Теңгенің нығаюына бірқатар фактор әсер етті

146

Доллар бағамы 2,25 теңгеге арзандады. 

Теңгенің нығаюына бірқатар фактор әсер етті Фото: canva.com

Қазақстан қаржыгерлер қауымдстығы қаржы нарығына талдау жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Валюта нарығы

Шетел валютасының бағамына деген шамадан тыс сұраныстың қанағаттандырылуы аясында доллар-теңге бағамы төмендей бастады. Осылайша доллар бағамы 537,77 теңге болып, 2,25 теңгеге арзандады. Сауда көлемі де айтарлықтай өсті: 267,0 млн долларға жетіп, 104,9 млн долларға артты. Теңгені қолдап тұрған негізгі факторларға шетел валютасын тиімді бағаммен сату, Ұлттық Банктің қатаң ақша-несие саясаты, шетел валютасы таза сатылымының ұлғаюы, қысқа мерзімді курстық күтулердің жақсаруы, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілері мен экспорттаушылардың шетел валютасын сатуы жатады.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы мен елдегі көтерме баға динамикасы туралы деректер басты назарда тұр. Бүгін таңғы сауда-саттық кезінде доллар бағамы 534,86 теңге деңгейінде болды.

Ақша нарығы

TONIA мөлшерлемесі 15,83%-тен 15,84%-ке аздап өсті, ал SWAP мөлшерлемесі 11,48%-тен 11,49%-ке көтерілді. Сауда көлемі 472,7 млрд теңгеге жетіп, бір күнде 31,7 млрд теңгеге артты. Ұлттық Банктің депозиттік аукционына сұраныс 611,0 млрд теңгеге дейін азайып, бұл 16,5% жылдық мөлшерлеме бойынша қанағаттандырылды.
Ұлттық Банктің ашық операциялар бойынша жалпы позициясы 5,1 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Қор нарығы

Жұма күні KASE индексі 0,4%-ке төмендеп, 7 075,3 тармақ болды. Бұған БЦК акцияларының 2,6%-ке төмендеуі, ҚазМұнайГаз акцияларының 1,1%-ке арзандауы ықпал еткен. Инвесторлар жекелеген акцияларға басымдық берген, кең көлемді акцияларға сұраныс шектеулі болып отыр.

Мұнай нарығы

Жұма күні қара алтын бағасы 2,2%-ке төмендеп, барреліне 65,5 доллар болды. Себебі АҚШ-тағы жұмыссыздық бойынша есеп энергия ресурстарына сұраныс болжамын нашарлатып, ОПЕК+ ұйымының қазан айынан бастап мұнай өндіру көлемін ұлғайтуы туралы келісімі әсер етті. Нарықтағы орнын нығайтқысы келетін Сауд Арабиясы өндіріс көлемін біртіндеп арттыруды ұсынып отыр.  

Тәуекелді және қауіпсіз активтер

АҚШ-тағы қор индекстері 0,03%-дан 0,5%-ға дейін төмендеді. Бұған еңбек нарығының әлсіз деректері және экономикалық өсім қарқынына алаңдаушылық себеп. АҚШ-та жұмыссыздық бойынша есеп жарияланғаннан кейін және АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені азайтады деген болжамға байланысты кейбір қауіпсіз тәуекелсіз актив түрлеріне сұраныс артты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу