Теңгенің неге әлсіреп жатқаны белгілі болды

1308

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамының әлсіреу себептерін әлеуметтік желідегі парақшасында түсіндірді.

Теңгенің неге әлсіреп жатқаны белгілі болды Фото: canva

Оның айтуынша, қазіргі уақытта экономикаға бағытталған фискалдық қаражат көлемі ұлғайған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Нақтырақ айтқанда, ақша массасы бір жыл ішінде 18%-ға өскен. Алайда ішкі өндіріс бұл өсімге ілесе алмай келеді.

"Егер экономикаға салынатын ақша көлемі ішкі өндіріске қарағанда тез өссе, бұл импорттың артуына әкеледі", – деп жазды ол.

Тимур Сүлейменов биыл инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға едәуір қаражат бөлінгенін атап өтті.

Бұл ауқымды келісімшарттарға қол қойылып, шетелден техника, жабдықтар мен компоненттер сатып алуға алып келді.

Соның салдарынан шетел валютасына деген сұраныс артқан, ал бұл өз кезегінде теңге бағамына қысым түсіріп отыр.

"Уақыт өте келе отандық өндіріс көлемі ақша массасының артуымен теңеседі. Бірақ бұл үшін уақыт қажет. Қазіргі жағдайда экономика импортқа жүгінуге мәжбүр", – деді Ұлттық банк басшысы.

Сондай-ақ, ол теңге бағамына әсер ететін негізгі факторларды атады. Олар үш топқа бөлінеді:

  • Фундаменталды факторлар – мұнай мен өзге де экспорттық тауарлардың әлемдік бағасы, сауда серіктестерінің валютасы, жаһандық макроэкономикалық ахуал;
  • Нарықтық факторлар – халық пен бизнестің шетел валютасына сұранысы, импорт көлемі, маусымдық әсерлер (туризм, дивиденд төлемдері);
  • Алыпсатарлық факторлар – кейбір нарық қатысушыларының бағамның қысқа мерзімді ауытқуын пайдаланып пайда табуға ұмтылуы.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі уақытта фундаменталды көрсеткіштер теңге бағамының тым төмен бағаланып отырғанын көрсетіп отыр, ал алыпсатарлық белсенділік байқалмайды. Бұл нарықтың жалпы тұрақты екенін білдіреді.

Осылайша, теңгеге негізгі қысым көрсетіп отырған факторлар – бюджет қаражатының белсенді игерілуі, импорт көлемінің өсуі, шетелге дивидендтер төлеу мен туристік маусымға байланысты валюталық сұраныстың артуы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу