Тендерден туған текетірес

2866

Президент әкімшілігінің бақылауындағы нысанның құрылысы 10 жылдан бері аяқталмай тұр.

Тендерден туған текетірес

Қарағанды қаласында көру қабілеті бұзылған балаларға арналған 250 орындық мектеп-интернаттың құрылысы тоқтап қалуы мүмкін. Мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін "Астана Шаңырақ-2030" ЖШС басшысы Сергей Абдуллаев баспасөз мәслихатын өткізді.

"Бас прокуратураның негізсіз тексерулерінің нәтижесінде көру қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернаттың құрылысы уақытында аяқталмауы мүмкін",  – деді Сергей Абдуллаев. Оның сөзінше, жоспар бойынша құрылыс 2017 жылдың 1-ші шілдесінде тәмамдалуы тиіс.

Мектеп-интернаттың құрылысы осыдан 10 жыл бұрын басталған. 2007 жылдың сәуір айында білім және ғылым министрлігінің қолдауымен қолға алынған құрылыс 2009 жылдың желтоқсанында сот шешіміне байланысты тоқтатылып, 2016 жылы қайта жанданған.

"Астана Шаңырақ-2030" ЖШС басқа 9 компаниямен бірге нысанды салу үшін жарияланған тендерге қатысты. Нәтижесінде 2016 жылдың 17 маусымында Қарағанды облысының құрылыс басқармасы мен "Астана Шаңырақ-2030" ЖШС арасында 300 млн теңгеге келісімшарт жасалды", – дейді құрылыс компаниясының директоры.

Бүгінде құрылыс жұмысының 70%-ы аяқталған. 200-ден астам жұмысшы бекітілген құрылыс кестесіне сай жұмыс істеп жатыр.

"Біздің жұмысымызға "Казбайлық-Астана" ЖШС кедергі келтіріп отыр. Олар тендерге бізбен бірге қатысып, ұтылып қалды. Енді нәтижемен келіспейтінін айтып, шу шығарып отыр"  – деді Сергей Абдуллаев.

Оның айтуынша, "Казбайлық-Астана" ЖШС өткен жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында тендердің нәтижесін қайта қарауды өтініп, бірнеше рет сот орындарына шағымданған. 2016 жылдың қарашасында бас прокуратура "Бизнесті қорғау" шарасы аясында "Астана Шаңырақ-2030" ЖШС-ға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Қорытындысында компанияның құрылыс басқармасымен жасаған келісімшартын заңды деп танып, қылмыстық құрамның болмауына байланысты істі тоқтатқан. Алайда бас прокурор Жақып Асановтың 12 ақпанда Қарағанды қаласында өткізген көшпелі мәжілісінен кейін  "Астана Шаңырақ-2030" ЖШС-ға  қатысты қылмыстық іс қайта қозғалған.

"Астана Шаңырақ-2030" ЖШС-ға  қатысты қылмыстық іс ҚР бас прокуратурасы 10-шы департаментінің басшысы Ержан Ералиевтің жетекшілігімен қайта қозғалды. Тергеу шаралары кезінде прокуратура қызметкерлері "Казбайлық Астана" ЖШС-ның мүддесін қорғап отырғандай әсер қалдырды. Олар қолданыстағы заңнама талаптары  мен біз келтірген дәйектерді назарға алмай, бизнесті қорғауды желеу етіп, бізге бәсекелес  компанияның мүддесіне басымдық беру әрекеттерін байқатып отыр. "Астана Шаңырақ-2030" ЖШС бұған дейінгі барлық сот процестерін жеңді. Бас прокуратураның жабылған істі қайта қозғауының себебі мен сырын түсінбей отырмыз", – дейді Сергей Абдуллаев.

Айта кетейік, 2017 жылдың 6 ақпанында облыс әкімдігінде өткен жиналыста көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп интернатты іске қосу мәселесі қаралды. Басқосуда құрылысты жүргізуге жалпы 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгені баяндалды.

"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беру нысандарын салу үшін  облысқа 2017 жылы 2,3 млрд теңге бөлінді. Оның 492,1 млн теңгесі аталмыш мектеп-интернаттың құрылысын аяқтауға жұмсалатын болды. Жобаға 2016 жылы бөлінген 600 млн теңге толық игерілді. Бүгінде нысан орталық жылу жүйесіне қосылған. Ішкі әрлеу жұмыстары мен су және кәріз жүйесіне жалғау жұмыстары жүріп жатыр", – деді Қарағанды облыстық құрылыс басқармасының басшысы Бауыржан Исабаев.

Жиында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков те пікір білдірді. Ол жұмыс жоспарға сай атқарылып жатқанын өз көзімен көргенін алға тартып: "Бұл нысан президент әкімшілігінің бақылауында тұр. Сол себепті оның құрылысын бәсеңдетпеуіміз керек. Мүмкіндік болса тезірек аяқтаңыздар!", – деді.

Алайда тезірек аяқталуы тиіс құрылыстың мәселесі аяқ астынан ушығып кетті.  

"Қазіргі жағдай құрылыс жұмысының тоқтауына, жұмыс кестесінің бұзылуына, бюджет қаржысының игерілмеуіне әкеліп соғады. Өткен жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, 2010-2016 жылдар аралдығында иесіз қалған мектеп-интернат нысаны тоналып, құрылыс-дәнекерлеу жұмысы жарамсыз болып қалды. Құрылыс тағы тоқтатылатын болса, жоғарыдағы жағдай айна-қатесіз қайталануы мүмкін", – деді "Астана Шаңырақ-2030" ЖШС басшысы Сергей Абдуллаев.

Бұдан біраз бұрын болған прокурорлық тексеріс кезінде компаниясының  есепшоты жабылғанын есіне түсірген Сергей Абдуллаев: "Мен компаниямды банкротқа ұшыратып алудан қорқамын. Мәселенің тез арада оң шешілгенін қалаймын", – деді. Ал Қарағанды облыстық құрылыс басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Жан Мырзағали 2007 жылдан бері аяқталмай келе жатқан мектеп-интернаттың құрылысына алаңдаулы екенін жеткізді.

"Біз бұл құрылыстың ақталуына мүдделіміз. Оны іске қосып, білім басқармасының иелігіне тапсырғымыз келеді. Бірақ компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалып жатыр. Біз қылмыстық іске араласа алмаймыз", – деді.

Ләззат Қожахметова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу