Теңге девальвацияға ұшырауы мүмкін деген болжам жасалды

Аскар Муминов Аскар Муминов
2412

Қазақстан қаржы қоғамдастығының өкілдері ұлттық валютаның құнсыздануына ешқандай негіз жоқ деп отыр. 

Теңге  девальвацияға ұшырауы мүмкін деген болжам жасалды

Сарапшылар биылғы жылдың IV тоқсанында теңге 30%-40%-ға құлдырап, бір долларға шаққанда 420-450 теңгені құрайтын болады деген болжам жасады. 26 шілдедегі теңгенің ресми бағамы – 326,97 KZT/USD. Мұндай мәлімдемені сейсенбі, 25 шілдеде, Сергей Полыгалов есімді сарапшы жасады. Ал abctv.kz сауал тастаған отандық қаржыгерлердің басым бөлігі бұл болжамға келіспеді.

Сергей Полыгаловтың айтуынша, күзге дейін теңге бағамы тұрақты болады, бұған себеп елдің беделі мен саяси факторлар, яғни Қазақстанның елордасында өтіп жатқан EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі теңге бағамына қолдау көрсетіп тұр.

Болжам мынадай үш дәлелге негізделіп шығарып отыр. Біріншіден, Brent маркалы мұнай баррелінің құны маусым айында 50 доллардан төмен құлдырады. Екіншіден, Қазақстанның банк саласын құтқару үшін 2,4 трлн теңгенің бөлінді, бұл валюта нарығына салмақ түсіруі мүмкін. Үшінші себеп EXPO-ны өткізуден қазынаға түсетін бюджеттік қаражаттың жеткіліксіздігі, яғни бұл қаражатты теңгеге девальвация жасап өндіріп алу әбден мүмкін.

"Мұнай қайтадан барреліне 50 доллардан асатын көрсеткішке жетеді дегенге сену қиын. Оған себеп әлемдік мұнай нарығындағы ұсыныстың сұраныстан асып түсуі, бүгінгі күні ол 280 млн баррельден артық мөлшерге жетіп отыр. Өндірісті 1,8 млн баррельге азайту арқылы осы қорды қысқарту жөніндегі ОПЕК-тің еңбегін Құрама Штаттар мен келісімге қатыспайтын елдер еш етті. Одан қалды, мұнай өндірісінің үдеуінен бөлек тұтыну бойынша да кедергі бар. Қытай – негізгі мұнай өндірушілердің бірі – ІІІ тоқсанда мұнай өңдеуді 10%-ға қысқартатынын мәлімдеді, бұл нарықтағы бағаның қалыптасуына кері әсерін тигізері сөзсіз", – деп түсіндірді Сергей Полыгалов.

Tele Trade компаниялар тобының бас сарапшысы Петр Пушкарев болса егер мұнай барреліне 50 доллардан төмен бағасын әлі де ұзақ уақыт ұстап тұрса, рубль бір долларға 60 рубльді құрауы мүмкін, ал жылдың соңына қарай Ресей валютасы бір долларға шаққанда 68-75 рубльге дейін құлдырап кетуі ықимал.

Ал Қазақстан сарапшыларының болжамдары бұған қарағанда әлдеқайда жағымды, олардың ойынша, бағамның осылайша күрт төмендеуіне елеулі себеп жоқ. Дәлірек айтсақ, abctv.kz-пен әңгіме барысында BRB Invest компаниясының басқарма төрағасы Ғалым Құсайынов теңгенің долларға қатысты бағамына әсер ететін іргелі және уақытша факторлар бар деп, төлем теңгерімі, инфляция мен ақша мөлшерін меңзеді.

"Реттеушінің пайыздық мөлшерлемені төмендетуі қазір ақшаны ұстап отырғаннан гөрі, несиеге беру тиімді екенін көрсетіп отыр, бұл экономикаға ақша мөлшерінің көптеп құйылуына әкеледі. Мұның салдарынан кенеттен инфляция көтеріліп кетуі мүмкін, бірақ бұл фактор бағамға ықпал етпейді. Оның үстіне экономикалық белсенділік жоғарылап келеді, екінші деңгейлі банктер несие беріп жатқан жобалар саны артып келеді, бұл тағы да ақша мөлшерін көбейтеді, ал ол өз кезегінде теңгеге көрсетілетін қысымды ауыздықтайды", – деп баса айтты экономист.

Басқаша айтсақ, егер құнсыздану доллар мен теңге арасындағы мөлшерлеме айырмашылығы шегінде және инфляция деңгейінде ғана болса, бұл теңгенің құнсыздануына еш әсер етпейтін және долларсыздандыру үрдісін жеделдететін қалыпты процесс.  Яғни доллар бір жылдан соң 350-360 теңге тұрса, бұл девальвация емес, қалыпты экономикалық үрдістерден туындаған құнсыздану екенін баса айтты Ғалым Құсайынов.

Halyk Finance басқарма мүшесі Мұрат Темірхановтың ойы да осыған саяды. Дегенмен бүгінде теңге мен рубль іргелі факторларға қатысты асыра бағаланған, қазір теңге рубльдің ықпалында болғандықтан жыл соңына қарай бағам мұнай бағасы орта есеппен барреліне 50 долларды құраса, бір доллар 330 теңгеге жетуі ықтимал деп есептейді ол.

OilGasProject компаниясының директоры Жарас Ахметов ұлттық валюта жыл соңында бір долларға 400 теңгеге дейін құлдырайды деген пікірге үзілді-кесілді қарсы. Қазақстан мұнай бағасы барреліне 30 долларды құраған кездерді басынан өткерді, соның өзінде ең жоғарғы бағам 380 KZT/USD көрсеткішіне дейін ғана құлдырағанын еске салды.

Саяси фактор мен ел беделінің бағамға әсер етуі ақылға қонымсыз, ал Қазкоммерцбанкті құтқаруға бөлінген 2,4 трлн теңге қаражаттың атқарар рөлі мардымсыз, себебі өтімділік көлемінің барлығын дерлік Ұлттық банк пен үкімет тап-тұйнақтай етіп қойған деген ойда сарапшы. Сол себепті аталмыш факторлар экономикаға айтарлықтай салмақ түсірмейді деп түйіндеді экономист.

Еске сала кетсек, Қазақстанның қазіргі бюджеті Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық құны барреліне 50 долларды, ал айырбас бағамы бір долларға 330 теңгені құраған деңгей бойынша есептелді. Бұдан бұрын басты қаржылық құжатта қара алтынның орташа жылдық бағасы барреліне 35 долларды құрайды ал бағам бір долларға 360 теңгені құрайтыны айтылған болатын, бұл Tele Trade-тің болжамымен мүлде қабыспайды.

Одан бөлек, мемлекеттік бюджетте EXPO-ны өткізуден түсетін қаражат деген жеке бөлім жоқ, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түскен табыс 2%-ға асыра орындалды, ал салық түсімдерінің басым бөлігі елдің  300-ге жуық ірі компаниясының табысынан қалыптасады.

Әйгерім Сүлейменова, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу