Теміртауда шенеуніктер "АрселорМиттал" мердігерлерінің санасын "жаңғыртты"

2596

Мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлерді статистикалық көрсеткіштерді үш есе арттырып, статистикалық есепті "жақсартуға" көндіргілері келді.

Теміртауда шенеуніктер "АрселорМиттал" мердігерлерінің санасын "жаңғыртты"

Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов, "Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарамасы" ММ басшысының орынбасары Тайхан Қалмаханов және АМТ күрделі жөндеу бөлімінің басшысы Александр Федеренко 30 қараша күні өткен жиналыста "АрселорМитталТеміртау" компаниясының мердігер ұйымдары басшыларын 1-КЖ формасы бойынша статистикалық есептегі көрсеткіштерді үш есе арттыруға үгіттеген. Осы іс шараның аудиожазбасы біздің қолымызға 5 желтоқсан күні түсті.

Теміртау қаласында өткен жиналыс президент еңбек еткен қаланың жоғары көрсеткіштер мен мақсатты индикаторлардың жақсы нәтижесіне қалай қол жеткізіп жатқанын ашып берді.

Жиналысты АМТ зауыт басқарамасына келген қала әкімі Ғалым Әшімов ашты. Қала әкімі әр сөзін салмақтап, басты тақырыпты қозғау үшін ұзақ сөйледі. (Оқырмандарға түсінікті болу үшін жиналыста сөйлегендерің сөзін толығымен беріп отырмыз).

(01’01”- материалға берілген аудиофайлдағы цитатаның басталу уақыты  - ескерту. abctv.kz)  "Қайырлы күн, құрметті жиналысқа қатысушылар. Біз "АрселорМитталТеміртау" басшылығына сіздердің барлығыңызды жинауды өтіндік. Барлығыңыз осы үлкен кәсіпорында жұмыс істеп жатқандықтан статистикалық есеп бересіздер. Осы есепте "атқарылған құрылыс жұмысының көлемі" деген бір бөлім бар. Барлықтарыңыз  "АрселорМиттал"-да құрылыс-монтаж жұмысын атқарасыздар. Біреулеріңіз тоқсандық, кейбіреулеріңіз айлық есеп жасайсыздар. Бүгін сіздермен келіссөз жүргізсек деп едік. Мен сіздердің қараша айында қандай көлемді жоспарлап отырғандарыңызды, ақшалай көлемі қанша болатынын білгім келеді".

Келесі  болып АМТ күрделі жөндеу бөлімінің басшысы Александр Федеренко  сөз алды: (01’58”) "Өзім басқарып отырған күрделі жөндеу бөлімі бойынша айтар болсам, 2017 жылдың қараша айында игерілген ақша 903 млн теңгені көрсетіп отыр, бұл  ғимараттың  және имараттың, сондай-ақ АМТ темір департаменті бойынша бір реттік жүргізілген күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарына кеткен қаражат. Егер инвестициялар жайлы айтар болсақ, онда олар шамамен 800 млн теңге, осының барлығын қосқанда жалпы сома бір миллиард жеті жүз, сегіз жүз  мың теңге".

Қала әкімі АМТ компаниясының басшыларына барлық мердігерлерден сұрауды ұсынды.

(04’21”)  "Былай істейік, осы жерде барлық кәсіпорынның басшысы отыр. Әрқайсысына жеке тоқталып, басшыларын көріп, сөйлесейік. Бастаңыздар, әрқайсысын орнынан тұрғызыңыздар".

Мердігерлер болса, қарсылық таныта бастады. Бірақ та оған қарамастан, әрқайсысын жеке-жеке  бірінен кейін бірін тұрғызып, кәсіпорнының аты мен қараша айында атқарылған жұмыс көлемін қандай сомаға жабатынын сұралды.   

Осы арада жиналысқа қатысушы жергілікті мердігер ұйымдардың барлығы да іс жүзінде АМТ компаниясының басыбайлы ұйымдары екенін естен шығармаған жөн. Оларға АМТ басшылығы тіпті атқарылған жұмыс құжаттарына қол қоймай немесе уақытында ақшаларын бермей қоюы мүмкін. Ал егер қарсылық танытатын болсаң, онда компаниямен арадағы келісімшарттан айырылып қаласың. Сондықтан кәсіпорын басшылары амалсыздан орындарынан тұрып, өздерінің коммерциялық құпиясы болып саналатын сандарды айтуға мәжбүр болды.

Содан кейін сөз кезегі "Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарамасы" ММ басшысының орынбасары Тайхан Қалмахановқа тиді.

(10’24”) "Әріптестер, мәселе мынада болып тұр. Құрылыс жұмысының көлемі ­– елдегі статистика басқармасының қадағалап отыратын басты индикаторы. Қазіргі таңда Қарағанды облысы 100,1% деген көрсеткішті көрсетіп отыр. Бірақ та жыл қорытындысы бойынша көрсеткіштің өзгеру қаупі бар. Сондықтан бүгін Ғалым Әбиханұлы (Теміртау қаласының әкімі –автор) АМТ компаниясының атқарушы директорымен сіздерді, яғни  темір департаменті бойынша жұмыс істейтін мердігерлермен сөйлесіп, бір-бірімізді түсіну үшін  осы араға жинап отыр. Қазіргі уақытта бізді жұмыскерлерінің саны 100-ден асатын, ай сайын статистика органына есеп беретін  ірі кәсіпорындар қызықтырып отыр. 4 желтоқсанға дейін сіздер 1-КЖ формасын өткізесіздер".  

Ұзақ сөйлеген облыстық шенеунік мердігерлерге өз өтінішін жеткізді: (22’28”) "Ашық айтсам, сіздерге бір өтініш бар...Теміртау Қарағанды облысының жүйе құрушы қалаларының бірі, сондықтан ай және жыл қорытындысы бойынша шығатын көрсеткіштер облыс көрсеткішіне әсер етеді. Сондықтан ірі кәсіпорындарға өтініш, дүйсенбі күні статистика органына есеп бергенде жоқ дегенде үш есе артық есеп беруді сұраймын. Егер сіздердің атқарған жұмыстарыңыз 65 млн теңге болса, жоқ дегенде 180  млн теңге деп көрсетіңіздер.. қандай да бір сұрақ, заңды тұрғыдан түсінбеушілік болса, бірден сұраңыздар"

Мердігер кәсіпорындардың басшылары естігендерінен есін жинағанша, қала әкімі сөз алды:

(23’01”)  "Егер мысалы, бухгалтерлер бұл үшін әкімшілік жауапқа тартады дейтін болса, бірден мәселені шешеміз. Жаңа айтып кеткеніміздей, осы айда көрсеткішті дұрыстауымыз керек. Біздің өтінішіміз осы. Сізге де өтініш (Александр Федеренкоға қарап-автор) көмектесіңіз"

Залда отырғандардың шыдамы да шегіне жетті. Кәсіпорын директорлары мемлекеттік шенеуніктердің статистикалық есепті бұрмалау бойынша ұсынысын даурығып талқылай бастады.

Бұған бірінші болып Теміртау қаласының әкімі шыдамады: (23’46”)  "Не болды, мен не күлкілі бірдеңе айттым ба? Несі күлкілі? Тым болмаса, жиналысты сыйлау керек қой".

Содан кейін ақырын ғана: (24’33”) "Осындай өтініш бар, бізге осы тұрғыдан қолдау көрсетсеңіздер. Жылды дұрыс жабу үшін көмектесіп жіберсеңіздер. Сұрақтарыңыз болса, қойңыздар",- деді.  

Осы кезде әңгімеге Тайхан Қалмаханов араласып, мердігерлерді жалған есеп беруге үгіттей бастады.

(25’47”) "Егер әкімшілік санкция болады деген қорқыныштарыңыз бен күдіктеріңіз болса, онда бірден айтайын, статистика органы 700 млн теңгеден асқан есепке ғана тиседі. Есеп осы сомадан асса ғана олар тексере бастайды. Ал қазір біздің айтып отырған сомамыз статистика комитетінде күдік тудырмайды"

Одан әрі қарай ол кәсіпорын директорларына бұл үшін басшыларға ештеңе болмайтынын айтып, сендіре бастады. 

 (26’57”) "Егер алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша шыдамасаңдар, онда есепті дұрыс бермеппіз деп түзету енгізесіңдер. Бұл үшін ештеңе болмайды, тек ескерту аласыңдар. Екінші рет те тек ескерту береді. Тек үшінші рет қайталанатын болса ғана әкімшілік құқықбұзушылық деп 20 АЕК көлемінде айыппұл төлейсіңдер".

Содан кейін "Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқарамасы" ММ басшысының орынбасары Тайхан Қалмаханов компанияның мердігерлері арасында ешкім жаман емес екенін айтып:

(27’38”) "Сіздер органдар қылмысық іс қозғайтындай ақша жымқырып  жатқан кәсіпорын емессіздер. Сіздер экономиканың нақты секторында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарсыздар. Сондықтан статистика органына өткізетін есептеріңіз сіздер ойлағандай күдік тудырмайды. Сондықтан біздің өтінішімізді іске асыруға болады деп ойлаймын. Біз орнынан тұрғызған компаниялар өздерінің мәліметтерін айтты, дүйсенбі күні біз айтқандай етіп есеп береді. Бұл Теміртау қаласы бойынша бір миллиард сегіз жүз мың теңгеге құрылыс жұмысы жүргенін көрсетеді. Егер сұрақ болса, талқылайық".  

Одан әрі қарай мердігерлердің "басын айналдыруға" АМТ күрделі жөндеу бөлімінің басшысы Александр Федеренко кірісті.

(29’13”)  "Барлығымыз біз айтқандай, үш есе артық цифрды көрсетуге дайынбыз ғой"

Бірақ оның сөзін  Теміртау қаласының әкімі бөліп жіберді: (29’18”) "Қазір айтпай-ақ қояйық, бірақ та көмектесетін мүмкіндік болса... көрерсіздер"

Содан соң Ғалым Әшімов мұндай кездесу бірінші рет ұйымдастырылып отырмағанын айтып қалды.

(29’32”) "Өткен айда да көптеген кәсіпорынмен айды жабу бойынша сөйлескенбіз. Сондықтан Теміртау қаласының алдына мақсат етіп қойылған индикаторларға тағы да назар аударуды сұраймын. Тағы сұрақтар бар ма?"

Бұдан кейін артық сұрақ болмады. Барлығы жиналыста айтылғандарды қызу талқылап, тарасты. Бірақ осы жазбаны бізге берген адамның "Бұлай істеуге бола ма?" деген сұрағы жауапсыз қалды.
 

Гүлназ Ермағанбетова, Олег И. Гусев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу