Шығыс Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты бірнеше жобаға жарияланған конкурс тоқтатылып, қайта өткізілетін болды. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті конкурсқа қатысушылардың шағымынан кейін осындай шешім қабылдады.
Қайтадан конкурс жарияланған жобалардың басым бөлігі елді мекендерге су құбырын тартуға қатысты болды. Жоспар бойынша биыл Өскемен қаласының Ахмер, Меновное ауылдарында, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында, Бесқарағай ауданының Қарағайлы ауылында, Үржар ауданының Қаратұма ауылында және Курчатов қаласында су құбырларын тарту және жаңғырту жұмыстары жүруі тиіс. Осыған қатысты барлық конкурс қайта жарияланып отыр. Айтпақшы Өскеменде бой көтеріп келе жатқан №19 шағын ауданға саябақ салу жобасы да кейінге шегерілді. Осының бәріне конкурсқа қатысушылар тарапынан мемлекеттік ішкі аудит департаментіне түскен шағым себеп болды.
"Үміткерлердің шағымы орынды. Семейлік "Bolys Company" дейтін серіктестік конкурстың нәтижелерін жоққа шығару үшін тендерге қасақана қатысқан. Балансында кеңсе құралдарынан басқа бірде-бір техникасы жоқ компания ақылға қонымсыз баға ұсынған. Осының кесірінен жобаны жүзеге асыруға әлеуеті жететін мердігерлер автоматты түрде тендерден қағылған. Барлық жағдайды ескере келе, конкурсты қайта жариялауды жөн көрдік", – деді ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы Мадияр Ахметжанов.
Жоғарыда аталған жобалардың әрқайсының құны 100 млн теңгеден асады. Коркурстың қайта өтуін талап еткен мердігерлердің қатарында семейлік "Романовский" ЖШС, зайсандық "СМУ Шығыс" ЖШС, тарбағатайлық "Айзат құрылыс" ЖШС сонымен қатар "РегионКапСтрой" және "Құрылыс" атты компаниялар бар.
"Біздің бұл салаға маманданғанымызға 10 жылдан асты. Техникамыздың да, жұмысшыларымыздың да саны жеткілікті. Осыған дейін облыс бойынша бірнеше жобаға мердігер ретінде қатысып, барлық жұмысты уақытында аяқтағанбыз. Біздің жолымызды қолында қарындаш пен телефоннан басқа ештеңесі жоқ жалған мердігерлер қиып кетіп жүр. Өздері ұтып алады да, кішігірім компанияларға ұсынып, екі ортадан ақша көреді. Конкурстың қайта өткізілетіні туралы шешімді дұрыс әрі әділетті шешім деп білеміз", – деді "СМУ Шығыс" ЖШС директоры Қуат Әбжанов.
Айта кетейік, бұл мәселеге облыс әкімі Даниал Ахметовтың өзі араласты. Ол БАҚ өкілдерін конкурстың әділ өтуін қадағалауға шақырды.
"Конкурстың өту барысын БАҚ өкілдері қадағаласа, екінші рет өткізілген тендерге қатысты ешқандай сұрақ болмайды деп сенемін. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы конкурс жарияламас бұрын, мердігерлерге қойылатын талаптарды анықтап жазуы тиіс болған. Осылай болмағандықтан, конкурсқа көлденең компаниялар өтіп кеткен", – деді Даниал Ахметов.
Аталған жобалардың барлығына екінші рет конкурс жарияланды. Оның нәтижесі қаңтар айының аяғында белгілі болады.
Есімжан Нақтыбайұлы