Телеграм арна ашып, қанша табыс табуға болады?

1672

Небәрі 5 мың жазылушысы бар цифрлық контент авторы 1 жарнамасы үшін 100 мың теңгеден көп алады.

Телеграм арна ашып, қанша табыс табуға болады? Фото: inbusiness.kz

2013 жылы Павел және Николай Дуров негізін қалаған Telegram Еуропа, Азия және Африка елдерінде WhatsApp-тан кейінгі ең танымал мессенджер саналады. Компанияның мәліметінше, 2024 жылғы шілдеде Telegram-ның ай сайынғы белсенді пайдаланушыларының саны 950 миллионнан асқан. Жыл соңында миллиардқа жетуі мүмкін. Пайдаланушыларының көптігі жөнінен әлемде Үндістан алда. Telegram штаб пәтері Дубайда орналасқан.

"20 миллион қазақстандықтың 12,5 миллионы ай сайын Телеграмды қолданады. Өткен жылмен салыстырғанда, Қазақстанда пайдаланушылар саны 2024 жылы 25%-ға артты. Біз Қазақстан халқы үшін басты коммуникациялық платформа қызметін атқаратынымызды мақтан тұтамыз", – деп жазды биылғы шілдеде Павел Дуров.

Шын мәнінде, Қазақстан халқының басты коммуникациялық тұғырнамасы сол бұрынғыдай WhatsApp болып қалды. Азаматтардың көбі Телеграмда да тіркелгенімен, оны белсенді пайдаланбайды. Оның үстіне ресейлік әзірлеме болып табылатын Telegram-ның ресейлік құзырлы органдармен өз пайдаланушылары туралы ақпаратпен бөлісетіні айтылып қалды.

Содан өзге елдер түгіл, Ресейдің өзінде "Маған Телеграмға жазба!" деген бұқаралық қозғалыс пайда болды. Ал ресейлік, қазақстандық және басқа айтишілер пікір алмасатын Habr форумы: "Жұмыс үшін Telegram-ды пайдалануды доғарамыз! Жақсырақ кәсіби мессенджерлерді таңдаймыз!" деген шолуларға толды.

Дегенмен, Телеграмда ары қарай қалған қазақстандықтар одан қандай пайда табуға болатынын біле жүргені жөн. Маркетолог Ольга Офицерова тг-каналды монетизациялаудың жұрт біле бермейтін 7 тәсілін айтып берді.

"Таяуда Павел Дуров контент авторларына қаламақы төлеу басталатынына аңдатпа-анонс жариялады. Олар төл тг-арналарында компания орналастыратын жарнама құнының 50%-ына дейін ала алады. Бірақ бұл игіліктен Ресей құр қалды. Қазақстандықтар пайдалана алады. Табыс табу үшін ең бастысы, барынша көп жазылушы тартып, қызықты контентпен үнемі назарын аудартып тұру керек. Сонда халықтың телеграм-арнаңызға деген назарын монетизациялай аласыз", – деді маркетолог.

Ол Дуров төлеуі мүмкін қаламақы сыртында Телеграмдағы табыс табудың келесі жолдарын айтты. Екіншіден, жазылушыларға төл өнімдеріңіз бен қызметтеріңізді сатасыз. Үшіншіден, "серіктестік проценттік сыйақы" үшін басқалардың өнімдерін сатасыз. Төртіншіден, басқа каналдар мен сыртқы жарнама берушілерге жарнама сата аласыз. Бесіншіден, "Қалай табыс табуға, баюға болады?" деген сияқты қаптаған тақырыпта онлайн курстарды, кеңес-консультацияларды сата аласыз.

Алтыншыдан, ақылы контент жасай аласыз. Жетіншіден, Қазақстанда жыл сайын жүретін шетсіз-шексіз сайлаулар, референдумдар және басқасы кезінде мемлекеттік тапсырысты, партиялардың, штабтардың, кандидаттардың және басқаларының тапсырысын игеруге болады. Кейінгі жылдары заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес, үгіт науқанын енді интернет-платформалар мен мессенджерлер арқылы жүргізуге де жол ашық.

"Телеграм арналарды көптеген кәсіпкер төл қызметтері мен өнімдерін сату үшін ашады. Мысалы, сіз заңгер, мұнай-газ саласының кеңесшісі, немесе дизайн-студияның қожайыны болсаңыз, көрсететін ақылы қызметтеріңізді, өнімдеріңізді қалай ілгерілетесіз? Бұл үшін өз атыңыздан бренд жасауыңыз қажет. Тг-канал ашып, онда қоғам мен мемлекет үшін көкейкесті тақырыптарда төл, эксперттік пікіріңізді беріп отырамыз. Инсайд-ақпараттарыңыз болса, заң бұзбаса, оны да жедел ұсыныңыз. Ел сізді білікті сарапшы деп таныса, танымал болсаңыз, салмақты компаниялар да өз брендін ілгерілету үшін сізді жұмысқа шақыратын болады", – деді Офицерова.

Мысалы, қызметі арзан болмаса да танымал дизайн студиясының негізін қалаушы, директоры Антон Черногоров бірлі-жарым клиенті кіретін студиясының қызметін жарнамалайтын тг-арнасының атауын өзгертті. Оны түрлі кеңестер беретін жеке блогына айналдырды. Бүгінде оның тұрақты жазылушыларының саны 6 мыңға жуықтады.

"Мен каналымның атын ауыстырып, аваға өз фотомды қойдым. Бұл бизнестің мақсаттарына жетіп, ілгері жылжу үшін қажет болды. Мұны дәрігердің қабылдауымен салыстыруға болады. Сіз кіре сала, оның бірден емдеу жолы мен рецептін жазып беруін күтпейсіз. Ең алдымен сізді не алаңдататынын тыңдағанын қалайсыз, проблемаларыңызды айтасыз. Содан кейін анализдер тапсырып, соның негізінде емдеу жоспары жазылады. Бізде де солай: клиенттердің мәселелері бар, оны емдеу үшін бірінші кезекте, жағдайды талдауды, ағымдағы ахуал туралы дерек жинауды ұсынамын", – деді Антон Черногоров.

Егер оқырман қандай да бір телеграм-арнаға бас сұқса және онда тек жарнама ғана орналасқанын көрсе, бір-екі рет парақтап, шығып кетері сөзсіз. Ал, егер онда жарнамамен бірге өзіне қажетті кеңестерді, жаңалықтарды тапса, келесі жолы қайта оралуы әбден мүмкін. Черногоров қызметін кеңейтіп, қарауына 22 дизайнерді жалдады. Тг-арнасы арқылы ол тұрақты және жаңа клиенттерімен ақылдасып, сұранысын қабылдап, кері байланыс жасап тұрады.

Демек, эксперттік контентті сатушы посттармен араластырып отырған жөн. Мысалы, зергерлік салондардың бірінің тг-арнасы клиенттерін барынша көп өнім сатып алуға ынталандырудың жолын тапты. Ол өз каналында "Стихиялар (табиғаттың сұрапыл күштері) коллекциясын жасау" идеясын ілгерілеткен. "Стихияларға" от, су, ауа және жер жататыны белгілі. Зергерлер табиғаттың қуатты күштерінің әрқайсысына "мынау сәйкес келеді" деп кеңес беріп, әшекейдің түр-түрін ұсынады. Клиенттер қалауына қарай солардан өз "стихиялық жиынтығын" жинай алады. Салон сондай-ақ әрбір клиентіне "Зодиак белгісіне" сәйкес келетін төл әшекейі мен асыл тасын таңдап береді.

Айтпақшы, қолы боста хендмейд жасайтын оқушылардан бастап, әжелерге дейін өнімін Телеграм, Инстаграм арқылы сатып жүр.

Сарапшылар Телеграмда өнімдерді Webapps, соның ішіндегі интернет-дүкен арқылы сатуға болатынын қаперге салады. Клиенттер мессенджерден шықпай-ақ тауарларды сатып алады. Бұл қолайлы.

