Теміржол кластеріндегі түйткіл тарқап келеді

3898

Екі жыл тұралап тұрған кәсіпорынға тапсырыстар түсе бастады. 

Теміржол кластеріндегі түйткіл тарқап келеді Фото: Валерий Бугаев

2008 жылы Екібастұз қаласында ашылған "Қазақстан вагон жасау компаниясы" ЖШС осы уақытқа дейін қиындықтан көз ашпай келген еді, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. Жылына 2500 жартылай вагон шығаруға тиіс болған өндіріс орны алғашқы жылдары бұл жоспарды орындап, тұрақты түрде жұмыс істеді. Бірақ экономикалық жағдайға байланысты отандық вагондардың бағасы өсіп, Ресейден, Украинадан жеткізілетін түрінен әлдеқайда қымбат болып шықты. Сәйкесінше, тапсырыс саны күрт азайды. Серіктестері вагондарды шетелдерден анағұрлым төмен бағаға жеткізуді құп көрді.

Содан бері, яғни 2015 жылдан бастап, "Қазақстан вагон жасау компаниясы" өз өнімдерін өткізе алмай әлек болды. Табыс түспеген соң, 400-ге жуық қызметкер жарты жыл бойы еңбекақы алған жоқ. Бұл мәселені шешу үшін вагон құрастырушы кәсіпорынға мемлекет тарапынан 17,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бұл соманың 100 млн теңгесін қызметкерлерге айлық беруге, қалғанын тапсырыс берушілер алдындағы қарызды өтеуге жұмсады.

2019 жылы кәсіпорында тағы да қиындықтар туындады. Жұмысшыларға 135 млн теңге көлемінде жалақының берілмегені белгілі болды. Сондай-ақ, Павлодар теміржол бөлімінен 2,5 млрд теңге ақшаны алдын ала алып алып, бірақ 160-тан астам вагонды жеткізбегені белгілі болды. Бұл іс сотқа дейін жетіп, Қазақстан вагон жасау компаниясының шоттары бұғатталып, ұжым толығымен таратылды. Сөйтіп, екі жыл бойы ірі өндіріс орны қаңырап бос тұрды.

Ал биыл "Қазтеміртранс" акционерлік қоғамынан 1000 ашық вагон дайындау жөнінде тапсырыс алды. Бұл өз кезегінде жұмыстың қайта жанданып, 400-ге жуық адамды қызметке қабылдауға ықпал етті.

Десе де, компания басшысы Дәурен Жүнісовтің айтуына қарағанда, мұнымен мәселенің барлығы бірден шешіле қойған жоқ.

"Осы жылы тапсырыстардың түсіп, ісіміздің жалғасқаны қуанышты, әрине. Бірақ келесі жылы вагон жасауға тапсырыс бола ма, жоқ па – ол жағы беймәлім. Сондықтан қайтадан тапсырыссыз қол қусырып қаламыз ба деген қауіп бар. Бұл – бір. Екіншіден, қаржылық қиындықтарға байланысты уақытылы төленбеген салық пен несие бар. Тапсырыс алғанымызбен, қарыздарды біруақытта өтеуге қауқарымыз жетпейді. Тым құрығанда салықты бөліп төлеуге мүмкіндік берілсе жақсы болар еді", – дейді Дәурен Жүнісов.

Жергілікті билік бұл мәселені қарастырып, серіктестіктер табуда ықпалдастық жасауға уәде беріп отыр.

Сол сияқты былтыр бағыттамалы бұрмаларға арналған білектерді шығаратын "RWS Concrete" компаниясының жұмысы тұралап қалған еді. Биыл бұл кәсіпорын да "Қазақстан теміржолы" АҚ-нан тапсырыс алып, іске қайта кірісті. Тіпті,  көктемнен бастап шпал шығаруға бекініп отыр.

Ажар Дәулетова 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу