Хабаровск қаласында Кеңес Одағының Батыры Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық бокс турнирі өтіп жатыр.
Жарыстар 2025 жылғы 15 сәуірде "Платинум Аренада" басталып, 19 сәуірге дейін жалғасады. Турнир Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған.
Биыл бұл турнирге Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тунис, Ирак, Тәжікстан, Сенегал, Конго, Куба, КХДР, Қытай, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Беларусь және Грузияны қоса алғанда, 16 елден 150-ден астам спортшы қатысуда.
Қазақстандық Теміртас Жүсіпов Хабаровскідегі (Ресей) турнирді сәтті бастады. 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен алғашқы жекпе-жекте ол ринг иесі Михаил Прокопьевті 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.
37 жастағы Жүсіпов – қазақ әуесқой боксының аңызы. Ол – әлем чемпионы (2021), Азия чемпионы (2013, 2019), сондай-ақ WSB сериясының жеңімпазы (2015), Дүниежүзілік әскери ойындардың (2019) және әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатының (2021) чемпионы. Сонымен қатар, бірнеше рет Қазақстан чемпионатын жеңіп алған.
Бұған дейін Хабаровскіде Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасында жекпе-жектер өткен еді. Атап айтқанда, әйелдер арасындағы 75 келіге дейінгі салмақта Шұғыла Нәлібай өзбекстандық Азиза Зокироваға жол берді. Ал ерлер арасындағы 71 келіге дейінгі салмақта Фарух Тохтасунов Асилбек Абдурахмановқа есе жіберді.
Сондай-ақ, 75 келі салмақта отандасымыз Анастасия Баязитова Тунис спортшысына жол берді. 51 келіде Бекзат Алдамжаров 1:4 есебімен Амиршо Жалоловтан жеңіліс тапты.