Теңге нығайды: Ұлттық Банк валюта нарығындағы жағдайды түсіндірді

281

Бүгін доллар бірден 3 теңгеге арзандап, 475,6 теңгені құрады.  

Теңге нығайды: Ұлттық Банк валюта нарығындағы жағдайды түсіндірді Фото: zakon.kz

Маусым айының қорытындысы бойынша теңге АҚШ долларына шаққанда 1,3%-ға нығайып, 479,98 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы Ұлттық Банк мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан қор биржасындағы бір күндік орташа сауда көлемі бір ай ішінде 392 млн доллардан 369 млн долларға дейін төмендеді. Жалпы айлық сауда көлемі 8,1 млрд долларды құрады.

Ұлттық қордан маусым айында 200 млн доллар көлемінде валюта сатылды. Бұл жалпы нарықтық сауда көлемінің 2,6%-ын немесе күніне шамамен 9 млн долларды құрайды.

Бюджет түсімдері мен шығыстарының маусымдық ауытқуын ескере отырып, 2026 жылғы маусымнан бастап Қаржы министрлігіне берілетін трансферттер республикалық бюджеттің нақты қажеттілігіне қарай бөлінетін болады. Осы тетік аясында Ұлттық Банк Ұлттық қордан түскен валютаны ішкі нарықта жыл бойы біркелкі сату арқылы айналдыру механизмін іске асырып отыр. Аталған операциялар шеңберінде маусым айында Ұлттық Банк Ұлттық қордан 460 млн доллар сатып алған. Бұл қаражат 2026 жылдың соңына дейін ішкі валюта нарығында біркелкі сатылмақ.

Сонымен қатар, шілде айында Ұлттық қордан сатылатын валюта көлемі 200-300 млн доллар аралығында болады деп күтіліп отыр. Маусымда "айналым" тетігі аясында шамамен 354 млрд теңге нарықтан алынды. Ал 2026 жылдың III тоқсанында осы механизм бойынша шамамен 1,1 трлн теңгеге балама шетел валютасы сатылуы жоспарланып отыр.

Ұлттық Банк барлық операцияларды жүргізу барысында нарықта бейтараптық қағидатын сақтайтынын атап өтті. Маусым айында валюта нарығына интервенциялар жүргізілген жоқ. Квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату талабы аясында өткен айда 423 млн доллар сатты.

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының валюталық үлесін теңгерімде ұстау мақсатында Ұлттық Банк маусым айында биржада 92 млн доллар көлемінде шетел валютасын сатып алды. Бұл жалпы сауда көлемінің шамамен 1,2%-ын құрайды.

"Қысқа мерзімді кезеңде теңге бағамы нарықтық факторларға – сұраныс пен ұсынысқа, салық кезеңдеріне, сондай-ақ сыртқы экономикалық және геосаяси ахуалға байланысты қалыптасады", – деп атап өтті Ұлттық банк өкілдері. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу