Тендерден ұтылып, жұмысшылары елордаға наразылық айтып келген компанияның артында кімдер тұр?

8785

"Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамына қызмет көрсетуші компанияның тендерден ұтылуы жаңаөзендік мұнайшылардың наразылығына бірден-бір түрткі болған себеп. 

Тендерден ұтылып, жұмысшылары елордаға наразылық айтып келген компанияның артында кімдер тұр? Фото: bizmedia.kz

Астанаға келіп шағым айтқан мұнайшылар - "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС бұрынғы қызметкерлері. Аталған компания кімге тиесілі және мемлекеттен қанша табыс тауып отырғаны жайлы ақпаратты inbusiness.kz анықтап көрді.

Аталмыш компания 2010 жылы құрылған. 2018 жылдан бүгінгі күнге дейінгі аралықта компания бюджетке 495 миллион теңгеден астам төлем жасаған. Ал 2022 жылы компанияның бюджетке жасаған төлемі 250,8 миллион теңгеге жуық, яғни бұл компанияның осыған дейінгі бюджетке төлеген төлемдерінің ішіндегі ең қомақтысы. Айта кетейік, биыл да компания табыстан қағылмағанға ұқсайды. Айталық, биылғы 11 сәуірдегі жағдай бойынша компания бюджетке 130 миллион теңгеге жуық салық және басқа да міндетті төлемдер жасаған.

Бұл ретте атап өтер тағы да бір маңызды жайт, Сатып алулар тізіліміне сүйенсек, компания мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға 12 рет қатысып, 5 рет жеңімпаз атанған. Сатып алулар лоты, тапсырыс беруші, және де сатып алулар уақытына қарап отырып, 2022 жылдың екінші жартысы компанияның асығы алшысынан түскен кез деп айтуға болады. Дәл 2022 жылдың 7 шілдесінде компания қызмет түрін "Мұнай және газ өндіруге ықпал ететін қызметтерді көрсету" деп өзгертеді. Оған дейін аталмыш компания "Кестеге сәйкес жолаушылар тасымалдайтын әуе көлігі саласындағы қызмет" түрімен айналысқан.

Сол жылы тамызда экипажы бар арнайы техниканы жалға алуды 282 миллион теңгеге қысқарту бойынша "Өзенмұнайсервис" ЖШС өткізген конкурсты аталмыш компания жеңіп алады. Алайда, дәл сол кезде компания конурссыз және бір қызмет көрсетушіні таңдау арқылы "Өзенмұнайгаз" АҚ-нан 338,3 миллион теңге көлемінде "жерасты ұңғымаларын жөндеу" жұмыстарына тендер алады.

2022 жылғы желтоқсан айында "Өзенмұнайгаз" АҚ тағы да конкурстан тыс және "бір көзден" әдісімен "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС-не ұқсас қызметтер үшін жалпы сомасы 960 млн теңге тұратын 2 лот береді. Жалпы алғанда, 2022 жылы тек үш сатып алу бойынша компанияның алған мемлекеттік тапсырыс көлемі бірден 1,6 млрд теңгеге өскен. ЖШС жеңіп алған бұдан өзге екі сатып алулардың сомасы тиісінше 571 мың және 409 мың теңге болған.

Назар аударар жайт, компания қатысқан жүздеген миллион тұратын ірі тендерлерде ұтылмаған. Бірақ 2023 жылы "Кезби" ЖШС-мен болған конкурстық сайыста ұқсас лоттардың барлық 4 лотын "Кезби" ЖШС-не берілген.

Айта кетерлігі, "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының тәуекелдік профиліне салық берешегі бар деген белгі қойылған. Берешек көлемі шамамен 16,8 млн теңгені құрайды, оның 9 мың теңгеге жуығы – өсімпұл. Бұл корпоративтік табыс салығы бойынша қарыз. Компанияның басшысы әрі құрылтайшысы Ерлан Жүзбаев туралы ақпарат ашық дереккөздерде жоқ десе де болады.

"Кезби" ЖШС басшылығы ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап жұмыстан босатылған жұмысшыларға "БерӘлі Маңғыстау Company" ЖШС-не ұқсас шарттармен жұмысқа орналасуды ұсынғаны белгілі. Алайда, компанияның демпинг арқылы жеңіске жетуі, оларға бәсекелес берген ұсынысқа сенімділік тудырмаған сыңайлы. Дегенмен бұл тек субъективті көзқарас, оны түпкілікті ақиқат деп айтуға болмайды.

Алдында хабарланғандай, Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов қала тұрғындарына бейнеүндеу жариялаған болатын.

Бұған дейін жұмысын тоқтатқан Маңғыстау облысының кәсіпорындары қызметін қайта бастады.

Астанада ұсталған мұнайшылар босатылып, Маңғыстау облысына қайтарылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу