Теміртас Жүсіпов Әлем чемпионы атанды

1687

Өкінішке орай, тағы бір қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан финалда жеңіске жете алмады.

Теміртас Жүсіпов Әлем чемпионы атанды

Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов финалдық жекпе-жегін өткізді. Оның қарсыласы таиландтық Вуттичай Юрачай болды. Кездесуде Жүсіпов 5:0 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті. Оған қоса үшінші раундта Теміртас қарсыласын нокдаунға жіберді.

Жекпе-жек аяқталған соң Теміртас Жүсіпов кездесуге қатысты пікір білдірді.

"Әлем чемпионы болу менің арманым еді. Ал спорттық мансабым аяқталар тұста мен бапкерлер қойған өз міндетімді орындадым деуге болады. Қарсыласпен алғаш рет кездесуім. Жекпе-жек барысында бапкерлер онымен қалай жұмыс істеу керектігін айтты", – деді Жүсіпов.

Тағы бір қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан өкінішке орай әлем чемпионы атана алмады. Ол 54 келіге дейінгі салмақтағы финалда жапониялық Томойа Цубойға 0:5 есебімен есе жіберді. Осылайша Махмұд Сабырхан күміс жүлдегер атанды.

Бүгін, 6 қарашада әлем чемпионатында тағы алты салмақ дәрежесін бойынша финалдық кездесулер өтеді. Қазақстан атынан рингке Сәкен Бибосынов (51 келіге дейін) пен Серік Теміржанов (57 келіге дейін) шығады.

Биылғы әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 2,6 миллион долларды құрайды. Өз салмақ дәрежесіндегі чемпиондар Халықаралық бокс федерациясынан (AIBA) 100 мың доллар, күміс жүлдегерлер 50 мың доллар, қола жүлдегер 25 мың АҚШ доллар сыйақы алады. Әлем чемпионатында мұндай жүлде бірінші рет берілмек.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу