
Карточкалар арқылы төлем қабылдаудан бас тартқан кәсіпкерлерге бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ал қайта заң бұзған бизнес иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабы бойынша, 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл көзделген.
"Мұндай жағдайға тап болсаңыз мемлекеттік кірістер органдарына хабарласуыңыз қажет. Бұл ретте Салық кодексінде микро және шағын бизнес субъектілеріне жеңілдетілген салық төлеу режимі қарастырылғанын еске саламыз. Атап айтқанда, салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты 1%-дан 4%-ға дейін төмендетілді. Кәсіпкер өзіне ыңғайлы салық режимін таңдай алады – патент (салық мөлшерлемесі 1%); жеңілдетілген декларация (салық мөлшерлемесі 3%); бөлшек салық режимі (салық мөлшерлемесі 4%)", – деп түсіндірді Кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Мемлекеттік кірістер комитеті Өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықов банктер жеке тұлғалар бойынша мәліметтерді қандай жағдайда жинайтынын айтып берді.
"2023 жылы МКК-ға қатарынан үш айдың әрқайсысы ішінде 100 түрлі тұлғадан жеке шотқа аударымдар алған жеке тұлғалар бойынша банктерден мәліметтер келіп түсті. Банктер мәліметтерді тек осы өлшемшарттарға сәйкес келген адамдар бойынша жібереді", – деді спикер.
Бұл жоба жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған, өйткені көптеген кәсіпкерлер тауарлар, қызметтер үшін төлемді жеке шоттарына (дүкендер, такси жүргізушілері және т.б.) мобильді аударымдар арқылы қабылдайды. Сонымен қатар, аударымдар кезінде көбінесе чектер берілмейді қалады.
Егер жеке кәсіпкер тіркеусіз қызмет етсе оған 15-тен 100 АЕК-ке дейінгі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген.
"Кірістерді жасырғаны үшін – төленбеген салықтар сомасының 200% мөлшерінде айыппұл (қайталанған жағдайда – 300%). Чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне назар аударамыз. Жоғарыда айтылғандай, бақылау шаралары қызметті тіркеусіз жүзеге асыратын немесе кірістерді жасыратын кәсіпкерлерге ғана қатысты", – деп түсіндірді департамент директоры.
Ескерте кететіні, жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін (туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек, сондай-ақ басқа да өмірлік жағдайлар бойынша) мобильді аударымдар жасай алады және қабылдай алады. Мұндай аударымдарды декларациялаудың да қажеті жоқ, өйткені олар жеке тұлғаның табысына жатпайды. Табыс алуға бағытталған аударымдар ғана декларацияланады.
Жалпы алғанда, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы тиіс, сондықтан кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерді дұрыс көрсету өте маңызды.