Теңге бағамының құбылуы ма, девальвация ма

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
22136

Мәжіліс депутаты Ұлттық банк өкілі мен министрдің мәлімдемесіне қарсы пікір білдірді.

Теңге бағамының құбылуы ма, девальвация ма

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков пен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов теңге бағамының құбылуын девальвация деп қабылдауға болмайтынын мәлімдеді. Олардың пікірімен мәжіліс депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов келіспеді.

"Теңге бағамының құбылуынан туып жатқан ел арасындағы түрлі әңгімелер негізсіз. Біз бұл туралы ресми мәлімдеме жасадық. Елімізде жыл сайын демалыс маусымында осындай құбылыс болады. Жыл сайын девальвация туралы сөз қозғалады. Ұлттық банк валюта нарығын бақылап отыр. Өткен айлар нөлдік интервенциямен жабылды. Соңғы екі айда теңгенің әлсіреуіне доллардың дамушы елдердің валютасына ықпал етуі және АҚШ федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені көтеруі себеп болды", – деді  Ұлттық банк төрағасының орынбасары 2018 жылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің атқарылуына арналған жиында.

Олег Смоляковтың айтуынша, қаңтар-шілде аралығында инфляция 2,7%-ды құраған және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8%-ға аз болған.

"Шілде айындағы жылдық инфляция бір жыл бұрынғы 7,1%-дан 5,9%-ға баяулады. Сәйкесінше инфляция деңгейі жыл басында жоспарлаған 5-7%-дық нысаналы дәлізге сай болды", – деді ол.

Сөз арасында Ұлттық банк төрағасының орынбасары қаржы реттеушісі қажет болған жағдайда теңге бағамының қысқамерзімді ауытқуын реттеуге атсалысатынын айтты.

Олег Смоляков еліміздегі долларсыздандыру саясаты жүзеге сәтті асырылып жатқанын баяндап: "Ұлттық валютадағы депозиттер бірінші жартыжылдықта 8,2%-ға өсіп, 9,9 трлн теңге жетті. Шетел валютасындағы депозиттер 4,9%-ға төмендеп, 7,9 трлн теңгені құрады. Теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамының әлсірегеніне қарамастан мамыр, маусым айларында теңгедегі депозиттік салымдар өсу қарқынын көрсетті. Бұл көрсеткіш мамырда - 0,2%-ға, маусымда - 5,4%-ға өсті. Сәйкесінше депозиттердің долларлану деңгейі төмендеді", – деді.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының ойынша, теңге бағамының құбылуын девальвациямен шатастыруға болмайды. Бұл екеуі екі түрлі құбылыс.

Ұлттық банк өкілінің пікірін ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қостады. Министрдің мәлімдеуінше, теңге бағамының әлсіреуі девальвация емес.

"Теңге бағамының құбылуына қарамастан мемлекеттік бағдарлама жобасында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кредиттер бойынша кепілдік беру, грант бөлу, жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу, оқыту және бизнеске консультациялық қызмет көрсету сияқты кәсіпкерлікті қаржылай және қаржылай емес қолдаудың базалық құралдары сақталып қалды", – деді Тимур Сүлейменов елдегі қаржылық жағдайдың тұрақты екенін алға тартып.

Мәжіліс депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамаловтың Олег Смоляков пен Тимур Сүлейменовтің сөзін құптаған жоқ. Оның пікірінше, үкімет теңгені еркін айналымға жібергенмен экономиканы девальвацияның соққысынан қорғай алмады. Бұған теңгенің қазіргі мүшкіл халі дәлел.  

"Биыл наурыз айында бір доллар 320 теңгеден сатылды. Соңғы 5 айда ұлттық валютамыз 14%-ға әлсіреді. Бұл осыған дейінгі мезеттік девальвациялармен бірдей жағдай. 2009 жылы теңге 18%-ға, 2014 жылы 19%-ға құнсызданды. Ұлттық банк теңге бағамындағы қазіргі ахуалды "бағамның құбылуы" деп атап отыр. Шын мәнінде бұл бағамның құбылуы емес, девальвация", – деді депутат.

Оның сөзінше, теңгенің айырбас бағамы еркін айналымға жіберілгеннен кейін елімізде долларсыздандыру саясаты қолға алынды. Депозитке теңгемен салынған салымдардың пайыздық мөлшерлемесі ұлғайып, шетел валютасындағы жеке жинақтардың пайыздық мөлшерлемесі азайтылды.

"Таяуда Ұлттық банк 2016 жылдың қаңтарынан 2018 жылдың шілдесіне дейін депозиттердің долларсыздану көрсеткіші 70%-дан 45%-ға қысқарғанын мәлімдеді. Күні бүгінге дейін долларсыздандыру саясатын ұстанып, Ұлттық банк пен теңгеге сеніп келген салымшылар алданып қалды. Қазір теңгедегі салымдардың барлығы құнсызданып жатыр. Бұған дейін теңге бағамына әлемдік мұнай бағасы ықпал ететіні айтылды. Алайда наурыз айында мұнайдың бір баррелі 65-70 доллар болғанда, бір АҚШ доллары 320 теңгеден сатылды. Қазір мұнайдың бір баррелі 72 доллардан саудаланып жатыр. Ал бір доллар 360 теңгеден саудалануда. Бізге ФРЖ мөлшерлемесінің өсуі мен антиресейлік санкция жайлы жиі айтады. Барлық сыртқы факторды назарға ала беретін болсақ, алдағы уақытта сыныққа сылтау іздейтін боламыз", – деді Аманжан Жамалов.

Мәжіліс депутатының ойынша, теңге бағамының күн сайын құбылуы халықты, оның ішінде кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп отыр. Олар бағамның өзгеруі қандай да бір келісім жасау тәуекелін туғызып тұрғанын алға тартуда.

"Адамдар бұған дейінгі инфляция мен девальвациядан әбден қорқып қалған. Естеріңізде болса, президент Ұлттық банк төрағасын қабылдаған кезде теңге бағамының өзгеруі халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізбеуі тиіс екенін тапсырды. Дәл қазір Ұлттық банк президенттің тапсырмасын орындай алмай отыр. Есесіне валюта трейдерлері пайдаға кенеліп жатыр. Жағдайды дұрыстау үшін нақты әрі шұғыл шешім қабылдау қажет", – деп қорытты сөзін қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу