Темір жол көлігімен жүк тасымалдаудың тарифі өзгереді

5183

"ТТТ-Сервис" ЖШС-ның өндірістік шығыны 83 млрд 547 млн теңгені құрайды екен.

Темір жол көлігімен жүк тасымалдаудың тарифі өзгереді

Темір жол көлігімен жүк тасымалдау қызметін көрсететін "ТТТ-Сервис" ЖШС алдағы уақытта қызмет ақысын өсіретінін мәлімдеді. Осыған орай ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде қоғамдық талқылау өтті.

Жиынға қатысушылардың алдында "ТТТ-Сервис" ЖШС директорының міндетін атқарушы Еркін Абелдинов сөз сөйлеп, серіктестіктің әлеуеті мен мүмкіндігін тілге тиек етті. Сонымен қатар ол тариф саясатын өзгертуге түрткі болып отырған негізгі себепті атады.

Оның сөзінше, 2012 жылы Алматы облысы мен Алматы қаласының аумағында жүк тасымалдау қызметін көрсету үшін құрылған серіктестік биылдан бастап Атырау, Павлодар, Түркістан облыстарына да жүк жеткізе бастаған.  

"Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы бізге магистральдық темір жол желісінде қызмет көрсету құқығын берді. Қазір біз мердігер компания ретінде қызмет көрсетіп отырмыз. Серіктестіктің паркінде 64 локомотив бар. Оның алтауы өзіміздікі, қалғаны жалға алынған. Бізде 2 046 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы өз ісінің кәсіби мамандары", – деді Еркін Абелдинов.

"ТТТ-Сервис" ЖШС өкілінің мәлімдеуінше, қызмет көрсетудің өндірістік шығыны 83 млрд 547 млн теңгені құрайды. Бұл шығын тариф саясатына өзгеріс енгізу арқылы өтелмесе, серіктестіктің қаржылық жағдайы тығырыққа тіреледі.

"Депоны, локомотивті жалға алуға, қызметкерлердің айлық жалақысын төлеуге, техниканы жөндеуге, жанар-жағармайға да қыруар қаржы жұмсалады", – деді Еркін Абелдинов.

Өз кезегінде "ТТТ-Сервис" ЖШС-ның қызметін тұтынатын компаниялардың басшылары мен өкілдері қарап қалмады. Олар жүк тасымалдаудың тарифі өскен кезде тасымал сапасы арта ма деп сұрады.

Бұл сұраққа Еркін Абелдинов: "Осыған дейін жүк жеткізуде ешқандай кемшілікке жол берген жоқпыз. Себебі біз тапсырыс берушінің сенімінен айырылғымыз келмейді. Тарифке өзгеріс енсе талаптың бұрынғыдан күшейе түсетінін біліп отырмыз. Қызмет көрсететін барлық компаниямен келісімшартқа отырамыз. Онда біздің тарапымыздан кеткен қате-кемшілік үшін тапсырыс берушіге өтемақы төлейтініміз нақтыланған. Біз кез келген жүктің дәл уақытында тиісті жеріне жеткізілуіне мүдделіміз. Бұған қоса сіздерде таңдау құқығы бар. Біздің қызмет көрсетуіміз көңілдеріңізге қонбаса келісімшартты бұза аласыздар. Біз мұндай жағдайды болғызбау үшін міндетімізді мінсіз атқаруға тырысамыз", – деді Еркін Абелдинов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу