Теңіздегі жағдай жақсармай тұр

1829

Атырау облысындағы Теңіз кен орны жұқпалы дерттің ошағына айналып, көңілсіз статистиканы дүркін-дүркін "жаңартып" тұр.  

Теңіздегі жағдай жақсармай тұр Фото: sputniknews.kz

Бұған дейін бір күн ішінде 283, одан 86 науқас бірден анықталған жағдайлар болған. Бүгін де COVID-19 инфекциясының 142 жағдайы тіркелді. Осылайша, жедел штаб ақпаратына сәйкес, өңірде  коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 769 адамға жеткен.

Бүгін анықталған қызметкерлер түгелдей аталған кеніштегі мердігер мекемелерде жұмыс істейтіндер, олардың індет жұқтырғаны вахтаға кірісер алдындағы медициналық тексеру кезінде анықталған. Әзірге науқастардың 174-і жазылып шықты.

Аймақта қалыптасып отырған жағдай елдегі төтенше жағдай режимінің алынғанына қарамастан, мұнайлы өңірдегі карантин режимін қатаң ұстауға әкеп соқтыруда. Осы орайда, Теңіз кенішінде  230 орындық инфекциялық стационар ашылған. Қазіргі уақытта онда екі жүздің үстінде қызметкер емделіп жатыр. Стационарларда 25 медициналық қызметкер еңбек етуде.  Соған қарамастан, жедел штаб мәліметінше, ол жерге терапевт, инфекционист және және кіші медициналық қызметкерлерге қажеттілік туындап отыр екен. Айта кетейік, кен орнында бұдан бөлек,  80 орындық провизорлық стационар мен 610 орындық карантиндік стационар бар. Стационарларға бүгінде екі мыңнан астам науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар орналастырылған.

Сондай-ақ, "ПТШО"  вахталық  аумағында анализдерді жинаумен және өңдеумен үш зертхана: Ұлттық сараптама орталығының Атырау облысы бойынша филиалы, Олимп лабораториясы және Атырау обаға қарсы күрес станциясының мобильді зертханасы айналысып отыр.

"Теңізде барлығы жиырма вахталық поселке тексерілді, олардың он жетісінде дерт жұқтыру қаупі бары анықталды, кеніште 17 эпидемиолог  жұмыс істеп жатыр", – деп мәлімдеді Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Темірбек Мусағалиев.

Атырау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты бірнеше даму сценарийіне дайындық жоспарын жасақтап отыр. Оған сәйкес, 31 мамырға жасалған пессимистік болжам бойынша, өңірде оқшаулау режимі сақталған жағдайда көктемнің соңына дейін  коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны  сегіз жүз адамнан аспауы мүмкін, ал карантиндің режим бұзылған жағдайда қатерлі инфекцияға екі мыңнан аса адам шалдығуы ықтимал екен.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу