Алматылық "Қайрат" клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков Sofascore статистикалық порталы ұсынған рейтингте үздік көрсеткішке қол жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қақпашы 8.90 ұпайымен тізімнің басында тұр. Одан кейінгі орындарда Килиан Мбаппе ("Реал Мадрид") – 8.34, Виктор Осимхен ("Галатасарай") – 8.33 және Никита Хайкин ("Будё-Глимт") – 8.10 көрсеткіштерімен орналасқан. Осылайша, қазақстандық қақпашы бірқатар әлемдік жұлдыздарды артта қалдырды.
Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасындағы сенімді ойынымен спорт сарапшыларының да жоғары бағасын алып отыр. Астанада өткен "Қайрат" – "Олимпиакос" кездесуінде ол UEFA тарапынан матчтың үздік ойыншысы (MVP) деп танылды. Қақпашының шеберлігі 9.2 баллға бағаланып, ойын барысында ол 8 сейв жасады.
Сондай-ақ, Темірлан Анарбеков – Қазақстан атынан Чемпиондар лигасында MVP атағын иеленген алғашқы футболшы. UEFA сарапшылары қазақстандық қақпашының екі сейвін турдың үздіктері қатарына енгізді. Чемпиондар лигасының алғашқы күні өткен тоғыз матч ішіндегі үздік сегіз сейвтің қатарында оның көрсеткіштері де бар.