Теңгені жұмса, долларды сақта!

1323

 Ең тиімді нұсқа – түрлі банктер мен брокерлерді таңдап, бірнеше валюта түрінде қаржы сақтау.

Теңгені жұмса, долларды сақта! Фото: depositphotos.com

Қаржыны үнемдеу, сақтау және көбейту – мемлекеттердің ғана емес, әрбір адамның да ең басты саясаты десек, аса қателесе қоймаймыз.

Қаржыгерлер ұзақ мерзімді сақтауға ыңғайлы валютаны таңдағанда – қаржы сақтайтын аймаққа, саяси және экономикалық жағдайға, қаржылық салымдардың қайтарымдылығына баса мән беру керек деп есептейді.

Бүгінгі таңда геосаяси ахуал бүкіл тыныс-тіршіліктің тұрақтылығын айқындайтын күшке ие, сондықтан да қаржыны ұзақ мерзімді сақтау үшін немесе оны көбейту үшін міндетті түрде әлемде, көршілес елдерде болып жатқан саяси-экономикалық өзгерістерді жіті бақылап отырған жөн.

Қаржы сақтау кезінде ел ішіндегі экономикалық және саяси жағдайға, сондай-ақ инвестициялауға жарамды құралдардың болуына назар аудару керек.

Әсіресе, облигацияларды, акцияларды, бағалы қағаздарды қамтитын активтер болса, оған қорықпай қаржы салуға болады. Ең тиімді нұсқа – түрлі банктер мен брокерлерді таңдап, бірнеше валюта түрінде қаржы сақтау.

Сарапшылар теңгемен сақталатын депозиттер бүгінде жақсы табыс әкелетінін айтып отыр. Бірақ ұлттық валютаға қатысты  инфляцияның өсу қаупі қашанда сақталады. Бұл дегеніңіз тірнектеп жиған қаржыңызды бірнеше күнде құнсыздандыруы мүмкін.

Қысқа мерзімді жинақтарды теңгемен жүргізген дұрыс. Ал, ұзақ мерзімді инвестиция жасау үшін халықаралық валютадағы депозиттер, тұрақты және сенімді валюталар қолайлы.

Доллар

Инвестициялар мұнай бағасымен, сондай-ақ басқа да саяси факторлармен тікелей байланысты екенін есте ұстаған жөн. Ресейлік банктер көптеген американдық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты тоқтатты.

Өзіміз куә боп отырған Ресей мен әлемдік державалар арасындағы салқындық ұзаққа созылары хақ. Көрші елге салынып жатқан санкциялар жыл өткен сайын Ресей экономикасын қыспаққа алып, оның әсері бізге де тиетін болады. Сондықтан да сарапшылар АҚШ долларының бағамы 500-700 теңгеге дейін өсіп, доллардың қымбаттауы ұзағырақ сақталуы әбден мүмкін деп болжап отыр.

Сонымен қатар, басқа да әлемдік валюталарға қатысты доллардың әлсіреуін күтуге еш болмайды. Қазақстандықтар үшін доллар құнды валюта болып қала береді. Әсіресе, отандастарымыз шетелге сапарлағанда және өзге елмен бизнес жүргізгенде тек қана АҚШ долларына сүйенетіндіктен, әзірге қаржыны доллармен сақтаған дұрыс.

Еуро

Жинақты еуромен сақтауға келетін болсақ, бұл жерде жағдай аса тұрақты емес. Еуропалық аймақтың экономикасы АҚШ-тың сауда тәуекелдеріне байланысты құбылады. Сондықтан да еуро бағамы күні бүгінге дейін тұрақсыздықты басынан кешіп келеді. Алайда, бұл қаржыны еуромен жинамау керек деген сөз емес.

Еуро бағамы әлі талай өсіп-түсуі мүмкін. Бірақ халықаралық өзге валюталармен салыстырғанда өзіндік құнын жоғалтпайды. Еуроның АҚШ долларымен тікелей бәсекелес екенін ескерсек, біз үшін ұзақ мерзімді жинақ кассасында еуроны сақтағанымыз да аса пайдалы.

Юань

Қаржыгерлер қытай ақшасын жіті қадағалап отыр. Бүгінгі таңда Қытай экономикасы қиындықтарға тап болып, валютасы да біртіндеп әлсіреуде. Халықаралық қаржы статистикасы қытай валютасы үшін жағымды болжам жасап отырған жоқ.

Соған қарамастан, Қытай билігі мен саясаткерлері өз валюталарының құнын көтеретін түрлі жоспарлар жариялап келеді.

Дәл қазір қазақстандықтар үшін Қытай юані инвестициялауға қолайлы валюта емес.

Фунт-стерлинг

Фунт-стерлинг импортталатын тауарлар бағасының өсуіне байланысты құлдырауды көрсетуде. Экономиканың көптеген саласында инвестиция ретінде фунт стерлинг салынбаса да, оның бағасы жасанды қымбаттатылып отырғандай. Жеке тұлғалар бұл валютамен көп жұмыс жасамайды.

Кейбір халықаралық қаржыгерлердің болжамына сенсек, банктерде ұзақ мерзімді депозит ашқанда фунт-стерлингпен сақтау дұрыс шешім емес.

Қаржыны ұзақ мерзімді сақтаудың алтын, жылжымайтын мүлік, жәдігер және криптовалюта секілді басқа да жолдары бар. Алайда, бұлар үлкен тәуекел мен терең зерттеуді талап ететін варианттар. Криптовалютаға ақша салу – құмар ойынына ақша тігумен тең. Ал, жылжымайтын мүлік бағалы көрінгенімен, оның салығы, тоздырмай ұстап тұру үшін жұмсалатын шығыны тағы бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу