Теңге телміріп, рубль рухтанып тұр

1387

AERC теңгенің долларға шаққандағы бағамына болжам жасады.

Теңге телміріп, рубль рухтанып тұр Фото: dknews.kz

Теңге бағамы рубль мен долларға қатысты нығаюы мүмкін бе? Оған қандай факторлар әсер ететін болады? Оның Қазақстан экономикасына ықпалы қандай? Қазіргі жағдайда рубльге деген сұранысты қалай бағалауға болады? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі шолу жасады.

AERC-тың сәуір айындағы макроэкономикалық шолуына сәйкес, жыл басынан бері теңге долларға қатысты нығайып келеді. Мәселен, қаңтар айында бір доллар теңгеге шаққанда орта есеппен 451,28 деңгейінде болса, наурыз айында бұл көрсеткіш 449,74 теңгені құраған.

Сарапшылар теңгенің нығаюына мұнай бағасының оң динамикасы, Ұлттық Банк тарапынан валюта нарығындағы операциялар әсер етіп жатқанын айтады. Мәселен, Ұлттық Банк дерегінше, республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан шетел валютасын сату көрсеткіші наурыз айында 748 млн доллар болған. Ұлттық қордан валютаны сату үлесіне наурыз айындағы сауда-саттықтың жалпы көлемінің 19%-ы тиесілі.

AERC болжамы бойынша 2024 жылы USD/KZT валюта жұбы 451,78 деңгейінде қалыптасады. Қаңтардағы шолуда AERC теңгенің долларға шаққандағы бағамы 473,2 деңгейінде деп болжаған еді.

"Болжам мұнай бағасының жоғары болуы алғышарттары, сонымен қатар су тасқынына байланысты мемлекеттік бюджет шығыстарының ұлғаю мүмкіндігі аясында жақсарды. Соңғысы Ұлттық қордан трансферттер көлемін көбірек қажет етуі мүмкін. Трансферттерді қамтамасыз етудегі Ұлттық Банк тарапынан валюта нарығындағы операциялардың қосымша көлемі ұлттық валюта бағамына қолдау көрсетеді", - делінген шолуда.

Экономистерден теңге бағамы рубль мен долларға қатысты нығаюы мүмкін бе, деп сұрадық.

"Біріншіден, теңге қазіргі деңгейде қалатын шығар, содан кейін аздап әлсіреуі мүмкін. Меніңше, бұл екінші тоқсанның аяғында немесе одан ертерек болады. Өйткені қазір Ұлттық қордан айтарлықтай қаражат бөлініп жатыр, оның ішінде биржа арқылы өтетін доллар да бар, бұл теңгені жасанды түрде нығайтып отыр деген ойдамын. Егер АҚШ Федералды резервтік жүйесі мөлшерлемені әлсіреткенде, онда қазіргі 445-450 теңге маңайындағы бағам әділ болар еді. Бірақ та, қазір ол аздап нығайған", - деді экономист Расул Рысмамбетов.

Сарапшы оған әсер ететін факторларды атады.

"Федералды резервтік жүйенің мөлшерлемесі әсер ететін болады. Егер де бұл мөлшерлеме күзде төмендетілсе, онда бізге оңайырақ болады. Ондай болмаса, бағамға импорт тарапынан қысым болады. Теңге бағамы Ресей валютасына қатысты нығаюы мүмкін бе дегенге келсек, қазір оның нығая түскенін көріп отырмыз. Меніңше, қазір Ресейде рубль бағамы жасанды түрде аздап күшейіп жатқан сияқты", - деп түсіндірді спикер.

Расул Рысмамбетов Ресей Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі болғандықтан, рубльге деген сұраныс әрқашан болатынын айтты.

"Қазір теңге бағамы нығайып жатыр. Қазақстан – экспорттаушы мемлекет. Біз өндірген өніміміз 250 млрд доллар болса, соның 80 млрд долларын, яғни үштен бірін экспорттаймыз. Сондықтан біз үшін теңге бағамы өте маңызды. Бірақ экспорттаушылар үшін теңгенің инфляция деңгейінде әлсізденіп тұрғаны жақсы болар еді. Мәселен, бір доллар 460-470 теңге болса, экспорттаушыларға жақсы. Бүгінгі таңдағы 440-438 теңгеге дейін түскені бұл импорттауға тиімді. Сөрелеріміздің бәрі Ресейдің тауарларына толып кетті. Себебі теңгенің қуаттануы біздің өндірушілердің бәсекелестігін аздап төмендетті", - деді экономист Сапарбай Жобаев.

Айтуынша, рубль де, доллар да ел экономикасы үшін маңызды. Өйткені доллармен дүние жүзі сауда жасайды, алтын-валюта қоры мен ұлттық қор америкалық валютада есептелінеді, деп атап өтті ол.

Сапарбай Жобаев ұлттық валютаның нығаюы отандық экспорттаушылар үшін белгілі бір деңгейде теріс әсер етіп жатыр деген пікірде. Импорт арзан болып, Ресейдің тауарлары біздің тауарларымызға қарағанда бәсекелестігі жоғары болып кетті, деді экономист.

Сарапшы қазіргі жағдайдағы рубльге деген сұранысқа тоқталды.

"ЕАЭО аясында ең негізгі әріптесіміз – Ресей, сол себептен рубль керек. Біз Ресейден көп импорттаймыз. Ресей соғысқа кіргеннен кейін өз рублін өте құнсыздандырды. Кезінде бір доллар 60-65 рубль болатын, қазір 95 рубльге шығып кетті", - деп жалғастырды сарапшы.

Осы тұста экономист еліміздің ақша-монетарлық саясаты өзгерістерді қажет етеді деп санайтынын жеткізді.

"Үкімет ертеңге күнін ойламастан Ұлттық қордан ақшаны өте көп алып жатыр. Бұл дұрыс емес. Біріншіден, Ұлттық қорға ауыз салуды азайту қажет. Әр жылы бюджетті жасаған кезде бар болғаны 2 трлн теңге ақша аламыз дейді де, соңында 4-5 трлн теңге алып қойғанын білмей қалады", - деді экономист Сапарбай Жобаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу