Қазақстандық теннисші, әлемнің 245-ракеткасы Дмитрий Попко Морелия (Мексика) челленджер турнирінде чемпион атанды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Отандасымыз финалда әлемнің 95-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы Джеймс Даквортпен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда Дакворт басымдық танытты – 6:1. Бұдан кейін Попко камбэк жасап, таразы басын аудара білді – 6:2, 6:4.
1 сағат 47 минутқа созылған финалдық матчта Д. Попко 8 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Дакворт 6 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, 28 жастағы қазақстандық теннисші спорттық жолында екінші челленджер додасының жеңімпазы атанды.
Д.Попко ATP жаңартылған рейтингісінде 175-орынға көтеріледі.