Танымал тг-арналардың тағы бір басты кіріс көзі – жарнама. Бірінші тәсілден айырмашылығы, мұнда блогерден нақты бір саланың маманы, эксперті болуы талап етілмейді. Ол қызықшыл, "тірі аудиторияны" молынан жинай алса, оны жарнама берушілердің өзі іздеп табады.

Бұл ретте тар тақырыпқа арналған эксперттік арналарда жазылушылардың аздығына қарамастан, жарнама ақысы жоғарылау болуы мүмкін. Мысалы, құрылыс салу, баспана жөндеу жұмыстары сияқты тг-арналарда жарнамалық пост 100 мың теңгеден басталуы мүмкін.

Мұны әрине, миллиондық аудиториясы бар ірі блогерлердің сыйақысымен салыстыруға келмейді: олар әр жарнамасы үшін 1-3 миллион теңгеден алады. Олар сондай-ақ жарнамалық постты жоймау ("не удалять") үшін де қосымша ақы алатын көрінеді. Бірақ кең танымал блогерлерге алып аудиториясын сақтап қалу үшін сорақы істерге дейін баруға тура келетінін ұмытпаған жөн. Олар отбасылық құпия-сырларын сыртқа шашады, жұбайының көзіне шөп салып, немесе жұртшылық көзінше басқаға қырындап, өз отбасын ойрандауға барады, ел алдында түрлі жанжал көтеріп, төбелес шығарып, түрмеге отырған блогерлер көбейді.  

Олармен салыстырғанда, эксперттік блогерлер негізінен, бедел-имиджін, ар-ожданын, парасатын сақтайды.  

Teletarget биржасының дерегінше, мысалы, дәмді тамақтардың рецептісімен бөлісетін, 572 мың жазылушысы бар үйбикесі жарнаманы 1 күнге орналастырғаны үшін 70 мың рубль (шамамен 370 мың теңгедей) ақы алады. 1 сағатқа ғана бекіту – 5 мың рубль (шамамен 26 мың теңге) тұрады.

Онымен салыстырғанда, 5 мыңдай ғана жазылушысы бар маркетолог Ольга Офицерова әр жарнамасына 20 мың рубль ақы алады. Жарнама берушілер бірер айға оза жазылып қойған. Егер тг-каналының жазылушыларын 500 мыңға дейін өсіре алса, ақысы да 200 мыңға дейін өсуі ықтимал. Өйткені жалпы бұқараны көбірек қызықтыратын кең тематикалы каналдарға қарағанда эксперттік каналдардың жарнамалық қызметі қымбатырақ тұрады.

Телеграмда жарнама сатудың 5 басты тәсілі бар:

  • Жарнама берушілердің өздері тауып, сізге шығады.
  • Сіздің өзіңіз компанияларға, белгілі тұлғаларға хабарласып, қызметіңізді ұсынасыз.
  • Каналыңызды биржада орналастырасыз (олардың саны оннан асады: telega.in, gooroo.works, teletarget.com және басқасы).
  • Жарнаманы ілгерілететін менеджерді жалдайсыз, олар әдетте жалақы сұрамайды, сізге әкелген тапсырыстың орта есеппен 15–20%-ын алады.
  • Яндекстің монетизациясын пайдаланасыз. Бұдан түсетін табыс шамалы, есесіне жазылушыларыңызды Яндекс жарнамамен ығыр етеді.

Жалпы, Telegram болсын, Instagram, YouTube (блогерлердің негізгі табысы осы екеуінен) немесе басқасы болсын, цифрлық контент авторларына өз кәсібіне қосымша табыс табуға мүмкіндік ұсынады.

Мәселен, таксишілер, СТО қызметкерлері, автобус жүргізушілер және басқасы клиенттерінің бет-жүзін көрсетпей, видео түсіріп, өзінің күнделікті жұмысында кездесетін қызықты оқиғалар, көлікке және оны жөндеуге қатысты мәліметтерді айтып, аудиториясымен бөлісе алады.

Егер қызықты әңгімелеп, қызықты видео түсіре алса, үй шаруашылығында отырған үйбикелер өзінің де іші пыспайтын, өзгенің де ішін пыстырмайтын блогерге айнала алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу