Теңгенің нығаюына әсер еткен факторлар белгілі болды

197

Ішкі экономикада оң үрдістер бар.  

Теңгенің нығаюына әсер еткен факторлар белгілі болды Фото: finratings.kz

Жыл басынан бері теңге бағамы 1 доллар үшін 5,5%-ға нығайды. Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев төл валютаның нығаюына әсер еткен факторларға тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Наурыз айында әлемде геосаяси шиеленіс жалғасып, шикізат нарығы құбылмалы болды. Дегенмен, ішкі экономикада оң үрдістер бар. Наурыз қорытындысы бойынша іскерлік белсенділік индексі 49,5 тармақты  көрсетті, ол – бейтарап мәндерге жақын. Өндіріс пен қызметтер бойынша іскерлік белсенділік оң аймақта сақталды. Олардың индексі тиісінше 50,5 және 50,7 тармақ болды. Бизнес-климат индексі жақсарып, 7,6 тармақты көрсетті. Қазіргі ахуал оң бағаланып отыр", – деді Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында.

Наурызда жылдық инфляция төмендеп, 11% деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі ең көп үлес қосты. Кейбір тамақ өнімдерінің әлемдегі жоғары бағасына және ішкі өндірістегі шығынның өсуіне байланысты жылдық көрсеткіш 11,7%-ды құрап отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляция – 11,3%, ақылы көрсетілетін қызмет инфляциясы – 10%.

Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, 2025 жылғы қазаннан бастап жылдық инфляцияның баяулауы байыпты қатаң ақша-кредит саясатына, теңге бағамының нығаюына, сондай-ақ Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларына, атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифі мен жанар-жағармай құнының көтерілуіне қойылған мораторийге байланысты болды.

"2026 жылғы 6 наурызда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім алтын-валюта операцияларын теңестірумен ("айналаумен"), ең төмен резервтік талаптарды қайта қараумен, макропруденциялық шараларды, сондай-ақ Үкіметпен бірге инфляцияға қарсы кешенді шараларды қабылдаумен қатар бағалардың өсуін тежеуге ықпал етеді", – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, жыл басынан бері теңге бағамы 1 доллар үшін 478,2 теңгеге дейін 5,5% нығайды.

"Оған келесідей факторлар әсер етті: жаһандық мұнай нарығының конъюнктурасы; теңгедегі активтердің инвестициялық тартымдылығының артуы және бейрезиденттердің портфельдік инвестициялары көлемінің ұлғаюы; экономикалық агенттердің шетел валютасына деген сұранысының төмендеуі", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу