Тендерде қарсыластарын жаңа әліпбимен тойтарды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3103

Айлакер шенеуніктер қазақ тілінің жаңа әліпбиін – латынша жазуды жемқорлық құралы ретінде пайдасына асырған.

Тендерде қарсыластарын жаңа әліпбимен тойтарды

Жаңа схеманы коррупциямен күресуші ведомство анықтап отыр.  

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бағалауынша, мемлекеттік сатып алулар саласы сыбайлас жемқорлыққа бейім салалардың бірі болып табылады. Сондықтан агенттік бұл саладағы коррупциялық тәуекелдерге тұрақты негізде мониторинг жүргізіп отырады. 

Әйтпесе, мемлекеттің мүддесін әрі ысырып, тек қара басының қамын күйттеген кейбір шенділер тендерде тек пара берген сыбайластары жеңіп шығуы үшін сан мың схеманы қолданады екен. Енді олардың қатары тағы біреуімен толығыпты. Нақтырақ айтсақ, меморгандардың және мемкәсіпорындардың өкілдері тендер туралы хабарландыру орналастырғанда, кейбір әріптерді ішінара латынша теріп, қазіргі кириллица мен жаңа латын әліпбиін әдейі араластырады, сөйтіп, өз қызметіне лайықты мемлекеттік сатып алу лоттарын іздеген бизнесмендерді адастырады екен. Ал "өз адамдарына" шенділер ол хабарландырудың тікелей сілтемесін табыстайды.

"Мемлекеттік сатып алуларды өткізу кезінде бәсекелестікті айтарлықтай шектейтін, әрі кең таралып отырған коррупциялық тәуекелдердің бірі тендер туралы хабарландыру мәтінін қолданыстағы кириллицадан латын қарпіне алмастыру болып табылады. Яғни, іздеген адамды шатастыру үшін жекелеген әріптер латыншаға ауыстырылады, бұл мемлекеттік сатып алулар жүйесінде тиісті лотты басқа бәсекелестер, байқауға қатысушылар таба алмауы үшін жасалады. Осынау айла-амал, манипуляция хабарландыруды әлеуетті жеткізушілерден жасыруға, сөйтіп, сыбайлас компаниялар үшін артықшылық туғызуға мүмкіндік береді", – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаев.

Оның айтуынша, қазіргі кезде агенттіктің құзырлы бөлімшелері мемлекеттік органдардың әшкере болған схеманы қолдануына қатысты ақпараттарды мұқият тексеріп жатқан көрінеді.

"Нәтижесінде, тек 2017 жылдың өзінде осындай 400-ден астам факті анықталып отыр. Сондықтан біз бұл деректерді жария етуді жөн көрдік, себебі, дәл осы мәселе айналасында қоғамдық резонанс тудыру – бәсекелестікті шектеуге жол бермеуге бағытталған пәрменді әрі алдын алушы механизмге айналады деп санаймыз", – деп түсіндірді антикоррупциялық департамент директоры. 

Әзірге жаңа әліпби секілді жалпыұлттық игілікті арам іске пайдаланған бір де бір шенеунік жазаланбапты. Рас, агенттік бұл түйткілді "жылы жауып қоймауға" бекінген. Атап айтқанда, мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларын тәртіптік жазалау туралы мәселе алда жемқорлыққа қарсы агенттіктің Этика жөніндегі комиссиясында, сондай-ақ облыстардағы Этика жөніндегі кеңестер алаңдарында жеке қаралатын болады.

"Әрбір деректі Этика жөніндегі кеңестерде бөлек қарау қолайлы ақпараттық ауан тудырып, қоғамның назарын сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарға аударуға тиіс. Өйткені біздің агенттік антикоррупциялық қызметке қоғам өкілдерін барынша көптеп тарту саясатын жүргізуде. Сондықтан аталған схеманы қолдану арқылы өткізілген мемлекеттік сатып алулардың барлық лоттары алда жария етіледі. Ал азаматтық қоғам өкілдері өңірлердегі Этика жөніндегі кеңестер арқылы осы жұмысқа қатысуға мүмкіндік алады", – дейді Данияр Сабырбаев.  

Ол коррупциялық құбылыстарға алаңдаған шетелдік бизнесмендерді және инвесторларды агенттіктің жақында ашқан "Protecting Business and Investments" жобалық кеңсесінің жұмысымен танысуға шақырады.

Жобалық кеңсе Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, сондай-ақ Сыртқы істер және Инвестициялар және даму министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ел экономикасына инвестициялардың келуін жеңілдету, бюрократия тәртіптерін және сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмау мақсатында құрылған.

"Бизнесті қорғау, қолайлы инвестициялық жағдай жасау және кәсіпкерлер үшін сыбайлас жемқорлық деректері бойынша қысымдарды төмендету біздің агенттіктің басымды бағыттарының бірі болып табылады. Агенттік қызығушылық танытқан барлық инвесторларды Қазақстан аумағында аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат сыбайлас жемқорлық деректерінен 100%-ға қорғауға кепілдік береді. Сыбайлас жемкорлық схемаларынан біржола бас тартуға дайын кәсіпкерлер, тиісті ақысыз-ақ экспресс-оқытулардан өту және өзінің кәсібін кез келген қысымнан қорғау мүмкіндігіне ие болады", – деп сендірді ведомствоның департамент директоры Данияр Сабырбаев. 

Жобаны іске асыруға агенттік төрағасының бұйрығымен осы меморганның және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлерінен 141 лауазымды тұлғалар бекітіліп отыр. Аймақтарда жауапкершілік тікелей агенттіктің аумақтық бөлімшелері және Ұлттық бюроның бірінші басшыларына жүктелді.

Осылайша, кәсіпкерлерді коррупционерлерден қорғайтын және соған жедел үн қататын құрылым түзіліп отыр.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу