Темір жол саласындағы кәсіпорындардың өніміне сұраныс жоқ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
17472

Осының салдарынан Екібастұздағы үш зауыт жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр. 

Темір жол саласындағы кәсіпорындардың өніміне сұраныс жоқ Фото: Яков Фёдеров

Өткен жылдың қыркүйек айында Екібастұз қаласындағы "Проммашкомплект" зауытындағы жұмыстың уақытша тоқтағанын жазған едік. Сол уақыттан бері өзгерген ештеңе жоқ. Қайта, "Проммашкомплектпен" бірге бір қазанда қайнап жатқан тағы екі зауыттың тағдыры таусылуға жақын. Дәлірек айтсақ, темір жол саласына қажетті бөлшектер шығаратын "R.W.S.BINDING" және "R.W.S.Concrete" зауыттарының басына да қара бұлт үйіріліп, жұмыстарын уақытша тоқтатты. Осылайша, дәл қазіргі уақытта Екібастұздағы үш бірдей зауыттың жұмысы қаңтарылып тұр.

Бұған ең алдымен зауыттар шығаратын өнімдерге деген сұраныстың жоқтығы себеп. Амалы құрыған басшылық қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр. Үш зауыт басшылығының Павлодар облысы билігінен көмек сұрап, хат жолдауы да сондықтан.

Бұл кәсіпорындар әр жылдары үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған болатын. Осы уақытқа дейін 70 млрд теңге инвестиция құйылып, жылына 4 млрд теңге салық төлеп келді. Үш компанияда барлығы 1100-ден астам адам еңбек етеді.

Компаниялардың негізгі сатып алушылары – "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы мен оған қарасты мекемелер. Өкінішке қарай, екіжақты ұзақмерзімді келісімшарт жасалғанына қарамастан, ұлттық компания мен оған қарасты мекемелер 2020 жылға тапсырыс бермеген. Ал "Қазақстан темір жолы" болса, отандық өнімдерді емес, Қытай, Ресей, Түркия, Украинада жасалған дүниелерді сатып алуда. Бұл өз кезегінде екібастұздық компаниялардың жұмысына кері әсерін тигізіп отыр.

Павлодар облыстық "Сарыарқа самалы" газетінің жазуынша, рельстік бекітпелер шығаратын "R.W.S.BINDING" компаниясы қазірдің өзінде-ақ өнім шығаруды тоқтатқан. Сұраныстың жоқтығынан, кәсіпорынды уақытша жабудан басқа амал қалмаған секілді.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясымен баға, көлем мәселесі бойынша ортақ келісімге келуге қанша тырыссақ та, еш нәтиже шықпады. Ресей мен Қытай нарығында да темір жол бөлшектері жеткілікті көлемде шығарылады. Яғни, екібастұздық өнімге деген қажеттілік жоқ. Сондықтан өндірісті тоқтатуға тура келді, – дейді "R.W.S.BINDING" кәсіпорнының өкілдері.

Соның салдарынан 33 қызметкерді кезек-кезек демалысқа жіберуге мәжбүр. Ал 10 реттеуші мүлде жұмыс істемейді. Бұл кәсіпорын кезінде жұмысшыларды Еуропаның озық елдеріне оқуға жіберіп, олардың білім алуына жағдай жасаған еді. Сондықтан тәжірибелі, білікті мамандарды жоғалтқысы жоқ. Былтыр зауыт жұмысы тоқтап, қаржылық қиындықтар болғанына қарамастан, ай сайын еңбекақының 50 пайызын төлеп отырған. Жыл соңында 13-інші жалақыны да берген. Олар басқа жұмысқа ауысса, кәсіпорын білікті кадрларынан айырылады.

Бұл мәселеден облыс басшылығы хабардар көрінеді. Павлодар облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Анар Айтқазиннің айтуынша, Екібастұзда жергілікті кәсіпорындар мен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы өкілдерінің қатысуымен кездесу өткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте, Павлодар облысы тарапынан ұлттық компанияға тиісті хат жолданған.

Қалай десек те, бұған дейін екібастұздық зауыттардың өнімін пайдаланып келген "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының 2020 жылдан бастап ұзақмерзімді әріптестіктен бас тартуының да бір себебі бар шығар. Бәлкім, отандық өнім сапасыз болар. Әлде әр компанияның басында тұрған "серкелердің" мүддесі бір жерден жатыр ма? Әйтеуір, үлкен бір гәп бар...

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу