Рубльдің жайы теңгеге әсер етпей қоймайды
Сарапшылардың пайымдауынша, жуық арада "теңге қадамын нықтай түседі" деп айту қиын. Әлемдік экономикада қалыптасып отырған жағдайдың өзі мұны айқындап тұр. Мәселен, қазір Ресейде бір доллардың құны 63,22 рубль болып, Ресей валютасы барынша әлсіреуде. Ал рубльдің құлдырауы экономикасы Ресеймен тығыз байналысты ел ретінде Қазақстанға да өз әсерін тигізбей қоймайды.
"Қазақстан экономикасы Ресеймен тығыз байланысты болғаннан кейін Ресей валютасының арзандауы бізге өз әсерін тигізбей қоймайды. Ресейде қазір рубльдің құны ғана төмендеп тұрған жоқ. Ресейдің мемлекеттік облигациялары да құнсызданып бара жатыр. Мемлекеттік облигация бюджет шығынын жабу үшін және түрлі ірі жобаларды қаржыландыру үшін шығарылатындықтан, мұндай облигациялардың құнсыздануы Ресейге оңай болмайды. Аталмыш құнды қағаздардың, акциялардың құнсыздануын болдырмау үшін Ресей болашақта алтын-валюта қорынан қосымша қаржы ала бастайды. Ал алтын-валюта қорынан қаржы алу өзінен-өзі рубльдің құнын түсіреді. Ал рубльдің құнсыздануы Қазақстан үшін жақсы нышан емес. Себебі Қазақстан мен Ресей экономикасы қатты ұқсас. Екі ел де мұнай экспорттайтын ел. Бұған қоса Қазақстан мен Ресей экномикалық серіктес ел. Егер рубль арзандаса Ресейде өндірілетін тауарлар да арзандайды. Бұл жағдаймен келіспестен біз теңгені тежеп ұстап тұрсақ, қазақстандық тауарлар қазіргі қымбаттағаннан да әрі қымбаттай береді. Бұдан шығатын қорытынды тұтынушылар арзан тауар алу үшін жаппай Ресейдің өнімін сатып ала бастайды да, отандық тауарға деген сұраныс төмендейді. Мұндайда өзінен өзі теңгенің құнын кемітсе ғана отандық өнім бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан болашақта теңгенің әлсіреуі әбден мүмкін. Бұл отандық өндірісті қолдау үшін орын алатын сценарий", – дейді экономист-сарапшы Жангелді Баймаханов.
Жалпы, қаржыгерлер "2017 жылы Ресейде бір доллардың құны 62,0 рубль болған жағдайда Қазақстандағы доллардың бағамы 332,5 теңгені құрайтын болады" деп болжам жасаған болатын. Төмендегі сызбаға қарасақ, расымен де 2017 жылдың соңында көрші елде бір доллардың 61,76-62,0 рубль болғанын аңғарамыз. Ал бұл аралықта Қазақстандағы доллар бағамы да 332,3 теңгені құрағаны бәрімізге белгілі. Ендеше "рубльдің төмендеуі бізге әсер етпейді" деп нық сеніммен арқаны кеңге салып отыруға болмайтыны анық.
Юань да ойландырып тұр...
Негізінен, маусым айы басталғалы бері юань бағамы да 3,3 пайызға төмендеген. Аспанасты елі валютасының құнсыздануын да сарапшылар оңға балап отырған жоқ. Қаржыгерлердің бағамдауынша, бұл жағдай да Қазақстанға әсер етуі әбден мүмкін.
"Қытайдың ұлттық валютасы биылғы маусым айында 3,3 пайызға дейін құнын жоғалтты. 2016 жылы юань бағамы тұрақты көтеріліп тұрды. Тіпті бұл жылдары юань долларды ығыстырып шығарып, халықаралық валютаға айналады деген пікірлер де қаулады. Бірақ 2017 жылдан бері юань бағамы күрт төмендей бастады. Бұған әрине Қытай мен АҚШ арасындағы жағдайлар да өз әсерін тигізуде. Білесіздер, 2017 жылдан бері АҚШ президенті Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы сауда айналымы теңгерімін қалыптастыру үшін Америкаға енетін Қытай тауарларына ауыр салық салуды жөн көре бастады. Міне, осыдан бастап юань әлсірей бастады. Ал мұндай жағдайда бұл экономикалық соғыстың бізге әсері тимейді деуге тағы болмайды", – дейді қаржыгер Арман Шаяхмет.
Расымен де, 2017 жылдан бері Қытайдың ұлттық валютасының бағамы әлсірегенін төмендегі сызбадан нақты көруге болады.
Абзалында, мамандардың пайымдауынша, болшақта АҚШ Қытайға деген экономикалық көзқарасын өзгертпесе, Қытайдың ұлттық валютасы экономикалық қысымнан құнсыздана береді. Ал бұл жағдай бізді ойлантуға тиіс. Өйткені, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс күннен күнге нығайып келеді. Қытай елінен Қазақстанға күнделікті қаншама тауар импортталады. "Мұндай жағдайда бұл қаржылық жағдайдың бізге тікелей әсері болады" дейді қаржыгерлер.
Не істеу керек?
Осы уақытқа дейін де девальвация жүргізіліп, теңге бірнеше мәрте құнсызданды. Мысалы, 1993 жылдан 2014 жылға дейін елімізде доллардың теңгеге шаққандағы бағамы төменгі сызбадағыдай өзгерді. Ал 2016 жылдан бері елімізде бір доллардың бағамы 332,5 теңгеден асып жығылғаны тағы белгілі...
Мамандар мұндайда "девальвация экономикаға уақытша дем беру ғана. Сондықтан теңгені құнсыздандыру біз үшін тығырықтан шығатын жол емес" дейді.
Сала мамандарының нақтылауынша, көрші елдерде болып жатқан экономикалық жағдай бізге өз әсерін тигізеді. Себебі экономикалық тұрғыда біз оларға байлаулымыз. Демек, мұндайда үкіметтік тұрғыда сақтық шараларын қайта пысықтау керек. Өзімізден шығатын өнімнің аздығы, шикізатқа тәуелділік, мұнайдан түсетін түсімге көбірек иек арту ойландыруға тиіс. Болашақта отандық өндірісті қолдауға басымдық арта түсуі керек. Осы ретте мамандар "қазір біз ішкі нарықты сырттан ағылып жатқан сапасыз тауардан қорғай алмай отырмыз. Ол үшін біздің өзіміздің шығаратын отандық өнімдеріміз басым болуы керек. Шикізатқа тәуелділіктен құтылып, ең соңғы дайын өнімге дейін өнім шығару қабілетіміз артуы керек. Міне, сол кезде ғана біз тығырықтан шығамыз. Ал теңгені құнсыздандыру бұл экономикаға уақытша дем беру екенін ұмытпағанымыз жөн" деп отыр.
Қарлығаш Зарыққанқызы