Тексеруден "қансыраған" "жаралы кәсіпкерге" кім көмекке келеді?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2211

Жазалауға құзырлы органның қаптаған тексеруі талай бизнесменнің түбіне жетті.

Тексеруден "қансыраған" "жаралы кәсіпкерге" кім көмекке келеді?

Бұл мәселенің аса ауырлығы сонша, парламент оны 16 қаңтар күні "үкімет сағаты" аясында жеке қарап, талқылауды шешті. Бұл жиын "Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру" тақырыбына арналды.

Үкімет 2016 жылы әртүрлі салықтан және кедендік алымнан мемлекеттік бюджетке 5 трлн 719,7 млрд теңге табыс түседі деп жоспарлаған. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл көрсеткіш 108,4%-ға жетті. Яғни іс жүзінде 6 трлн 198,1 млрд теңге түсіп, жоспар 478,4 млрд теңгеге асыра орындалды.

Соның ішінде орталық мемлекеттік оргардар да, жергілікті атқарушы органдар да үлкен белсенділік танытып, мақтанатын межеге қол жеткізіпті. Нақтырақ айтқанда, мемлекет бюджеті 109,1%-ға атқарылған: жоспар – 4 трлн 79,9 млрд теңге делінсе, шынында 4 трлн 450,8 млрд теңге жиналып, 370,9 млрд теңге асыра орындалды. Жергілікті бюджет 106,6%-ға атқарылған: жоспар бойынша 1 трлн 639,9 млрд теңге жинау белгіленсе, іс жүзінде ауыл-аймақтан 1 трлн 747,4 млрд теңге аударылған, 107,5 млрд теңге асыра орындалды.

"Түсім бойынша болжамды мақсатқа қол жеткізу – бұл салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту жөнінде қабылдаған шараның нәтижесі! Бұл жерде қажетті бақылау деңгейі және міндеттемелерді ерікті әрі адал орындауы үшін бизнеске қолайлы жағдай жасау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету маңызды", – деп масаттанды қаржы министрі.

Расында, бұл көңіл тояр көрсеткішке қалайша қуанбассың?! Ел қазынасына қосымша миллиардтар құйылып жатқан жоқ па? Бір қарағанда, қолпаштап, қол соғуға тұрарлық жайт.

Дегенмен бұл қуаныш ол көрсеткіштің астарына үңілгенде, артында қаншама тағдыр тұрғанын білгенде, су сепкендей басылатын көрінеді.

Бақыт Сұлтановтың хабарлауынша, 2016 жылы бақылау іс-шарасы бөлігінде 10 мың салық тексеруі жүргізіліпті. Және олардың барлығында дерлік бизнесмендердің төлеген салығына қосымша алым есептелген (мұның орысшасы "доначисление", бірақ неге екені белгісіз, министр қазақшасын "салықты түгел есептеу" деп алыпты).

Қаржы министрі былтыр тексерумен жұмыс істеп тұрған барлық салық төлеушінің небәрі 0,5%-ы ғана қамтылғанын және салыстыру үшін "2013 жылы 12,2 мың тексеру жүргізіліп, 0,9%-ы қамтылғанын" қосты. Салықты қосымша есептеу сомасы алапат түрде өсіп барады.

"2013 жылы салық тексерулерінің саны 12 мың 242-ге жетті, бұл ретте әрбір тексеруден салықтың түгел есептелген сомасы орташа алғанда 35,4 млн теңге болды. Ал 2016 жылы 10 мың 87 тексеру болды, салықтың түгел есептелген орташа сомасы 54,6 млн теңгеге жетті! Кедендік тексеру де осыған ұқсас: 2013 жылы 1 мың 385 тексеру жүргізілді, әрбір тексеруден салықтың түгел есептелген сомасы, орташа алғанда, 11 млн теңгені құрады. 2016 жылы болса, тек 1 мың 64 тексеру жүрді, бірақ салықтың түгел есептелген сомасы 28,7 млн теңгеге өсті! Яғни тексеру саны азайғанымен, салықтың түгел есептелген сомасы 1,8 есеге артты", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Бір қарағанда, бұл тексерушілердің, жалпы бақылаушы органдардың жұмысының нәтижелілігін көрсететіндей. Алайда мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова шынайы көріністің тіпті де басқаша екендігіне сенімді. Бұрын оның министр ретінде үкіметтің мүшесі болғандығын, қазір де үкіметтегі біраз есеп пен баяндама соның алдынан өтетінін ескерсек, біліктілігіне шәк келтіру қиын.

Гүлжан Қарағұсова шенеуніктердің тек салықпен шектелмей, ауырлатып айыппұл салу арқылы да бюджетті толтыруға ұмтылатынын айтады:

"Кірісті толтырудың бір көзі – айыппұл салудың зиянды тәжірибесі екені құпия емес! Шындап келгенде, бұл – мемлекет пен салық төлеушінің өзара қарым-қатынасындағы іріткі, деструктивті механизм болып отыр. 2015 жылдың қорытындысына жүгінсек мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті жазатын айыппұлдан түсетін түсім 2014 жылға қарағанда бірден 15 пайызға артқан! Нақтырақ айтсақ, үкімет есебі бойынша 2014 жылы жиналған айыппұл көлемі 2,6 млрд теңге болса, келесі 2015 жылы ол 4,8 млрд теңгеге жетті. Өкінішке қарай, тәжірибе көрсеткеніндей, айыпұлдан адал салық төлеушілер көбірек зардап шегеді. Оларға салықты есептеуде сәл ғана қате жібергені немесе салық есептілігін тапсыруды кешіктіріп алғаны үшін айыппұл салынады", – дейді депутат Гүлжан Қарағұсова.

Ол тағы бір сорақы жайдың бетін ашты. Салық органының электронды бағдарламасы тиімсіз жұмыс істеп, салық төлеуші көптеп жазаға тартылған.

"Олар белгілеген айыппұлдың Салық кодексіне, халықаралық шарттарға және осы саладағы конвенцияларға кереғар келу жағдайлары жиі кездеседі. Бірақ органдар осыны дәлелдейтін айғақтарды назарға алмайды, қабылдамайды және бірден істі сотқа жібереді. Неге адал салық төлеуші салық инспекторының сауатсыздығын дәлелдеуге тиісті? Ал дәл осы уақытта олар жоспардың орындалғанын баяндап, мәз болып жатады. Бұған қандай әдістермен қол жеткізілгені ешкімді де толғандырмайды!", – деп ашынды Гүлжан Қарағұсова.

Оның дерегінше, адал бизнесменге артылатын айыппұл көлемі оның табысынан әлденеше есе асып түседі. Бірақ ол адал болғандықтан, салықтан жалтарудың түрлі жолын қолданбайтындықтан, қарызданып-қауғаланып, салмағы зілбатпан айыппұлды төлейді. Осыдан әлгі органдардың "көркем" көрсеткіші қалыптасады.

"Біздің салық төлеушіге өзінің адал екендігін дәлелдеу үшін "тозақтың тезінен" өтуге тура келеді! Ал біз ұмтылып отырған барлық дамыған елдерде кінәсіздік презумпциясы қағидатын ұстанады емес пе?! Демек, айыппұл салу – тек мемлекетке нақты шығын келгенде ғана қолданылатын ең шекті шара болуға тиіс. Біздің мақсатымыз – ЭЫДҰ қағидаттарына сәйкес жұмыс істеп, дамыған елдердің қатарына қосылу. Айыппұл – өзінің конституциялық міндеттемесін орындауда салық төлеушіге көмектесе алмаған салық органының жұмысы тиімсіз екендігінің көрсеткіші! Президент Нұрсұлтан Назарбаев салықтан жалтарудан гөрі оны төлеу әлдеқайда қолайлы болатын жағдайлар түзу міндетін қойды емес пе?", – деп ұялтты депутат.

Сарапшылар осы тексерулер Мемлекеттік кіріс комитеті (МКК) басшылығының ауысуына әкелгенін айтады.

2016 жылдың 6 қазанында бас прокурор Жақып Асанов өз ведомствосының алқа мәжілісінде МКК құрамына кіретін экономикалық тергеу қызметі басшылығын президент Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған мемлекеттік саясатты дискредитациялады деп айыптаған болатын.

Себебі бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, қылмыстық-процестік кодексте (ҚПК) салықшылар бизнесті заңсыз және жоспардан тыс тексеру үшін пайдаланған "тетіктер" мен "жасыл дәліздер" табылған.

"Мұның сыртында тағы бір схема әшкереленді: ол бойынша күш құрылымдарын тарта отырып, бизнесті тексеру жолға қойылған. Салықшылар экономикалық тергеу қызметіне хат жазады, олар оны аудит қызметіне тапсырады. Сөйтіп тіпті ешқандай қылмыс болмаса да, осының өзі қылмыстық қудалау органының тапсырмасы болып есептелген. Біз жылдар бойы бизнесті заңсыз және жоспардан тыс тексеруден қорғау тетіктерін түзіп келдік. Тексеруді тағайындау тәртібі бекітілді. Бірақ ҚПК арқылы "жасыл дәліз" жасап алған және сол арқылы бұлар осы жүйені айналып өтетін болған. Яғни тергеушілерден тапсырма алған осы ауыр экспресс-құрам бизнесті үрейлендіріп отырған!", – деп көркем сөзбен түйіндеді Марат Ахметжанов.

Бұл жерде аталған барлық орган бір жерде, мемлекеттік кіріс комитеті аясында жұмыс істейтінін еске сала кеткен жөн. Сондықтан болар, өз орынбасарының мәлімдемесіне пікір білдірген бас прокурор қаржы министрлігі экономикалық тергеу қызметінің басшысы өз еркімен қызметінен кетуі керектігін білдірді.

"9 мың іс тіркеліпті және ол бойынша қылмыстық процесс – тергеу, жол кесу шаралары, шектеу, тұтқындау және басқалары басталған! Бұл енді салық және бақылаушы органның жұмыс форматы емес, бұл – құқық қорғау органы жүргізетін процесс! Өздері мойындағандай, бұл істердің жартысы тоқтатылған. Мұндай қылмыстық қудалауға мемлекеттік кіріс комитетінің бір бөлімшесі бастамашы болады, екіншісі оны жүргізеді. Яғни өзара хат жазысады да, кімнің үстінен қылмыстық іс қозғағысы келсе, қозғай береді. Кез келген мемлекетте осының өзі Экономикалық тергеу қызметінің бүкіл басшылығының өз лауазымына лайық еместігі туралы мәселе қоюға жетеді!", – деп нықтады Жақып Асанов.

Бас прокуратураның дерегіне сүйенсек, мұндай тергеу, яғни бизнесменді қудалау орташа есеппен 3 айға созылады екен. "Кәсіпкерлердің көбі мұндай қысымға шыдай алмайды. Бірақ әрбір алтыншы қылмыстық іс қана сотқа дейін жеткізілген. Тексеру барысында мемлекеттік органдар бизнеске қажетсіз және ескірген талап қояды. Олардың бірқатары тіпті де ойға қонымсыз және ешқандай қисынға келмейді. Мысалы қоғамдық тамақтануға арналған санитарлық ережелер суық ас түрлерін әзірлейтін орынның тек солтүстік-батыс жақта орналасуын талап етеді. Сондай-ақ торт кесіп немесе бөлшектеп сатуға салынған тыйым әлі күнге күшінде!", – деген бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов талдау барысында осындай күлкілі әрі келеңсіз талаптың 8 мыңнан астамы анықталғанын мәлім етті.

Айтқандай, мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Қазақстанда қалыптасқан бір жағдайды өкінішпен жеткізді:

"Қазір кәсіпорынды жапқаннан гөрі, банкрот болу әлдеқайда оңай. Кәсіпорынды ерікті түрде жою рәсімі кезінде жүргізілетін тексеру проблемасы – осы саладағы дертті мәселенің біріне айналды. Кейде масқара, абсурдқа дейін барады: бірер жыл бизнеспен айналысып, табыс таба алмаған кәсіпкер қызметін тоқтатады, бірақ жылдар бойы өз кәсіпорнын жоя алмайды. Негізі шағын бизнес субъектілерін жою рәсімі мейлінше қысқа мерзімде, мысалы 10 күн ішінде жүргізілуге тиіс. Мемлекеттік кіріс органдарына сол субъектінің артында өтелмеген қарыздары мен салықтары, міндеттемелері бар-жоқтығын тексеруге осы уақыт та жеткілікті!", – дейді Гүлжан Қарағұсова.

Бұл жерде айырмашылықты түсінген жөн: кәсіпорнын, бизнесін өз еркімен тарататын кәсіпкер барлық салықты төлейді. Ал кәсіпорынды банкроттыққа жеткізген басшылар әдетте бар қаржыны шабаданға салып, шетелге тайып тұрады. Мұны жұртшылық банк саласындағы ("Валют Транзит банк", Мұхтар Әблазов және басқалары) және құрылыс компанияларына ("Азбука жилья" басшысы Ерқанат Тайжанов және басқаларына) қатысты мысалдардан жақсы біледі.

Әрине кәсіпорын тарихын аяқтаудың бұл екі жолы да көңілсіз. Бірақ мемлекет үшін қайсысы тиімдірек екені аңғарылатындай.

Бұған жауап ретінде қаржы министрі Бақыт Сұлтанов кәсіпорындардың жабылу кезіндегі тексеру жүргізуді аутсорсингке бергенін жеткізді. "Соның нәтижесінде тарату рәсімі жеңілдеді, тексеру саны мен оны жүргізу мерзімі қысқарды. Бұдан басқа салық төлеушіге айыппұл салуға дейін жібермей, қателігін өз бетінше жою мүмкіндігі берілді", – дейді министр.

Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий бизнесмендер маңдай соғатын тағы бір кедергі туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, адал кәсіпкерлердің әрбір үшіншісі өз қызметінде "жалған кәсіпорынмен" жолы түйісіп отырады, соның кесірінен бизнесіне күйреу қаупі төнеді. Өйткені сол үшін оған орасан зор айыппұл салынады.

"Жалған кәсіпкерлік бойынша ендігі аяқталған қылмыстық іс негізінде 90 млрд теңге айыппұл белгіленген! Егер осы 90 млрд-ты айналымнан алып тастасақ, көптеген бизнес субъектісі зардап шегеді, көпшілігі жабылып қалады. Адал салық төлеуші контрагент ретінде тек бір рет жалған кәсіпкердің есепшотын төлегені үшін жапа шеккен факті көп", – дейді Игорь Шацкий.

Шығысқазақстандық кәсіпкерлер палатасы жергілікті прокуратурамен бірігіп, осы кәсіпкерлерге "экономикалық рақымшылық-амнистия" жариялау туралы бастама көтерген екен. Бірақ үкімет бұл идеяны әзірге қолдамай отыр.

Солтүстік көршімізде құқық қолдану проблемалары институты терең зерттеу жүргізе келе, жыл сайынғы тексеру Ресейдің жалпы ішкі өнімін, кем дегенде, 0,2%-ға кемітетінін анықтады. Себебі ұдайы тексеруге душар болған кәсіпорынның табысы орташа алғанда 6,2%-ға азаяды екен.

Қазақстанда бұл көрсеткіш белгісіз. Бірақ бизнесмендердің қандай қиындық көріп отырғанын білетін "Атамекен" палатасы жақында үкіметке тексеруді қысқартудың нақты шараларын ұсынды. Нәтижесінде бақылаушы-қадағалаушы органның бизнеске қысымын төмендетуге, кәсіпкерлер құқығын қорғауға, әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған "Жол картасы" әзірленді. Оның орындалуына билік те, бизнес те мүдделі.

Жауырын қарап, жорамал түзбей-ақ қоялық. Бірлескен күрестің ақырғы нәтижесі қандай боларын әрине, тек уақыт көрсетеді. Қалай болғанда, бұл Қазақстанның дамыған елдер қатарына кіру мүмкіндігін айқындайтын фактор болмақ. Мәселенің маңыздылығын осыдан-ақ түсінеміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу