Теннис төрешілерін даярлау қарқынды жүріп жатыр

1280

Теннис әлемдік спорт болғандықтан да мұнда түрлі дау-дамайлар болады. Осындай тұста қара қылды қақ жарған әділ-қазылар бірінші рөлге шығады. 

Теннис төрешілерін даярлау қарқынды жүріп жатыр

Қазақстан теннис федерациясы теннисшілер даярлау ісіне ерекше ден қойғаны жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Әр жастағы балалар мен жеткіншектерге арналған бағдарламалар бар. Алайда, теннисші даярлау мәселесінен бөлек те сан түрлі бағыттар бар екенін ұмытпауымыз қажет. Соның бірі теннис төрешілерінің деңгейін арттыру болып отыр. Осы мақалада біз теннис төрешісі болудың қыр-сырын анықтаймыз. 

Теннистен сәл хабары бар адам Паскаль Мария, Джеймс Кеотовонг, Ева Аздераки секілді атақты төрешілердің қандай тұлғалар екенін жақсы біледі.  Қазақстанда әзірге мұндай танымал төрешілер жоқ, алайда жақын арада пайда болып қалуы ғажап емес. Оған алғышарттар жеткілікті. Осы күні Әлемнің әр түкпірінде өтіп жатқан жарыстарда төрешілік етіп жүрген отандастарымыз баршылық. Солардың бірі Меруерт Кәукенова.

"Теннис төрешісі болудың бір артықшылығы ел көресіз, жер көресіз. Мысалы мен бір айдың ішінде 3 құрлықта болған шақтарым кездесті. Кейде жарыстарға жиі шақыртылатыным рас. Сондықтан жарыстар кестесін дұрыстап жасау, дер кезінде шешім шығара білу, жол жүруден шаршамау секілді қасиеттер болғаны дұрыс. Сол арқылы үнемі өзімді дамыту барысында көп жұмыс істеп жүрмін", - дейді теннис төрешісі Меруерт Кәукенова.

Иә, елімізде төрешілерді оқыту жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Қазір теннис ойнамай-ақ бірден төреші болғысы келетіндер саны көп. Қазақстанда бір жылдың ішінде әртүрлі деңгейдің жарыстары өтеді. Олардың қатарында ATP Challenger секілді халықаралық, республикалық және облыстық турнирлер бар. Осы жарыстардың барлығына төрешілер керек. Мысалы теннис додаларында қапталдағы рефери, сызық бойын қарайтын қырағы қазылар мен жоғарыда отырып барлығын есепке алатын "чейа-ампайа" мен турнирдің бас төрешісі жұмыс істейді. Екі теннисшінің ойынын осылайша оншақты адам бақылап, төрелігін айтып отырады. 

Халықаралық деңгейдегі төрешілер елімізде көптеп шығу үшін Қазақстан теннис федерациясы көптеген қауымдастықтармен ынтымақтастық орнатты. Яғни еліміздегі Президент Кубогы секілді ірі жарыстарға келген төрешілер семинар өткізіп, жергілікті жастарға дәріс береді. Олар тәжірибиелерін арттырып, деңгейлерін көтеру арқылы Халықаралық төрешілер алқасынан күміс және алтын белгілерді алады. Деңгейлеріне сәйкес жаһандық жарыстарға бара алады. Қазақстан атынан "үлкен дулыға" санатындағы жарыстарда төрешілік етіп жүрген қазының бірі Меруерт Кәукенова.

"Төреші болғаннан соң өзіңіз жарыс ұйымдастырушыларына өтініш жібересіз. Сосын олар қарастырып Сізді қызмет етуге шақырады. Мен сол арқылы Уимблдон жарысында жұмыс істедім. Сосын "Роланд Гаррос" додасында төрешілік еттім. Қазақстан төрешілер абыройын арттыруға бар күш-жігерімді салып жүрмін. Бұл әлбетте мен үшін үлкен мақтаныш" дейді Меруерт.

Қазақстанда осы қазір Меруерт секілді халықаралық жарыстарда төрелік ететін 6 маман бар. Олар жыл 12 ай тоқтаусыз өтіп жататын жарыстарда еңбек етіп жүр. Ендігі мақсат еліміздегі осындай санаулы адамның санын арттыру болып отыр. Ол үшін Қазақстан теннис федерациясы қажырлы еңбек етіп жатыр. Төрешілер корпусында білім алып жатқан жастарды тәжірибие алмасуға шет елдерге жібереді. Олардың білімдерін жоғарылатып, халықаралық жарыстардың қалай болатынын көрсетеді. Мысалы соңғы 5 жыл ішінде қазақстандық төрешілер Аустралия, Қытай, Жапония, Корея, Вьетнам, Малайзия, Индия, Катар, БАӘ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Беларус, Англия, АҚШ, Мексика, Канада, Бразилия, Әзербайжан, Грузия, Грекия, Болгария елдерінде болды.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу