Теміржол инфрақұрылымын жақсартуға 110 млрд теңге бөлінді

7094

Қарағанды вокзалының аумағы 2 мың шаршы метрге ұлғаяды.

Теміржол инфрақұрылымын жақсартуға 110 млрд теңге бөлінді

Былтыр "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ желілері бойынша 867 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде ұзындығы 585 шақырымды құрайтын темір жолда жолаушылар пойызының және ұзындығы 380 шақырымды құрайтын темір жолда жүк пойызының қозғалысы жақсарды.

Магистральдық желі дирекциясы филиалының бас инженері Қайырбай Орынбаевтың сөзінше, былтыр темір жол инфрақұрылымының сапасын жақсартуға 110 млрд теңге бөлінді.

"Ел аумағындағы магистральдық теміржол желісінің ұзындығы 21 мың шақырымды құрайды. Бұл жолды кезең-кезеңмен жөндейміз. Сол арқылы жол жүру сапасын арттырып, жолаушыларға жайлы жағдай жасаймыз.

Жалпы, темір жол инфрақұрылымына жол шаруашылығы, электр желісімен жабдықтау шаруашылығы, автоматика мен механика және вокзал шаруашылығы кіреді. Мұнда 47 400 адам жұмыс істейді, оның 84%-ы ер, 16%-ы әйел адам", – деді Қайырбай Орынбаев.

Биыл еліміздегі 63 темір жол вокзалына жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланған екен. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ магистральдық желі дирекциясы филиалының вокзал шаруашылығы жөніндегі директорының орынбасары Абай Досанов: "Магистральдық желі дирекциясының басқаруында 244 темір жол вокзалы және 346 жолаушылар платформасы бар. 2018 жылы 69 вокзалда ағымдық жөндеу жұмысы жүргізілді. Астана-1 теміржол вокзалында барлық эскалаторлар ауыстырылды. Биыл 63 темір жол вокзалы жөнделеді", – деді.

Абай Досановтың мәлімдеуінше, қазір Қарағанды вокзалы жөнделіп жатыр.

"Былтыр басталған жөндеу жұмысы биыл аяқталуға тиіс. Жөндеу барысында вокзалдың аумағы 2 мың шаршы метрге ұлғаяды. Бұдан бөлек еліміздегі 63 темір жол вокзалы жөнделеді", – деді директордың орынбасары.

Сөз арасында ол былтыр вокзалдардың анықтама бюросында есту қабілеті нашар азаматтар үшін индукциялық панель орнатылғанын айтты.

"Вокзалдарда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау жалғаса береді. Биыл арбаға таңылған адамдарға вокзалдарда жүруді жеңілдету үшін 120 пандус орнатамыз", – деді Абай Досанов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу